Ауыр атлетика федерациясы допинг дауына байланысты мәлімдеме жасады

0
804


Ауыр атлетика федерациясы допинг дауына байланысты мәлімдеме жасады

ERNUR.KZ. Ауыр атлетика федерациясы спортшылардың допинг қолдануына қатысты мәлімдеме жасады, деп жазады ҚазАқпарат.

«Бұл допинг бақылауды ішкі, яғни қазақстандық допингке қарсы орталық жүзеге асырғанын және оның нәтижесі федерация үшін де, құраманың басқа мүшелері үшін де ешқандай салдарға әкеп соқпайтынын атап өткім келеді. Алайда, допинг қолданғандарға қатысты шешім WADA кодексіне және Халықаралық ауыр атлетика федерациясының допингке қарсы ережелеріне сәйкес қабылданады», - дейді Ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Алдияр Нұралинов.

Сонымен қатар, ол бұл жарыстан тыс бақылау спортшылар қатысқан халықаралық старттан алты ай өткен соң қабылданғанын атап өтті.

«Сондықтан олардың нәтижесін жою немесе медальдарды қайтару мәселесі туындамайды. Бұл әсіресе Игорь Сонның олимпиадалық сыйлығына қатысты ерекше атап өткім келеді. Федерация допингтің кез-келген көрінісіне нөлдік төзімділік принципін ұстанады. Тұрақты режимде допингке қарсы ережелер бойынша хабардар ету, сондай-ақ халықаралық жарыстар қарсаңында ұлттық құраманың барлық мүшелерін бақылау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл, ең алдымен, халықаралық деңгейде бұзушылықтардың алдын алу үшін қажет, өйткені Олимпиада біліктілік жүйесі ел спортшылары 3-тен астам тәртіп бұзған жағдайда, бүкіл команданы шеттетуді қарастырады», - дейді Ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы.

Бұған дейін Токио Олимпиадасында қола жүлдегер атанған Игорь Сон 8 жылға спорттан шеттетілгенін хабарлаған едік.

Мәдениет және спорт министрлігі Игорь Сонның Олимпиада медалі мен ақшалай сыйлықтан айырылмайтынын мәлімдеді.

Алдағы уақытта бірнеше жыл жарысқа қатыса алмайтын ауыр атлеттердің қатарында мұнан бөлек тағы 8 спортшы бар.