"Барыс" қатарынан төртінші матчта жеңіске жетті

0
682

Спортшылар "Металлург" (4:3), "Салават Юлаев" (5:3) және "Локомотив" (4:3) командаларын жеңген болатын.


ERNUR.KZ. Қазақстандық "Барыс" Құрлықтық хоккей лигасы (ҚХЛ) тұрақты чемпионатында сырт айдында финляндиялық "Йокеритті" жеңді, деп жазады Тengrinews.kz.

Хельсинкиде өткен ойын қонақтардың пайдасына 5:1 есебімен аяқталды. "Барыс" форварды Корбэн Найт төртінші минутта командасын алға шығарған. Бірінші кезеңнің аяқталуына 38 секунд қалғанда Ессе Йоэнсуу шайба салып, таразы басын теңестірді.

Екінші кезеңде көрермендер бір ғана шайба көрді. 26-минутта "Барыс" шабуылшысы Никита Михайлис әдемі комбинацияны голмен аяқтады.

Үшінші кезеңде де "Барыс" қана есепті өзгертіп отырды. 55-минутта форвард Аркадий Шестаков қарымта шабуылдан көзге түссе, үш минуттан соң форвард Линус Виделль есепті еселеді. Ал матчтың аяқталуына бес секунд қалғанда Дастин Бойд кездесудің нүктесін қойды.


Осылайша, "Барыс" қатарынан төртінші матчта жеңіске жетті. Бұған дейін Андрей Скабелка шәкірттері "Металлург" (4:3), "Салават Юлаев" (5:3) және "Локомотив" (4:3) командаларын жеңген болатын.

Енді қазақстандық клуб 23 қаңтарда Нұр-Сұлтан уақытымен 22:30-да сырт айдында питерлік СКА командасымен кездеседі.