Терідегі кез келген бұдырды сүйел деп қабылдау дұрыс емес
Сурет: ЖИ
Көп адам сүйелді сыртқы көріністі бұзатын косметикалық мәселе деп қана қабылдайды. Алайда оның пайда болу себебіне үңілсеңіз, тереңірек проблема.
Сүйел – адам папилломавирусы (HPV) тудыратын терідегі жұқпалы түзіліс. Вирус көзге көрінбейтін ұсақ жарақаттар арқылы ағзаға еніп, терінің сыртқы қабатындағы жасушалардың шамадан тыс өсуіне себеп болады.
Сондықтан сүйел бір адамнан екіншісіне жұғуы мүмкін. Әсіресе тері зақымданған кезде, сүйелді қайта-қайта ұстап, қасып немесе жұлу кезінде вирустың дененің басқа бөлігіне тарау қаупі артады. Ортақ қолданылатын кейбір заттар мен қоғамдық орындар да инфекцияның таралуына жағдай жасауы мүмкін. Дерматология мамандары сүйелі бар адамға оны ұстамауға, жарақаттамауға, жеке гигиенаны қатаң сақтауға кеңес береді.
Сүйел қалай пайда болады?
Сүйел кез келген адамда пайда болуы мүмкін. Оның негізгі себебі – адам папиллома вирусының теріге енуі. Вирус терідегі жасушаларға әсер етіп, олардың шамадан тыс көбеюіне ықпал етеді. Соның нәтижесінде теріде қатайған, бұдыр немесе тегіс түзілістер пайда болады.
Сүйелдің қолда, саусақта, тырнақ айналасында, аяқ табанында, бетте, мойында және дененің басқа бөліктерінде кездеседі. Орналасқан жеріне қарай оның сыртқы көрінісі мен адамға келтіретін қолайсыздығы да әртүрлі болады.
Сүйел балалар мен жасөспірімдерде жиі кездеседі. Дерматология саласындағы DermNet деректеріне сәйкес, балалардағы сүйелдердің шамамен жартысы емсіз-ақ алты ай ішінде жоғалып, шамамен 90 пайызы екі жыл ішінде жойылуы мүмкін. Ересектерде олар ұзағырақ сақталуы ықтимал.
Сүйелдің пайда болуы адамның тазалық сақтамағанын білдірмейді. Вирус терідегі өте ұсақ сызаттар мен жарақаттар арқылы да енуі мүмкін.
Қандай түрлері бар?
Сүйелдер сыртқы түрі мен денеде орналасқан жеріне қарай бірнеше түрге бөлінеді.
Қарапайым сүйел
Қарапайым сүйел көбіне қолда, саусақтарда және тырнақ маңында кездеседі. Ол әдетте қатты, бұдырлау болып келеді. Кейде бірнеше сүйел бір-біріне жақын орналасып, көбейіп кетуі мүмкін.
Балаларда оның таралуына сүйелді тырнау, жұлу немесе қайта-қайта ұстау ықпал етеді. Мұндай кезде вирус терінің басқа бөлігіне өтіп, жаңа сүйелдердің пайда болуына жағдай жасайды.
Сүйелдің үстіңгі қабатын мұқият қарағанда ұсақ қара немесе қызыл нүктелер байқалуы мүмкін. Олар терідегі ұсақ қан тамырларына байланысты пайда болады. Бұл белгі дәрігерге сүйелді басқа тері түзілістерінен ажыратуға көмектеседі.
Табан сүйелі
Табан сүйелі өкшеде, башпайлардың астындағы жұмсақ бөлікте және аяққа салмақ көп түсетін басқа жерлерде пайда болады. Ол жүрген кезде үнемі қысымға ұшырайтындықтан, сыртқа қарай емес, терінің ішіне қарай өсуі мүмкін. Сондықтан табан сүйелі кейде жүруге кедергі келтіріп, ауырсыну тудырады.
Бірнеше сүйел бірігіп кеткен жағдайда «мозаикалық сүйел» деп аталатын түрі қалыптасуы мүмкін. Мұндай түзілістерді емдеу қиынырақ болады.
