2022 жылы қала жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 67,4% пайызды құрады.
Соңғы жылдары елімізде жолдардың құрылысы қарқын алып, оның сапасын арттыру мәселесі де шешімін тауып келеді. Үкімет жол сапасын жақсарту мақсатында түрлі стратегиялық жоспарлар жасауда.
Соның бірі 2021 жылы басталған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы. Бірнеше министрлік біріге жасаған жоба 2021-2025 жылдар аралығында іске асырылады.
Ұлттық жобаның мақсаты - халықтың базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізуін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды, көліктік-байланыстылықты жақсарту және елдің транзиттік әлеуетін, сондай-ақ халықтың ұтқырлығын арттыру. Ұлттық жоба базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізу және көліктік байланыстылықты қамтамасыз ету бойынша жүзеге асырылады.
Ұлттық жоба аясында еліміздегі сапалы жолдардың үлесін арттыру көзделген. Аталған жоба басталғалы өңірлердегі біршама түйіткілді мәселелер шешімін тапты десек артық айтпаған болар едік. Атап айтар болсақ, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы негізінде Шымкент қаласы бойынша 2022 жылы 11 нысанда жол құрылыс жұмыстары жүргізілді. Олар:
- Рысқұлов-Қонаев көшелерінің қиылысында көлік айырығын салу;
- Д. Қонаев даңғылының жалғасы;
- Шымкент қаласының бас жоспарына сәйкес, Қонаев көшесінің көлік айрықтарымен бірге Дамбовая көшесінен А-2 жолына дейінгі жалғасын салу;
- А-2 автомобиль жолын реконструкциялау ІІ кезең;
- А-2 автомобиль жолын реконструкциялау IV кезең;
- Бәйдібек би-Арғынбеков-Назарбеков-Астана көшелерінің қиылысындағы жолайрық құрылысының 1-кезеңі;
- Оңтүстік айналма жол салу;
- Шымкент қаласының шығыс айналма жолының I кезеңі;
- Өтегенов көшесінің жалғасын салу;
- А-2 автомобиль жолын реконструкциялау VII кезеңі;
- Өтегенов көшесінің жалғасын салу (екінші кезеңі).
Ұлттық жобаның екінші бағыты ішкі көлік желісін дамыту мен аумақтардың сыртқы байланыстылығын арттыруға бағытталған.
«Ішкі көлік желісін дамыту республикалық маңызы бар 11 мың шақырым жолды және 27 мың шақырым жергілікті жолды салу мен реконструкциялау есебінен қамтамасыз етілетін болады. Бұл жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар жолдардың үлесін 100 пайызға дейін және жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін 95%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Ұлттық жоба «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламаларын қамтиды. Оның ішінде ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталған «Ауыл – Ел бесігі» жобасы да бар», - делінген жобаның төлқұжатында.
Аталған бағыт бойынша Шымкент қаласында да бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде 2022 жылы қала жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 67,4 пайызды құрады. Ал, биыл бұл көрсеткішті 71,2 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы негізгі 2 бағытта жұмыс істейді.
Басқарма мәліметінше, өткен жылы автомобиль жолдары саласы бойынша 160-қа жуық нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде үш нысан құрылыс және қайта жаңартудан, 152 нысан орташа жөндеуден өткен. Ал, 19,3 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар, 122,7 шақырым топырақ көшелерге шағал тас төселді.
«Өткен жылы 12,2 шақырымды құрайтын 3 нысан бойынша құрылыс және қайта құру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Самал 1,2,3 шағын ауданының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарын дамыту мен Рысқұлов-Қонаев қиылысындағы көлік айрығы және жолаушылар өткелін салу», - деді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының дерегінше, өткен жылы ұзындығы 19,3 шақырымды құрайтын 3 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Олардың қатарында Ақжайық, Тассай, Азат, Нұртас шағын аудандарының көшелері мен Қошқар ата өзені арқылы өтетін екі көпір бар. Сонымен қоса, 2023 жылы Бадам өзені арқылы өтетін Интернациональный көшесінің бойындағы көпірдің құрылысын бастап, пайдалануға беру жоспарлануда.
Орташа жөндеу жұмыстарына келер болсақ, қаланың 256,3 шақырымды құрайтын магистралды көшелері мен ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 300-ге жуық көше жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Оның ішінде Республика, Рысқұлов, Иляев, Тәшенов, Ақназар хан, К.Цеткин, Жолан батыр, Мангелдин және Тоқаев көшелері бар. Ал, 2023 жылы 201,7 шақырымды құрайтын 253 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Үшінші мегаполисте шағал тас төсеу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Атап айтар болсақ, өткен жылы Қаратау ауданына 35,6, Еңбекші ауданында 22,5, Абай ауданына 30,2, Әл-Фараби ауданына 24,6, шақырым жолға шағал тас төселді. Шағал тас төселген жолдардың жалпы ұзындығы 122,7 шақырым құрайды.
