Футзалдан Чемпиондар лигасы: "Қайрат" алғаш рет "Барселонадан" жеңілді

0
701

Кездесу 3:2 есебімен аяқталды.


Футзалдан Чемпиондар лигасы:

ERNUR.KZ. Футзалдан UEFA Чемпиондар лигасының жартылай финалында Алматының «Қайраты» Испанияның «Барселона» командасымен кездесті, деп жазады ҚазАқпарат.

Бүгінгі кездесуде испаниялық клуб ойыншылары тізгінді қолға алуға тырысты. «Қайраттың» негізгі қақпашысы Игита ширек финалдағы «Бенфика» командасымен кездесуде алған «қызыл» қағазына байланысты бұл ойыннан шеттетілді. Оның орнын 19 жастағы Нарун Серіков алмастырды. Ол ойын барысында көптеген сәттерде өзіне сенімді көрінді.

Десе де Еуропа құрлығында тәжірибелі клубтың бірі саналатын «Барселона» алғашқы болып есеп ашты. Атап айтқанда, 15-минутта Феррао мергендік танытса, 20-минутта есепті үстемелей түсті. Бұдан кейін 24-минутта «Қайрат» сапынан Диего Фаверо есеп айырмасын қысқартты. Ал 32-минутта Феррао хет-трик авторы атанса, 35-минутта қазақстандық клуб сапынан Фернандиньо көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Кездесу барысында «Барселона» 3:2 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды. Испандық клуб 3 мамырда финалда Португалияның «Спортинг» командасымен кездеседі.

Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын аталған турнирде командалар үш мәрте кездесті. Үшеуінде де қазақстандық клубтың мерейі үстем болған еді.