Аталған кездесудің мақсаты – жастардың бір-бірімен өзара байланысы мен қоғамдық іс-шараларға қатысуға қызығушылығын арттыру.
иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден
Шымкент қаласы Еңбекші ауданы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Терме – нақыл өсиет» тақырыбында талантты жастардың қатысуымен шығармашылық кездесу өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аталған кездесудің мақсаты – жастардың бір-бірімен өзара байланысы мен қоғамдық іс-шараларға қатысуға қызығушылығын арттыру.
Шығармашылық кездесу барысында талантты жастар қазақ салт-дәстүр өнерінде кеңінен қолданылып келе жатқан, лирикалық өлеңнің бір түрі – терменің шығу тарихын баяндап, бірнеше жыраулардың термелерін орындады.
Сондай-ақ, Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Политехникалық колледжінде «Отбасың — алтын діңгегің» атты жастар арасында кездесу өткізілді. Аталған кездесуге Әл-Фараби аудандық аналар кеңесінің төрайымы Тұрсынай Барлыбаева мен аналар тобының мүшелері Салима Бейсебаева, Разия Құлымбетова, Ләззат Сейдазимова, Райхан Нарымбаева, Жастар ресурстық орталығының психология бөлімінің басшысы Айгүл Шымтөреева және колледж студенттері қатысты.
– Кездесуді ерекше форматта ұйымдастырдық. Ақ жаулықты аналар ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерді, отбасы құндылығын, отбасындағы еркек пен әйелдің рөлін сахналық көрсетілімдермен ұғындырды. Қазіргі таңда жас отбасылар арасында ажырасу жағдайы жиі кездеседі. Бұл мәселені шешу үшін әрбір отбасындағы ерлі-зайыптылар бір-біріне түсіністікпен қарап, бір-бірін сыйлай білу керек. Бүгінде отбасындағы ер адамға қарағанда әйелдің рөлі басымырақ. Қандай жағдай болмасын, қай кезде де еркек адам әйелден бір саты жоғары тұрады. Сол кезде отбасында ата-ана, балалары да әрқашан тату-тәтті өмір сүреді. Жастармен бірлесе дайындаған сахналық көріністе осы ойлардың бәрі айтылады. Мұның өзі жастарға ой салып, тәлім-тәрбие береді деген ойдамын, - деді Айгүл Шымтөреева.