6 айда қала экономикасына түскен табыс көлемі 9,5 млрд теңгеге жеткен.
Шымкент қаласының туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Е.Қыдыров 9 айда атқарылған жұмыстарды баяндады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
2021 жылдың бірінші жартыжылдығында қалаға келуші туристер саны 158 224 адамға жетіп, 2 есеге артқан. Бұл көрсеткіш былтыр бірінші жартыжылдықта 69945-ті құраған болатын. Сәйкесінше, 6 айда қала экономикасына түскен табыс көлемі 9,5 млрд теңгеге жеткен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 2 есеге арттыру көзделіп, келген туристер санын 315 381 адамға жеткізу қарастырылған. Нәтижесінде, қала экономикасына 19 млрд. қаржы түседі деп күтілуде. Ал, жалпы бюджеттен бөлінген 1 теңгенің қайтарылымы 62 теңгені құрап отыр.
Басқарма басшысы есептік кезеңде негізгі 4 бағытта жүзеге асқан жұмыстардан хабардар етті. Маркетингтік ілгерілету бағытында қаланың көрікті жерлерімен таныстыру мақсатында «Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталығы құрылды. Орталықтың негізгі мақсаты – «бір терезе» қағидасы бойынша қала тұрғындары мен қонақтарына ақпараттық-консультациялық көмек көрсету. Жалпы, орталық тарапынан 115 тегін экскурсия ұйымдастырылып, 11 мыңға жуық туристке қызмет көрсетілді.
Туристерді ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында VISIT-SHYMKENT.KZ туристік порталы мен мобильді қосымшасы іске қосылды. Онлайн платформалардың пандемия кезінде, сондай-ақ, заман талабына сай танымалдығы артып, қоғамда маңыздылығы өсіп келе жатқанын ескерсек, портал мен мобильді қосымша туристер үшін таптырмас құрал болып есептеледі. Қазіргі таңда туристік ақпараттық жүйеге қала аумағындағы 700-ден аса туристік сала өкілдері мен нысандары енгізіліп, портал арқылы әр түрлі мәдени нысандарға 38 414 билет сатып алынды.