Қуат Хамитов сотта соңғы сөзін айтты

0
2 425

​Спортшы соттан карьерасына кедергі келтірмеуді, шетелге шығуға тыйым салмауды сұрады.


Қуат Хамитов сотта соңғы сөзін айтты

ERNUR.KZ. Алматыда "Найман" лақап атымен танылған аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитовқа қатысты сот отырысы өтті. Сот отырысында спортшы соңғы сөзін айтты, деп жазады sputnik.kz.

"Ел намысын қорғап жүргеннен кейін менің алға қойған мақсатым, жоспарым бар. Сот қандай жаза кессе де, мен үшін ең бастысы шетелге шығуға мүмкіндік берсе болды", - деді Хамитов.

Сот үкімі 28 қаңтар сағат 14.30-да шығады.

Айта кетейік, Алмалы ауданы сотында Қылмыстық кодекстің 272-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен Қуат Хамитовке қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр.

Аталған бапта азаматтың "билік өкiлдерiнiң заңды талаптарына белсенді түрде бағынбауға және жаппай тәртiпсiздiкке шақыру не жаппай тәртіпсіздікке арандату, сол сияқты азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға шақыру" көзделген.

Бұл бап бойынша үш жылға дейін бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Айта кетейік, 2020 жылы қыркүйекте спортшы дезинфекция жасаушылар "халықты улап жатыр" деп мәлімдеп, оларды ұрып-соғуға үндеді.

Кейіннен спортшы ол видеоның әзіл ретінде түсірілгенін айтты.

"Дезинфекция туралы тарап кеткен видеоға қатысты айтарым, ол – қалжың ретінде түсірілген видео. Мен ешкімді жаппай көтеріліске шақырмаймын. Ондай әрекет істеуге ешкімді шақырған емеспін және ондай әрекет істемеңіздер. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын", - деді Хамитов.

Айта кетейік, 20 қаңтарда өткен сот отырысына Хамитов қатыспады. Оның адвокаты спортшының интернет нашар ұстайтын жерде екенін мәлімдеді. Соған байланысты сот сот отырысын кейінге қалдырды.

22 қаңтарда спортшы аралас жекпе-жектен AMC Fight Nights турниріне қатысты. Ол ресейлік Пантелеевпен кездесіп, бірінші раундтың 50-ші секундында оны нокаутқа түсірді.