"Ақтөбе" футбол клубы сатылымға шығарылды

0
1 209

Клубтың бастапқы құны 100 миллион теңгені құраған.


ERNUR.KZ. Қазақстан премьер лигасының бес дүркін чемпионы атанған "Ақтөбе" футбол клубы сатылымға шығарылды. Клубтың сатылып жатқаны туралы ақпарат Қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік жекеменшік және жекешелендіру комитетінің ресми сайтында жарияланған деп жазады NUR.KZ.

"Ақтөбенің" бағаға сәйкес нарықтық құны мың теңгеге тең. Бұл дегеніміз футбол клубын кез келген адам сатып ала алады дегенді білдіреді.

Комитет сайтында мекеменің сатып алуға құқылы сенімгерлік басқару бойынша тендерге қойылғаны жазылған. Клубтың бастапқы құны 100 миллион теңгені құраған. Хабарландыруға сәйкес, сенімгерлік басқаруға берілген мерзім жеті жыл болып бекітілген.

Тендердің ең соңғы шартында Ақтөбе облысы мен тіпті оның шалғай аудандарындағы балалар футболын дамыту қарастырылған.

Ал ең басты әрі маңызды шарт - сенімгерлік басқару мерзімі аясында басқарушыны тағайындау мен орнынан босату толықтай Ақтөбе облысының қаржы басқармасымен ақылдаса іске асырылу керек. Өйткені бұл мекеме футбол клубының басты негізін қалаушылар болып есептеледі.

Оған қоса, клубтың жаңа басқарушысы қайтарылмаған барлық қарыздарды төлеп өтеуі тиіс. Соңғы жылдары қаржы жағынан қиындыққа тап болған клубтың қарыздары да жиналып қалғаны көпшілік үшін құпия емес.