Табан сүйелінің таралуына ортақ душ, бассейн, монша сияқты жерлерде жалаңаяқ жүру де ықпал етуі мүмкін. Сондықтан мұндай орындарда жеке аяқ киім пайдаланған дұрыс.
Жалпақ сүйел
Жалпақ сүйелдер көбіне бетте, мойында және қол-аяқта кездеседі. Олар басқа сүйелдер сияқты қатты бұдыр болмайды, тері бетімен бір деңгейде немесе сәл ғана көтеріңкі болуы мүмкін.
Түсі терінің түсіне жақын, кейде қызғылт немесе қоңырлау болады. Кішкентай болғандықтан, оларды кейде сепкілмен немесе пигментті дақпен шатастырып жатады. Жалпақ сүйелді қасу немесе жарақаттау оның айналасына таралуына себеп болуы мүмкін.
Жыныс аймағындағы сүйелдер
Жыныс аймағында пайда болатын сүйелдер де адам папилломавирусының кейбір түрлерінен туындайды. Бұл жерде маңызды бір жайт бар: терідегі кәдімгі сүйелді тудыратын вирус түрлері мен жыныс аймағындағы сүйелдерге себеп болатын түрлер бірдей емес. Жыныс сүйелдерін тудыратын вирус қатерлі ісік тудыратын жоғары қауіпті түрлерден ерекшеленеді.
Сондықтан жыныс аймағында белгісіз түзіліс пайда болса, оны үй жағдайында кәдімгі сүйелге арналған дәрімен емдеуге болмайды. Дәрігерге қаралған дұрыс. Америкалық дерматология академиясы да рецептсіз сатылатын кәдімгі сүйелге арналған препараттарды жыныс аймағына қолданбауды ескертеді.
Вирус ағзаға қалай енеді?
Адам папилломавирусы теріге түскеннен кейін көбіне микрожарақаттар арқылы ішке енеді. Бұған кесілген жер, сызат, терінің жарылуы немесе басқа да ұсақ зақымдар себеп болуы мүмкін.
Вирус терінің белгілі бір қабатында көбейіп, жасушалардың қалыпты өсу процесін өзгертеді. Нәтижесінде біртіндеп сүйел қалыптасады.
Оның қашан пайда болатынын нақты айту қиын. Кейбір адамдарда сүйел бірнеше аптадан кейін байқалса, енді бірінде бірнеше айдан соң ғана көрінуі мүмкін.
Сүйелдің тағы бір ерекшелігі – ол міндетті түрде өмір бойы сақталмайды. Иммундық жүйе вируспен өздігінен күрескен жағдайда, ем-домсыз-ақ жоғалып кетуі мүмкін. Сондықтан әрбір сүйелді міндетті түрде бірден күйдіріп немесе кесіп тастау қажет емес. Бірақ оның сыртқы түрі өзгерсе, ауырса, қанаса немесе тез көбейсе, дәрігерге қаралған жөн.
Басқа аурулардан қалай ажыратуға болады?
Терідегі кез келген бұдырды сүйел деп қабылдау дұрыс емес. Сырттай сүйелге ұқсайтын түзілістердің арасында мозоль, терінің қалыңдауы, себореялық кератоз, жұқпалы моллюск және басқа да тері аурулары болуы мүмкін.
Кейбір жағдайларда сүйелге ұқсайтын түзіліс мүлде басқа аурудың белгісі болуы ықтимал. Сондықтан әсіресе бұрын болмаған, тез өзгеріп жатқан немесе күмәнді тері түзілістерін өз бетіңізше емдей бермеген дұрыс.
Дерматолог көбіне диагнозды теріні сырттай қарап анықтайды. Қажет болса, дерматоскопия жасалады. Кей жағдайда биопсия қажет болуы мүмкін.
Сүйелді міндетті түрде алып тастау керек пе?
