Республикалық кәсіптік шеберлік чемпионатына жұмысшы мамандар қатысады.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Нұр-Сұлтан қаласында өтетін байқауда Шымкент қаласынан 23 жас бақ сынайды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Елордада өтетін сайыста Шымкент намысын қорғайтын жастарды Шымкент қаласы білім басқармасының өкілдері және кәсіптік-техникалық колледждердің оқытушылары сәттілік тілеп, шығарып салды.
Аталған чемпионат 11-15 қараша күндері елордада 14 облыс, 3 қаладан жиналған 400-ден астам студент арасында өтеді. Тиісінше, үміткерлер мейрамхана ісі, кондитер, шаштараз, желілік және жүйелік басқару, дәнекерлеу, сырлау сынды 38 аталым бойынша өзара мықтыны анықтайды. Ал жүзден жүйрік шыққандар халықаралық байқауда Қазақстан намысын қорғайтын болады.
Айта кетейік, бұл бастама ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберінде қолға алынған. Бұл байқау еңбек қоғамын құрып, жұмысшы мәртебесін арттыруды мақсат етеді.