ҰЛТ РУХЫН ҰЛЫҚТАҒАН ОЙЫН: шымкенттік оқушылар арасында тоғызқұмалақтан жарыс өтті

0
25

Тоғызқұмалақ — қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан зияткерлік мұрасы. Бұл ойын — халық даналығының, есепке жүйріктігі мен сабырлы мінездің жарқын көрінісі. Ойын барысында оқушылар тек логикалық есептеуге ғана емес, шыдамдылық пен ой стратегиясын құруға да машықтанады. Бұл дағдылар жасөспірімдердің оқуы мен өмірлік шешімдер қабылдауы үшін өте маңызды.


ҰЛТ РУХЫН ҰЛЫҚТАҒАН ОЙЫН: шымкенттік оқушылар арасында тоғызқұмалақтан жарыс өтті

«AMANAT» партиясының Абай аудандық филиалына қарасты «Қайнарбұлақ» бастауыш партия ұйымы «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында мектеп оқушылары арасында тоғызқұмалақтан жарыс ұйымдастырды.

Іс-шараға «AMANAT» партиясы Абай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Әбдез Иманқұлов қатысып, жарысқа қатысушы оқушыларға сәттілік тіледі. Бұл бастама ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға және жас буынды отансүйгіштікке баулуға бағытталған.

Сайыстың негізгі мақсаты – ұлттық зияткерлік ойындарды дәріптеу, оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамыту және олардың бойында ұлттық рух пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру болды.

Тоғызқұмалақ — қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан зияткерлік мұрасы. Бұл ойын — халық даналығының, есепке жүйріктігі мен сабырлы мінездің жарқын көрінісі. Ойын барысында оқушылар тек логикалық есептеуге ғана емес, шыдамдылық пен ой стратегиясын құруға да машықтанады. Бұл дағдылар жасөспірімдердің оқуы мен өмірлік шешімдер қабылдауы үшін өте маңызды.

Жарысқа мектептің белсенді оқушылары қатысып, бір-бірімен тартысты ойын көрсетті. Әрбір қатысушы жоғары деңгейде дайындық танытып, зияткерлік қабілетін шыңдады. Оқушылардың ойынға деген қызығушылығы мен дайындығы жобаның мақсатына жеткенін айқындады.

Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер «AMANAT» партиясы Абай аудандық филиалының атынан Алғыс хаттармен және арнайы сыйлықтармен салтанатты түрде марапатталды.

Шара барысында қатысушылар ұлттық ойындардың тәрбиелік мәнін ерекше атап өтіп, мұндай жобалардың жастардың рухани және мәдени дамуына зор ықпал ететінін жеткізді. Мектеп ұжымы мен бастауыш партия ұйымының мүшелері осындай дәстүрлі шараларды тұрақты түрде өткізуге ниетті екендіктерін білдірді.

«Ұлттық мұра» партиялық жобасы – ұлт құндылығын ұлықтап, оны жаңа ұрпақтың санасына сіңіруді мақсат еткен стратегиялық бастама.

«AMANAT» партиясы ұлттық мәдениетті, тарих пен салт-дәстүрді дәріптеу арқылы жас буынды отансүйгіштікке, жауапкершілікке және зияткерлік дамуға баулуға әрдайым басымдық береді. Тоғызқұмалақ ойыны – осы бағыттағы ең тиімді құралдардың бірі.

Бөлісу