Егер сүйел кішкентай болса, ауыртпаса, қанамаса және адамға қолайсыздық тудырмаса, дәрігер емсіз бақылауды ұсынуы мүмкін. Себебі иммундық жүйе инфекцияны өзі жеңіп, сүйел уақыт өте келе жоғалуы ықтимал.
Дегенмен сүйелді емдеу қажет болатын жағдайлар да бар. Мысалы:
- сүйел ауырса;
- қанаса немесе жиі жарақаттанса;
- көлемі тез үлкейсе;
- саны көбейіп кетсе;
- пішіні немесе түсі өзгерсе;
- жүруге кедергі келтірсе;
- бетте немесе басқа ашық жерде орналасып, адамға қатты қолайсыздық тудырса;
- оның сүйел екеніне күмән болса;
- үй жағдайындағы ем нәтиже бермесе.
Қалай емдейді?
Сүйелді емдеудің бір ғана әмбебап әдісі жоқ. Дәрігер оның түріне, көлеміне, орналасқан жеріне және адамның жасына қарай ем тәсілін таңдайды.
Салицил қышқылы
Сүйелді емдеуде жиі қолданылатын әдістердің бірі – салицил қышқылы бар препараттар. Бұл зат сүйелдің қалыңдаған тері қабаттарын біртіндеп алып тастауға көмектеседі. Ем бір күнде нәтиже бермейді, сондықтан бірнеше апта бойы тұрақты қолдану қажет болуы мүмкін. Алайда препаратты сау теріге тигізбеу маңызды. Теріні қатты тітіркендіру, ашыту немесе жарақаттау жағдайында қолдануды тоқтатып, дәрігермен кеңесу керек. Қант диабеті, қан айналымының нашарлауы немесе аяқ-қолда сезімталдықтың төмендеуі сияқты жағдайлары бар адамдар салицил қышқылды препараттарды өз бетінше қолданбас бұрын дәрігермен кеңескені дұрыс.
Криотерапия
Криотерапия кезінде дәрігер сүйелді өте төмен температураның көмегімен қатырады. Көбіне сұйық азот пайдаланылады. Процедурадан кейін өңделген жерде қызару, ауырсыну немесе күлдіреу пайда болуы мүмкін. Кейде бір рет жасау жеткіліксіз болып, процедураны бірнеше апта аралығымен қайталау қажет болады.
Электрохирургия және қырып алып тастау
Кейбір сүйелдер электр тогының көмегімен жойылады. Бұл әдіс электрохирургия немесе электрокоагуляция деп аталады. Дәрігер кей жағдайда сүйелдің қалың бөлігін алып, оның түбін арнайы әдіспен өңдейді. Бұл тәсіл жергілікті жансыздандырумен жасалады. Емнен кейін біраз уақыт ауырсыну, ісіну немесе тері түсінің өзгеруі мүмкін. Кейде тыртық қалуы ықтимал.
Хирургиялық жолмен алып тастау
Кейбір жағдайларда сүйелді хирургиялық жолмен кесіп алып тастауға болады. Бірақ бұл әдіс жара қалдыратындықтан және тыртық пайда болуы мүмкін болғандықтан, барлық адамға бірдей таңдала бермейді.
Лазермен емдеу
Емге көнбейтін немесе қайталана беретін кейбір сүйелдерге лазерлік әдіс қолданылуы мүмкін. Бірақ лазер бірінші кезекте жасалатын процедура емес. Әдісті дерматолог түзілістің ерекшелігіне қарай таңдайды.
Ескеріңіз! Сүйелді кесуге, пышақпен қыруға, инемен тесуге немесе күйдіргіш тұрмыстық заттар жағуға болмайды. Мұндай әрекет теріні зақымдап, инфекцияның таралуына немесе тыртық қалуына әкелуі мүмкін.
Сүйелді қасып немесе жұлып тастау да дұрыс емес. Бұл тек оны жарақаттап қана қоймай, вирустың жанындағы теріге таралуына мүмкіндік береді.
Дайындаған: Х. ОРАЛ,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
БАЛА неге жиі АУЫРАДЫ? Себебі ПАРАЗИТТЕ болуы мүмкін


