Түркияда XX қысқы Сурдлимпиада ойындары басталды

0
613

Қазақстанан осы қысқы ойындарға шахмат, сноуборд және шаңғы жарысынан 26 спортшы қатысады.


Түркияда XX қысқы Сурдлимпиада ойындары басталды

ERNUR.KZ Түркияның Эрзурум қаласында XX қысқы Сурдлимпиада ойындары басталды. Дүбірлі додаға 36 мемлекеттен 1000-ға жуық спортшы қатысады, деп жазады kaz.inform.kz.



Жарыста тау шаңғысы, сноуборд, шаңғы жарысы, шахмат, футзал және керлинг спорт түрлерінен 34 комплект медаль ойнатылады.

Қазақстанан осы қысқы ойындарға шахмат, сноуборд және шаңғы жарысынан 26 спортшы қатысады.

Түркия
Фото: Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы
«Биыл Қазақстан Республикасы қысқы Сурдлимпиада ойындарына осымен үшінші мәрте қатысқалы отыр. Спортшыларымыз жарыстың алдында Щучинск және Алматы облысында оқу-жаттығу жиындарынан өтіп, қысқы ойындарға тыңғылықты дайындықпен келді. Ұлттық құрама үшін алғашқы сайыс ертен блиц шахматтан және шаңғы жарысынан басталады. Спортшыларымыз аталмыш додада лайықты өнер көрсетіп, ел қоржынын Сурдлимпиада ойындарының медалімен толықтырады деп сенемін», - деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының директорының орынбасары Өмірзақов Әділхан Болатханұлы.

Сурдлимпиада ойындарының ашылу рәсімінде еліміздің туын шахматтан әлем чемпионатының қола жүлдегері Сұлтан Қожахметов ұстап шықты.

Түркия
Фото: Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы
«Бұл менің алғашқы Сурдлимпиада ойындарым. Осындай үлкен жарыста еліміздің туын ұстап шығу мен үшін мәртебе. Сенім артқан Спорт комитетіне, Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығына, Ұлттық Сурдлимпиада комитетіне және барлық қазақстандықтарға алғысымды сөзбен емес, іспен дәлелдеуге тырысамын», - деді Сұлтан Қожахметов.

Айта кетейік, Сурдлимпиада ойындарына есту қабілеті зақымданған спортшылар қатысады. Жарыс алдында спортшылар аудиограммадан өтіп, қойылған талаптарға сай келетінін дәлелдеу қажет.

Түркия
Фото: Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы

Қысқы ойындар 12 наурызға дейін созылады.