Шымкенттік жас кәсіпкерлерге 1%-бен несие берілмек

0
2 397

3 жылға арналған арнайы іс-қимыл жоспар нәтижесінде жеңілдетілген несиелер берілу іске асып жатыр.


Шымкенттік жас кәсіпкерлерге 1%-бен несие берілмек

ERNUR.KZ. Шымкентте жас кәсіпкерлерді қолдау үшін қала әкімдігі 1 пайызбен жеңілдетілген несие бермек. Сондай-ақ іскер азаматтарға бизнесті жүргізу үшін өндіріске қажетті дайын орындар жалға беріледі, деп жазады 24.kz.

Шаһарда сәуір айының орта тұсынан бастап жастар кәсіпкерлігін қолдау тетіктері іске асырыла бастайды. Ол үшін 3 жылға арналған арнайы іс-қимыл жоспары әзірленуде. М.Әуезов атындағы ОҚМУ де оқитын студент Рәт Ерубай алма ағашын зиянкестерден қорғайтын биопрепарат ойлап тауыпты. Болашақ жас ғалымның бұл жобасы «Алма бақ» деп аталады. Ол жеміс ағашын паразитті жәндіктерден қорғау үшін итсигек шөбін зерттеп, одан қажетті дәрілік затты жасауды қолға алған. Агрохимия және топырақтану мамандығында оқитын Рәт бұл ғылыми жетістігіне патент алмақ. «Биопрепаратқа бағбандардан сұраныс болса, кәсіпке айналдыруға болады», – дейді ауыл шаруашылығының маманы.

Рәт Ерубай, М.Әуезов атындағы ОҚМУ 4 курс студенті:

- Негізгі құрамы өсімдіктерден алынады. Малға азық ретінде пайдаланбай, далада қалып кеткен шөптерді алып, неге біз өзіміздің керегімізге пайдаланатын препарат ойлап таппасқа деп, осыны ойлап тауып, ғылыми зерттеу бойынша 3 жылдан аса зерттеу жүргізіп, өзім дәлелдеп шықтым. Бұл биопрепарат табиғи өнімдерден алынғандықтан адам денсаулығына зиянсыз.

Шымкент – әуелден жастардың қаласы. «Мегаполисте әсіресе шағын және орта бизнесті дамытуда мүмкіндік мол», – дейді жас кәсіпкер Тұран Әбжанов. 17 жасынан бастап кәсіпкерлікке ден қойған ол қазір шаһарда фитнес клуб пен мейрамхана бизнесін қатар алып келеді. Тұран Әлімханұлы қазірдің өзінде 100-ден аса адамға жұмыс беріп отыр. Табысты кәсіпкер бірнеше мамандық бойынша білім алыпты. Іскер азаматтың Жастар жылындағы жоспары да жетерлік.

Тұран Әбжанов, жас кәсіпкер:

- Кез келген бизнесті ашардан алдын кәсіпкер команда жинаймын. Яғни сіздің командаңыз мықты болса, сіз де дамисыз. Қытаймен бірге экспортқа жұмыс жасағымыз келеді. Және де өзіміздің Шымкент қаласынан бренд ұйымдастырып, басқа елге көрсетпекшіміз. «Еңбектің наны тәтті» дейді. Ерінбей жұмыс жасасаң, барлығына жетеді деген сенімдемін. Тұран өзі секілді іскерлікке бет бұрам деген замандастарына кәсіпті нақты түсініп, жан-жақты дайын болмай іс бастау құрдымға барар жол екіндігін айтады. «Әуелі бір кәсіпті меңгеріп, оған бизнес-жоспар қажет», – дейді кәсіпқой маман. Ал Шымшаһардың әкімдігі істің көзін тапқан жастарға 1 пайызбен 1жылға несиеге беруге дайын. Бұл мақсатта қаржы жергілікті әкімдіктің бюджетінен, «Даму» қорынан бөлінеді. Жобасын қорғаған жас қаржылай қолдауға ие болады.

Жандос Қалтаев, отбасы және жастар ісі басқармасының басшысы:

- Егер сіз жеке кәсібіңізді бастаймын деп, жалға алатын кеңсе қажет болатын болса, сізге 100 пайыз толық тегін қамтылады. Екінші жыл 50 пайыз, үшінші жыл 25 пайыз. Екінші нәрсе, егер сізге несие керек болатын болса, 1 пайыздық несие берілетін болады. Енді өз белсенділігімен, жобасымен келетін болса, оған 500 мың кепілсіз грант береміз деген жоспар бар. Жастар кәсіпкерлігін қолдау мұнымен шектелмейді. Шаһарда бизнеске арналған супермаркет ашылатын болады. Кәсіпкерлер, оның ішінде кәсібін жаңадан бастағандар қаржылық, кеңес беру, дайын бизнес жобаларға дейін қол жеткізе алатын болады.