Қазақстан қыздары Қытайды тізе бүктірді

0
1 558

Қазақстандық қыздар Қытай қыздарының осал тұсын таба білді.


Қазақстан қыздары Қытайды тізе бүктірді

ERNUR.KZ. Қытай астанасы - Бейжің қаласында шайбалы хоккейден қыздар арасында Әлем чемпионатының бірінші дивизионы В тобындағы соңғы тур ойындары өтті. Қазақстан құрамасы Қытаймен кездесті, деп жазады ҚазАқпарат.

Аталмыш додада Қазақстан құрамасы сәтсіз ойын көрсетіп келеді. Бұған дейінгі екі кездесуде де қарсыластарына есе жіберді. Алдымен Польшадан 3:5 есебімен жеңіліп қалған еді.

Одан кейін Голландияға 1:3 есебімен жол берді.

Ал үшінші кездесуінде Латвияға буллиттен 1:2 есебімен ұтылды.

Төртінші турда Оңтүстік Кореяға 1:5 есебімен есе жіберді. Десе де бүгін қазақстандық спортшылар өте жинақы ойын көрсете білді. Айдын иелері саналатын Қытайға қарсы шыққанымен, кездесуде есепті қазақстандықтар ашты.

Ойынның 28-минутында Лариса Свиридова қарсыластар қақпасынан саңылау тапты. Ал 32-минутта Ғалия Нұрғалиева мергендік танытты. Оған 37-минутта Қытай хоккейшілері жалғыз ғана голмен жауап қайыра алды. Кездесуде Қазақстан қыздары аталмыш қарсыласын 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Бүгін тағы да екі кездесу өткізілді. Голландия Польшаны 2:0, Оңтүстік Корея Латвияны 4:1 есебімен жеңді. Турнир барысында бірде-бір ұпайды шашау шығармаған Голландия 15 ұпай жинап, алдағы жылы топ-дивизионда ойын көрсетуге мүмкіндік алды. Одан кейінгі орындағы Оңтүстік Корея мен Польшаның - 9, Қытайдың - 6, Қазақстанның 4 ұпайы бар. Турнир барысында небәрі 2 ұпай жинаған Латвия келер жылы екінші дивизионда сынға түседі.