Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен қала әкімі Мұрат Әйтенов өңірдегі білім беру жүйесін дамыту мен өзекті мәселелерді шешуді көздейтін бірлескен құжатқа қол қойды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Саланы дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған өңірлік жол картасы аясында мектепке дейінгі мекемелерде мемлекеттік тапсырыс көлемін 24 200 орынға дейін арттыру, 26 мектепке дейінгі мекемеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ балабақшалардың материалдық-техникалық базасын 100% жаңарту жоспарланып отыр.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 7000-нан астам педагогы біліктілігін арттыру курстарынан, 1500-ден аса маман қайта даярлаудан өтеді. Соңғы үш жылда қала аумағында 81 мектептің ашылуы үш ауысымды және орын тығыздығы бар мектептер санын азайтты. Жол картасы аясында тағы да 80 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. 38 мыңға жуық оқушыны қамтитын 25 мектеп «Жайлы мектеп» бағдарламасы шеңберінде салынады. Сонымен қатар 30 орта білім беру мекемесіне кешенді жаңарту жүргізіледі.
«Қаламызда демографиялық және миграциялық өсімдерге байланысты бала саны жыл сайын артып келеді. Осыны ескеріп, 2029 жылға дейін 80 мектептің құрылысын салуды жоспарлап отырмыз. Республикалық бюджетке тиісті ұсыныстар берілді», - деді қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Білім беру мекемелеріндегі балалар қауіпсіздігі де басты назарда. Қазір қаладағы барлық мемлекеттік білім беру нысандары бейнебақылау, дабыл түймелері, турникеттермен жабдықталған. Жол картасы аясында мектептерге қосымша 2,5 мың бейнебақылау жүйесін сатып алу жоспарланып отыр. Балабақшаларда тағы 7 мың бейнебақылау жүйесі орнатылады.
«Шымкентте білім саласының дамуына айрықша көңіл бөлінуде. Бұл бағыттағы кешенді жұмыстар Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыруға және өзекті мәселелерді шешуге септігін тигізеді. Шымкент мектептерінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті шаралардың барлығы да қамтылған», - деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Сондай-ақ, Ғани Бектайұлы қалада ғимараты ескірген мектептер мәселесін шешу мақсатында биылдан бастап іске қосылған реновация бағдарламасын оң бағалап, қолдау білдірді.
Айта кетейік, алдағы уақытта екі Оқушылар сарайы, үш Cауықтыру лагері және алты Өнер мектебі пайдалануға беріледі. Жергілікті мектептер жыл сайын оқушылардың білім алудағы жетістіктері бойынша мониторингке және «PISA-based Test for Schools» халықаралық зерттеуіне қатысады.