Соққыға жығылған азамат Шымкент қаласындағы "Колос" аялдамасынан таксиге мінген.
фото: ашық дереккөзден
Шымкентте үш сыныптас жігіт шет елдік азаматты ұрып-соғып тонап кетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Шымкент қаласындағы "Колос" аялдамасынан такси тоқтатып көрші елдің азаматы Сарыағаш ауданындағы шекараға дейін жетіп алмақ болған. Таксисттің "Ауди" көлігінде тағы екі жолаушы болған. Шет елдік үшінші жолаушы боп көлікке отырып, жолға шығады. Алайда Қазығұрт ауданына жетпестен жүргізуші көлікті басқа жаққа қарай бұрып жібереді. Ештеңеден күмәнданбай бейқам отырған шет елдік жолаушыны таксист сыбайластарымен бірге ұрып-соғып, қол сөмкесі мен 300 мың теңгесін тартып алған. Осылайша еразаматты дымсыз егістік алқабына тастап кетіп, оқиға орын алған жерден бірден іздерін суытқан.
"Аталған жайт, Қазығұрт АПБ-не ҚР ҚК-нің 191-бабы «Тонау» бойынша СДТБТ-не тіркелді. Сақшылар қылмысты дер кезінде ашу мақсатында және шетел азаматының үйіне оралуына көмектесу үшін, Түркістан облысы Криминалдық полиция қызметкерлері мен ЖПҚ учаскелік полиция инспекторларының арасынан тергеп-тексеру тобын құрды. Тәжірибелі мамандар ауданнан шығар аймақтарды, жәбірленушінің жүрген жолы мен мінген көлік аймағын тыңғылықты тексеріп, жүргізушілерден сұрастырып, куәгерлерден сұрақ-жауаптар алу секілді қажетті шаралардың барлығын атқарды,"- деп хабарлайды Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Нәтижесінде, жедел құрылған тергеп-тексеру тобы күдіктілердің түр-тұлғасын анықтап, олардың жұмыссыз жүрген 3 жергілікті тұрғын, сыныптас азаматтар екендігін анықтады. Ұсталғандардың бірі бұрын қарақшылық бойынша сотты болған екен. Сақшылар күдіктілерді тұрғылықты мекен-жай бойынша ұстайды. Олар ұрланған ақшаны жаратып үлгермеген.
Ұсталған азаматтар қамауда. Сотқа дейінгі тексеру амалдары жүргізілуде. Ал, өз кезегінде жолаушы ретінде туған жеріне кетіп бара жатқан шетел азаматы аяқ астынан келеңсіз оқиғаға тап болып, алайда тәжірибелі мамандардың арқасында қайта Отанына қарай жол тартатынына қуанып, полицейлерге дән ризашылығын білдірді.