Шымкентте қазіргі таңда 20 ардагер тұрады.
Ұлы Жеңіске 76 жыл толды. Соғыс майданында жаумен арпалысып, келешек ұрпақ үшін өмірін қиған ата-бабаларымыздың ерлігі ұмытылмақ емес.
Бүгінгі бейбіт өміріміз үшін сұрапыл соғыста жанқияр ерлік көрсеткен ардагерлеріміздің қатары уақыт өткен сайын сиреп барады. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінен Шымкентте қазіргі таңда 20-сы ғана бар.
Сол санаулы ғана батырларымыздың бірі ел басына күн туған шақта небәрі 21 жасында майдан даласына аттанған Әбдінұров Сәрсен Әбдінұрұлы.
Әбдінұров Сәрсен 1922 жылдың 22 желтоқсанында қазіргі Түркістан облысы, Түлкібас ауданының Кемербастау ауылында дүниеге келген. Соғыс басталған жылдары отбасындағы он баланың ішінен Сәрсен мен ағасы Оңғарбай екеуі майдан даласына аттанады. Соғыс алаңындағы шайқастардың бірінде хабар-ошарсыз кеткен ағасы қан майданнан оралмаған.
21 жастағы Сәрсен 368-ші және 823-ші атқыштар полкінің құрамында соғысады. 1944 жылдың қаңтарынан бастап, бірінші Украина майданының құрамында шайқасқан Сәрсен Әбдінұров Ұлы Жеңісті 1945 жылдың мамырында Берлинде қарсы алды. Соғыс аяқталған соң, Германиядағы Кеңес армиясының қатарында әскери қызметін жалғастырып, туған жеріне 1947 жылы ғана оралған.
Елге оралған соң, өзінің туып-өскен ауылы Кемербастауда пошта бөлімшесінің бастығы, кейін Түлкібас ауданының мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.
1951 жылы Алматы қаласындағы Қазақ КСР-і Әділет министрлігінің Жоғары құқық мектебіне оқуға түскен. 1953 жылы аталған мектептің толық курсын тәмамдап, заңгер мамандығын алған соң, Қазақ КСР-інің Мәдениет министрі орынбасарының көмекшісі, Алматы облысында аудандық мәдениет бөлімнің меңгерушісі болып қызмет еткен.
Кейінірек өзі қатысқан қанды қырғынның тарихын жүйелі түрде зерделеу қажеттілігі оны 1955 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне жетеледі. 1961 жылы аталған оқу орнының тарих факультетін сырттай оқып бітірген.
1957 жылы Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасарының көмекшісі, кейін Шымкент қалалық атқару комитетінде бөлім меңгерушісі қызметін атқарған. 1961-1971 жылдар аралығында Шымкент облыстық атқару комитетінің ішкі істер басқармасында бірқатар жауапты қызметте болған.
"Менің әкем өте керемет адам. Ешкімге жамандық ойламайды, өте көңілді жан. Барлық бала-шағасын оқытқан, өзі де сондай білімді. Әкем бізге бақытты балалық шақ сыйлады. Әр сенбі сайын бізді саябаққа апаратын, көп ойыншықтар әперетін. Көп уақытын отбасына арнайтын, мүлде дауыс көтеріп сөйлемейді. Анам екеуі бір-бірін қатты сыйлайтын еді", - дейді қызы Әбдінұрова Гулбағила марқұм анасын да еске ала отырып.
Сәрсен атамыз 1948 жылы Жұмагүл Шөкейқызымен шаңырақ көтерген. Бойынан қазақ әйеліне тән ізгі қасиеттердің барлығы табылатын асыл жарымен 68 жыл отандасқан. Олардың екі ұлы, үш қызы бар. Перзенттерінің бәрі жоғары білімді. 68 жыл бойы өмірдің ащы-тұщысын бірге көрген жары 2016 жылы өмірден өтіпті.
Сәрсен Әбдінұрұлы майдандағы ерлігі үшін, II дәрежелі «Отан соғысы»орденімен, «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен, Кеңес Одағының маршалы Г. Жуковтың медалімен, «Еңбек ардагері» медалімен, Ұлы Жеңіске арналған мерекелік медальдармен, Құрмет грамоталармен марапатталған.
Туыстарының айтуынша, Сәрсен ата өте жомарт кісі екен.
"Жас кезінде Сәрсен атамыз жүрген жерінде бәрінің көңіл-күйін көтеріп, жан-жағына шуақ шашып жүретін еді. Барлығына көмектесуге дайын тұрады. Атамыздың бір рет қабақ шытып, ашуланғанын көрмеппіз", - деседі олар.
Сәрсен ата қазіргі таңда Шымкент қаласында ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде. Атамыз 22 желтоқсан күні 99 жасқа толады.
Отан үшін отқа түскен Сәрсен атамыздың өнегелі өмірі еліміздің әрбір азаматына үлгі. Батыр атамызға мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілейміз.
Әңгімелескен: Сәрсенбай Ұлбосын