Шымкент еліміздегі автокөлік саны бойынша алдыңғы қатарда келеді.
Кез келген елдімекеннің дамуында инфрақұрылымның, оның ішінде жолдың сапасы аса маңызды рөл атқарады. 2018 жылы республикалық дәрежеге ие болған Шымкент қаласында да жол-көлік саласын дамытуға баса назар аударылып келеді.
Ресми статистикаға сенсек, Шымкент еліміздегі автокөлік саны бойынша алдыңғы қатарда келеді. Қаладағы жолдардың жалпы ұзындығы 3300 шақырымға жуықтайды, соның ішінде асфальт жол 2300 шақырымнан асады. Ал шағал тас төселген жолдардың ұзындығы – 832 шақырым. Соңғы 5 жылда 900 шақырымнан астам асфальт жол жөнделді.
Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өкілдерінің мәліметінше, қаладағы жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары 2021-2025 жылдарға арналған жұмыс жоспарына сай атқарылуда. Тиісті мақсатта қаралған қаржы көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 5 есеге артып отыр.
– Өткен жылы құрылыс және қайта құру бойынша бағыты бойынша 8 нысан пайдалануға тапсырылса, биылғы жоспарда жалпы ұзындығы 160 шақырым болатын 47 нысанда тиісті жұмыс атқарылуда. Оның ішінде құрылыс және қайта жаңғырту – 17 нысан, күрделі жөндеу – 2 және орташа жөндеу 29 нысанды қамтиды. Жылдың соңында жалпы ұзындығы 113 шақырымнан асатын 35 жолды пайдалануға беру жоспарлануда. Құрылыстың сапасы – басты талап. Осы орайда «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» республикалық кәсіпорнының Шымкент қалалық филиалымен бірге жұмыс атқарылуда. Тиісті мамандар жолдың сапасына ұдайы бақылау жүргізеді, – деді Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов.
Басқарма басшысының мәліметінше, 2023 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қала аумағындағы жақсы және қанағатттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 71,2 пайызға жетті.
Былтыр қаланың орталық бөліктеріндегі ірі жолайрықтары қолданысқа берілді. Нақты айтқанда, Бәйдібек би – Арғынбеков көшелерінің қиылысындағы 3 деңгейлі жолайрықтың құрылысы аяқталып, барлық бағыттағы көлік қозғалысы ашылды. Жолайрықтың екінші деңгейінде тұрғындарға арналған арнайы гүлзар салынды.
Бұл – мегаполисте кептелісті азайтып, көліктерге қолайлы жағдай жасаудағы маңызды жоба. Жоспарға сәйкес, жолайрық үш деңгейлі болып салынып, төменгі деңгейде – Арғынбеков көшесі, жоғары деңгейде – Бәйдібек би даңғылы, ортаңғы деңгейде оң жақ бұрылыстар мен айналма жол орналасқан.
Сонымен қатар, қалада 2023 жылы құрылысы жүргізілген ірі жол-көлік инфрақұрылымының бірі – «Оңтүстік» айналма жолы. Жалпы ұзындығы 16 шақырым жолдың құрылысы аяқталып қалды. Бұл нысан – Ташкент бағытындағы республикалық маңызы бар жолдан Ленгір тасжолына қосылатын негізгі жол. Жоба негізінен транзиттік көліктер, жеңіл көліктерге қаланың ішіне кірмей, солтүстік және шығыс бағытқа өтуіне мүмкіндік жасау мақсатында жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, мегаполис көшелеріндегі және қала маңындағы кептелісті азайтып, экологиялық жағдайды жақсартады. Оған қоса, жол бойында орналасқан елдімекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді деп күтілуде.
– Шымкенттегі ірі жол артериясының бірі – Қонаев даңғылының жалғасы қаланың оңтүстік бағытына қарай, Республика даңғылына балама ретінде салынуда. Қазіргі таңда І, ІІІ және IV кезең жұмыстары аяқталып, ІІ, V және VI кезеңнің құрылысы жүруде. Тиісті жұмыстар 2024 жылдың соңына дейін аяқталады деген жоспар бар. Қонаев даңғылын ұзартудың ІІ кезеңі ескі қалашық аумағын қамтиды. Нәтижесінде Қонаев даңғылы «Оңтүстік» айналма жолына қосылады, – деді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов.
Жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жол құрылысында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Мердігер мекемелерге құрылысты сапалы әрі жоспарға сай аяқтауды тапсырды. Әкімнің тапсырмасына сәйкес «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» республикалық кәсіпорнының мамандары құрылыс, күрделі жөндеу жұмыстарына айына 2 рет сараптама жасайды.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан 2023 жылы мердігер және техникалық қадағалаушы мекемелеріне шара көру туралы қалалық орта сапаны бақылау басқармасына 28 хат жолданған. Сонымен қатар, келісім-шарт талаптарын орындамаған 22 мекемеге 3 млн 141 мың айыппұл салынған.
Қала әкімінің ірі жол құрылыс нысандарын аралау барысында айтылған ескертпелері, басқарма тарапынан зерделеу жұмыстарына сәйкес анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары тұрақты іске асырылады. Мысалы, Қонаев даңғылы жалғасының құрылысында жобада қаралған монолит-бетон тірек қабырғаның беріктік өлшемі бойынша сәйкес келмейтіні анықталып, қайта демонтаждалған. Сонымен қатар 600 метр аяқжол бұзылып, қайта салынды.
«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» республикалық кәсіпорнының Шымкент қалалық филиалының басшысы Мұхтар Дүйсембековтің айтуынша, жалпы күрделі жөндеуде, құрылыста ақаулар онша көп емес. Негізгі мәселелер орташа жөндеуге қатысты туындайтын көрінеді. Мамандар төселген асфальт қабатының нығыздығы мен сапасын тексереді. Нәтиже де жоқ емес. Мысалы, осыдан 4 жыл бұрын қаладағы жол құрылысында жылына мыңнан астам ақау анықталса, соңғы 2 жылда бұл көрсеткіш 4 есеге кеміген.
Тек ірі магистральдар ғана емес, қаладағы шағынаудандар мен тұрғын алаптапды қосатын жолдардың сапасы да назардан түскен емес. Атап айтқанда Өтегенов көшесінің Шымкент сити шағынауданынан Сырым батыр көшесіне дейінгі бөлігінің құрылысы аяқталып қалды. Бұл бөліктің жалпы ұзындығы – 970 метр, ені 28 метрді құрайды. Төрт жолақты. Екінші кезеңде осы көшеснің Сырым батыр және Төлеметов көшелерінің аралығындағы бөлігін салу жоспарлануда. Оның ұзындығы – 1,2 шақырымды, ал ені 28 метрді құрайды.
Жауапты мамандар осы жұмыстар аяқталып, жолдар пайдалануға берілген кезде мегаполистегі көлік тығыны азаяды деп сенім білдіріп отыр. Оған қоса қалаға кіріп-шығу да жеңілдей түспек.