Жергілікті билік «SCAT» компаниясының қаражаты есебінен жаңа терминал салу жөнінде келісімге қол жеткізген
Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Шымкент қаласы әкімдігінің активімен кездесіп, қала басшысы Ғабидолла Әбдірахымовтың «Шымкент қаласын дамыту мәселелері» жөніндегі баяндамасын талқылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Өз кезегінде Үкіметбасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қысқа мерзім ішінде облыс орталығынан еншісін алған Шымкент қаласының алдағы даму жоспарына сәттілік тіледі. Жиында үшінші мегаполистің қысқа мерзімде жоспарланған бірқатар ірі жобалары таныстырылды.
Елбасымыз 19 маусымда Шымкент қаласына республикалық мәртебе беру бойынша Жарлыққа қол қою рәсімінде, Шымкент біздің елдің ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінің инвестициялар, технологиялар және интеллектуалды ресурстар тартатын жаңа орталығына айналдыруды тапсырды. Осыған орай, назарларыңызға қаламызда алдағы уақытта жүзеге асырылуы тиіс бірнеше ірі жобаларды ұсынып отырмыз. Оның алғашқысы Шымкенттегі әуежай, вокзал, аотобекеттерді жаңарту, заман талабына сай жаңа технологиялармен жабдықтау болып табылады, - деді қала әкімі өз сөзінде.
Тарқатып айтар болсақ, жергілікті билік «SCAT» компаниясының қаражаты есебінен жаңа терминал салу жөнінде келісімге қол жеткізген. Сонымен қатар, Үкіметке қаланың теміржол вокзалын қайта құру бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы ұсынылды. Ал, үшіншісі кезекте көлік инфрақұрылымын дамыту үшін Алматы-Ташкент А-2 айналма жолы бағыты, Қонаев даңғылының жалғасын салу, шаһардағы автобус паркін жаңарту бойынша бірқатар жобалар айтылды.
Қаланы энергиямен қамтамасыз ету және сапалы тұрғын үйлер тұрғызу мақсатында республикалық бюджеттен қаржылай қолдау керектігін айтқан шаһар басшысы «Бозарық» подстанциясының құрылысы аяқталса, қалалықтардың энергия көздеріне деген мұқтаждығы азаятындығын тілге тиек етті.
Үкімет басшысы мен Үкімет мүшелері және қала активі қатысқан кеңесте абаттандыру, қала құрылысы, индустриялды аймақтар, құқық қорғау және құтқару органдарының жұмысы туралы бірқатар ұсыныстар айтылды. Аталған мәселелер бойынша тиісті министрлік өкілдері өз ойларын ортаға салды.
Жиын соңында «Шымкенттің халқы еңбекқор, саудаға бейім келеді. Сондықтан бірінші кезекте шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысып отырған азаматтарға қолдау көрсету керек. Халық бай болса, ел қазынасына құйылатын салық түсімдері де мол болады», деді ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев.
Сондай-ақ, Шымкент әкімдігінің активін Елбасымыздың, Үкіметтің барлық тапсырмаларын бірлесіп орындауға шақырды.