Марапаттау рәсіміне Өзбекстан президенті, Ұлттық олимпиада комитетінің төрағасы Шавкат Мирзиёевтің өзі қатысты.
Фото: inbusiness.kz коллаж
ERNUR.KZ. "Өзбекстан мақтанышы" деген құрметті атақты алғандардың арасында футболшылармен қатар, бапкерлік құрам мен қызметкерлер де бар, деп жазады inbusiness.kz.
Кешелі-бүгін Ташкент қаласындағы "Бунёдкор" стадионында футбол мерекесі жалғасын табуда. Негізінен, өзбектер БАӘ құрамасымен өткен (0:0) матчтан кейін-ақ тойлауды бастап кеткен еді. Себебі, аталған кездесу нәтижесімен олар тарих жазып, тұңғыш рет әлем біріншілігіне қатысатын болды. Ал кешегі Өзбекстан мен Қатар құрамалары (3:0) арасындағы ойыннан соң өзбек футболшыларын президент Шавкат Мирзиёев ерекше сыйлықпен әрі атақпен марапаттады. Еске салайық, әлем чемпионаты 2026 жылы АҚШ, Канада және Мексикада өтеді.
Осылайша, Президент жарлығымен іріктеу кезеңінде тарих жасаған өзбекстандық футболшылар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Сондай-ақ, оларға президент атынан 40 темір тұлпар – BYD автокөліктері де табысталды.
Бұрынғы бас бапкер Сречко Катанец пен өзге де шетелдік мамандарға "Достық" ордені берілді. Еске салайық, словениялық бапкер қаңтар айында ғана денсаулығына байланысты қызметінен кеткен болатын. Құрама сапындағы физиотерапевттер, аудармашылар және медиа бөлімінің қызметкерлерге де мемлекеттік марапаттар табысталды.