PWL турниріне 24 балуан бақ сынамақ.
Фото: olympic.kz
ERNUR.KZ. Аталған турнирде АҚШ спортшылары алғаш рет төбе көрсетеді, деп жазады inbusiness.kz.
Алматыдағы әлемнің ең мықтылары жиналған PWL турнирінде қазақстандық Ризабек Айтмұқан мен америкалық балуан, Олимпиада чемпионы Кайл Снейдер күреседі.
Бұған дейін қазақ балуаны атақты Снейдермен белдесуден қашпайтынын мәлімдеген болатын. Екі балуанның да атағы жер жарады, сондықтан еркін күрес әлемі бүгін екіге жарылады деуге болатындай.
Спорт жанкүйерлері асыға күтетін белдесулер Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында сағат 19:00-де басталады.
Жалпы, PWL турнирінде 24 балуан белдеседі. Қатысушылар арасында Олимпиаданың төрт чемпионы, әлем чемпиондары және жүлдегерлері де бар. Жарыста Қазақстан намысын 3 балуан қорғайды.
Ризабек Айтмұқан – Кайл Снайдермен (АҚШ) жолықса, Азамат Дәулетбеков Магомедхабиб Кадимагомедовпен (Беларусь) күш сынаспақ. Ал қыздар арасында Жәмила Бақбергенова қызғызстандық Айпері Медетқызына қарсылас атанады.
Еске салайық, аталған турнирде Кайл Снайдер мен Айк Мнацаканян екі рет жарыс жолына шығады. Қалған балуандарды бір ғана күрес күтіп тұр.
Турнир барысында 11 кездесу өтсе, күрес ережесі бойынша әр жұп 6 минуттан белдеседі.