Басқарма таратқан ақпаратқа сәйкес, биыл 66,4 шақырым жолға шағал тас төселеді. Соның ішінде Әл-Фараби ауданы және Абай ауданы аумағындағы көшелерге жалпы 33 шақырым, Қаратау ауданы мен Еңбекші ауданындағы көшелерге 33,4 шақырым жолға шағал тас төсеу жоспарлануда.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ұсынған мәліметтерге сүйенсек, Шымкентте ұлттық жоба басталғалы жолдардың сапасы едәуір артқан.
Дегенмен бұл қаладағы жол мәселесі толық шешілді дегенге келмес. Басқарма мамандарының айтуынша, қала көшелерінде 9500 м2 көлемінде жөндеуді қажет ететін кемшіліктер анықталған. Осы ретте автомобиль жолдарын күтіп ұстау, шұңқырларды жамау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстарға жалпы 12 бригада жұмылдырылған.
Ендігі кезекте, Шымкентте дәл қазіргі уақытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсақ. Бүгінде Шымкентте 5 аудан бойынша жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қала аумағындағы көлік қарқыны жоғары орталық Қонаев даңғылы, Тәуке хан даңғылы, Аймауытов көшесі, Жібек жолы, Сайрам көшелері, Темірлан тас жолы және Желтоқсан, Бөгет көшелер жолының бірқатар бөліктерінде жол жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қоса, Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысындағы үш деңгейлі жолайрықтың құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жобаға сәйкес, жолайрық үш деңгейлі деп жоспарланған. Төменгі деңгейде Арғынбеков көшесі, жоғарғы деңгейде Бәйдібек би даңғылы, ортаңғы деңгейде оң жақ бұрылыстар мен сақиналы жол орналасатын болады. Бұл жұмыстарды аяқтау 2023 жылдың соңына жоспарланған.
Айта кететін жайт, жөндеу жұмыстарына қажетті асфальт жақында іске қосылған “Бозарық АБЗ” ЖШС зауытында әзірленуде.
Қазіргі таңда, құрылыс нысанына 62 техника жұмылдырылып, 210-нан астам құрылысшы 2 ауысыммен жұмыс істейді. Барлық жұмыс процессі мемлекеттік құрылыс нормаларына сәйкес жүзеге асырылуда.
«Жобаның техникалық сипаттамасына сәйкес, Бәйдібек би даңғылы бойынан 700 метр, Арғынбеков көшесі бойынан 921 метр жол аралығы құрылыс аумағына енгізілген. Жолайрық магистралының ені 80 метрден 4-6 жолақты құрайды. Жолайрық құрылысы аталған көшелердегі көлік өткізгіштік қабілетін арттырады. Мысалы, 2016 жылы жасалынған өлшеулерге сәйкес, аталған қиылыстағы Бәйдібек би даңғылы арқылы қозғалу жиілігі тәулігіне 24,3 мың авто, 2019 жылы 33,4 мың автокөлікке көбейген. Арғынбеков көшесінде тәулігіне 22,6 мың авто, 2019 жылы 31,9 мыңға артқан. Ал, жолайрық құрылысын пайдалануға берген жағдайда екі есеге дейін, яғни Бәйдібек би даңғылы арқылы қозғалыс жиілігі 60 мың авто/тәулікке, Арғынбеков көшесі арқылы 55,6 мың авто/тәулікке көбеймек», - деді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының баспасөз қызметі.
Шымкент қаласында 2022 жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы негізінде 10-нан астам нысанда жол құрылыс жұмыстары жүргізілген. Ал, биыл ұлттық жоба аясында 7 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Олар:
- Шымкент қаласында Д. Қонаев даңғылының жалғасын салу 2 кезеңі;
- Шымкент қаласында Д. Қонаев даңғылының жалғасын салу 3 кезеңі;
- Шымкент қаласында Д. Қонаев даңғылының жалғасын салу 5 кезеңі;
- «А-2 автомобиль жолын реконструкциялау VІІ кезең»;
- «А-2 автомобиль жолын реконструкциялау VІІІ кезең»,
- Бәйдібек би-Арғынбеков-Назарбеков-Астана көшелерінің қиылысындағы жол айрығының құрылысы 1-кезеңі;
- Оңтүстік айналма жолын салу.
Жалпы алғанда, ұлттық жобаның басталғанына көп уақыт болмаса да, жол мәселесіне қатысты біршама мәселе өз шешімін тапты. Жоба аясында қаладағы тозығы жеткен жолдар жөнделіп, сапалы жолдардың үлесі артты.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін кепілдендірілген трансферт есебінен Төлеметов көшесінен Шымкент сити ықшамауданына дейін ұзындығы 2,3 км Өтегенов көшесінің жалғасының бірінші кезеңі салынады. «А-2 «Қоргас - Алматы - Шымкент - Өзбекстан Республикасының шекарасы 674-705 +621 км автомобиль жолының «Темірлан тас жолынан Бадам өзені арқылы өтетін көпірге дейінгі учаскесі реконструкцияланады», - деді сала мамандары
Қорытындылай келе, Шымкент қаласында ұлттық жоба аясында 2022 жылы автомобиль жолдары саласында 160-қа жуық нысан жөнделді. Ал, биылғы жоспарға сәйкес, 40,6 шақырымды құрайтын 174 нысанда жол құрылыс жұмыстары жүргізіледі.