Вэл Баркер Кубогы - Олимпиада Ойындарындағы үздік боксшыға берілетін қайталанбас жүлде.
Сурет: Instagram/boxingkazakhstan
Қазақстан бокс федерациясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Вэл Баркер Кубогы - Олимпиада Ойындарындағы үздік боксшыға берілетін қайталанбас жүлде.
"2004 жылы Афинадағы бәсекеде чемпион атанған Бақтияр Артаев жарыстың үздік былғары қолғап шебері деп танылды. Артаев өз кубогын бірнеше жыл бұрын халықаралық ұйымға тапсырып, осы мәселе шешімін таппаған еді. Қазақстан бокс федерациясы әлемдік спорттағы құнды жәдігер саналатын жүлдені қайтару үшін нақты қадамдар жасады. Осылайша, бүгін Вэл Баркер Кубогы өз иесін тапты", делінген федерация хабарламасында.
Айта кетсек, 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында өткен Олимпиада ойындарында жартылай орташа салмақта (81 кг) өнер көрсеткен Василий Жиров бокс әлемінде құрметтелетін Вел Баркер кубогын жеңіп алды. Ал 2004 жылы Грекия астанасы Афина қаласында өткен Олимпиада ойындарында 1-ші орташа салмақта (69 кг дейін) өнер көрсеткен Бақтияр Артаев Баркер кубогын жеңіп алды. 2012 жылы Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында өткен Олимпиада ойындарының нәтижесі бойынша Серік Сәпиев Баркер кубогына лайық деп танылды.
Кубок – АИБА-ның жекеменшігі. Ол Олимпиялық ойындарда алған орынына қарамастан, ең мықты техника көрсеткен боксшыға табыс етіледі. Жеңімпазға кубоктың көшірмесі мен АИБА-ның дипломы беріледі. Кубок жарыстар біткен соң бір күннен кейін, арнайы рәсім кезінде АИБА мүшелері мен шақырылған қонақтардың көзінше табыс етіледі.
Салтанатты іс-шараға кубокқа үміткер болған барлық спортшы шақырылады. Кубокқа жеңімпаздың есімі, салмағы, елі және Олимпиада өткен қаланың атауы қашалып жазылады. Кубок иегері оны өз елінің Ұлттық бокс федерациясына келесі Олимпиялық ойындарға дейін сақтауға өткізеді.
Ұлттық бокс федерациясы АИБА-ға кубокты қауіпсіздікті сақтау жөнінде кепілдеме беріп, АИБА-ның есепшотына кепілдік ретінде ақша аударады. Келесі Олимпиялық ойындардың басталуына кем дегенде 7 күн қалғанға дейін кубок Олимпиада болатын қалаға, АИБА-ның атқарушы комитетінің мүшелеріне жеткізілуі керек. Кубок иегері АИБА тарапынан келесі Олимпиадаға құрметті қонақ ретінде шақырылып, кубокты келесі боксшыға тапсыру рәсіміне қатысады. Егер оны қатарынан 3 рет бір елдің бокшылары алса, онда кубок сол елдің Ұлттық бокс федерациясының меншігіне өтеді.