Құрлық біріншілігіне 170 дойбышы қатысып, бақ сынады.
ERNUR.KZ. Ташкентте дойбы 64-тен ерлер, әйелдер және жас ерекшеліктеріне қарай жастар арасында өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы үздік атанды, деп жазады ҚазАқпарат.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, құрлық біріншілігіне Жапония, Қытай, Моңғолия, Кувейт, Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінен 170 дойбышы қатысып, бақ сынады.
Қазақстан құрамасы дойбының классика түрінен жеті бірдей алтын медальді жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.
Классикадан 4 алтын медаль алған батысқазақстандық дойбышылар жалпы жеңіске қомақты үлестерін қосты.
Әйелдер арасында үздік шыққан Алтынай Жұмагелдиева халықаралық гроссмейстер талабын орындады. Сондай-ақ 17 жасқа дейінгілер арасында Әділхан Мейрам мен Елизавета Бапиева, 13 жасқа дейінгілерден Тоғжан Тәжібекова чемпион атанды.
Сонымен қатар 15 жасар Анель Дәулетова айды аспанға шығарып, әйелдер арасында қола жүлдеге ие болды. 10 жасқа дейінгілерден Айбек Есенғалиев үшінші орынға көтерілді.
Дойбының блиц түрінен 17 жасқа дейінгі бозбалалар арасында сынға түскен Анель Дәулетова, 17 жасқа дейінгі қыздардан Елизавета Бапиева, 13 жасқа дейінгі қыздардан Тоғжан Тәжібекова жеңімпаз атанды. 10 жасқа дейінгілерден Алина Бапаева қола жүлдені еншіледі.