ТҮРКІСТАН: Ауылдасын қамшымен сабады деген азамат ақталып шықты

0
2 385

Ауылдасына жарақат салып, денсаулығына орта дәрежелі зиян келтірген деп айыпталған.


ТҮРКІСТАН: Ауылдасын қамшымен сабады деген азамат ақталып шықты

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысы Келес ауданында ауылдасын қамшымен сабап тастағаны үшін заң алдында жауапкершілікке тартылған сотталушы ақталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Сот қарауы кезінде сотталушыға тағылған айып өз дәлелін таппаған. Келес аудандық сотының судьясы С.Кенесованың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы ҚК-нің 107-бабы 1-бөлігімен, яғни "денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру" бабымен айыпталған Т-ға қатысты қылмыстық іс қаралып, аяқталды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары сотталушы Т-ға қамшының сабымен жәбірленуші Б-ның қолынан ұрып-соғып, алақан сүйегінің орта бөлігінен жабық сынығы, яғни жарақатын салып, денсаулығына қасақана орта дәрежелі зиян келтірген деп айыптаған. Яғни, ҚР ҚК-нің 107-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасады деген айыппен іс материалдарын сотқа өткізген.

Сот тергеуі кезінде іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді жан-жақты және обьективті түрде талдап, оларды бір-бірімен салыстырып, айыпталушы Т-ның қылмысы дәлелденбеуіне байланысты сотталушыны кінәсіз деп танып, ақтады.

Бұл ақтау үкімімен келіспеген жәбірленуші апелляциялық шағым келтіріп, мемлекеттік айыптаушы өтініш хат берген көрінеді. Алайда апелляциялық алқаның қаулысымен ақтау үкімі өзгеріссіз қалдырылып, жәбірленуші мен прокурордың хаты қанағаттандырусыз қалдырылған.
Айта кетейік, үкім заңды күшіне енген.