​«Аишаны ұрлап кеткені шын ба?»: Әнші Бүркіт өзіне қатысты қауесетке жауап берді

0
1 053

«Әкем анда-санда келініне «ай-хай» деп қалады»


​«Аишаны ұрлап кеткені шын ба?»: Әнші Бүркіт өзіне қатысты қауесетке жауап берді


Әнші Бүркіт «Уақыт көрсетеді» бағдарламасына сұхбат беріп, Болат Назарбаевқа қатысты қауесетке жауап берді. Сондай-ақ Аишаға дейінгі махаббатын еске алды.


- Виктория жеңгеміздің халі қалай? Аман-есен бе?

- Жақсы, Аллаға шүкір. Негізі шын аты Виктория ғой. Қанында қазақ жоқ. Хакастың, орыстың, украин, өзбектің қаны бар. Үйленер кезде мешітке барып, неке қидырған кезде өзі Аиша деген есімді таңдап алды.


- Ол кісі сіздің жүрегіңізді қалай жаулап алды?

- Отыздан асқанша салт жүрдім ғой. Әке-шешем, бауырларым, туыстарым көрген сайын «қашан үйленесің» деп жанымды қоймай сұрай беретін. Ол кезде мен татар ұлтының қызымен жүретінмін. Екі жыл кездестік. Бірақ сол екі жыл ішінде қанымды біраз ішті. Олар үндемей жүріп қанды ішеді екен ғой. Олар соншалықты әдемі, қабағына қарап жүресің. Қашан күледі екен деп алдында құрдай жорғалап, сыйлық әперіп әуреге түсесің. Бір күні бәрінен шаршап кеттім. Мешітке барып біраз жыладым. «Егер қиналсаң Алладан сұра, беретін нәрсеңді береді» деп ағам айтып еді. Сол есіме түсті. Мешітте отырып «үйленетін ниетім бар, мына қыз менің тағдырымда бар болса үйлендір немесе үйленетін қызға кездестірші» деп тіледім. Сөйтіп едім, тұп-тура бір аптадан кейін туған күнім боп, достарымызбен бас қостық. Сол кездесуге бір досым Аишаны ертіп келіпті. Сол сәттен бастап мен бәрін ұмыттым ғой. Татар қыз жайына қалды. Аишаның артынан екі жыл жүгіріп, ол маған қарамай, ақырында «маған үйленші» деп өзі келді ғой.


- Анаңыз бір сөзінде «Аиша келінім кез келген қазақ қызынан артық» деп айтыпты. Әкеңіз қалай қабылдады? Отбасында қиындық туғызбады ма? Орысша сөйлейтіні бар...

- Орысша сөйлегенімен қазақшаны жақсы түсінеді. «Қазақша сөйлете алмадың» деп жазатындар бар. Мен негізі біреуді күштеп мәжбүрлегенді құптамаймын. Үйренгісі келсе, адам өзі талпынып, өзі үйренеді. Жеңіл-желпі сөздерді айта береді, жақсы түсінеді.

Ал анам мен әкемді екі ай бұрын Тараздан Алматыға көшіріп әкелгем. Жанымыздан тағы бір үй салып бердік. Әкем 87-де, анам 81-де. Әкем өмір бойы әскери қызметте болғасын, анда-санда келініне «ай-хай» деп қалады. Болады енді ондай нәрсе. Бірақ жұбайым оған өкпелемейді. Өйткені үлкен кісі екенін жақсы түсінеді. Бөлек үй салғанымыз да осыдан. Олар әбден жеке тұрып үйреніп қалған. Әркімнің жеке шекарасы, жеке ас бөлмесі болғаны дұрыс. Екі әйел бір қазанға жармасса арада майда-шүйде сөз туып, келіспеушіліктер туып қалуы мүмкін.


- Әлеуметтік желілерде «Аишаның даусы жоқ» деп сынап жатады. Сіз бұған не дейсіз?

- Бір жағынан шындық қой енді. Ол кісі асып-тасып жатқан әнші емес. Ол кәсіби биші. Үйленбей, қыз бен жігіт боп жүрген жылдары Аишаны өзіме жақындатайын, көңілін аулайын деп «бір ән жазып көрейік» деп ұсыныс білдірдім. Ән Аишаның биімен жақсы өтті. Халық ерекше қабылдады. Үйленгесін тағы бір ән кетті. Солай-солай Аишаның даусы шыға бастады. Әншілік жолы осылай басталды. Шындығына келсек, менің де асып тұрған даусым жоқ қой, қоңыр дауыс кәдімгі. Бірақ оны дамытуға болады.


- Ресейлік әнші Наташа Королевамен сізді не байланыстырады?

- Ештеңе байланыстырмайды. Анда-санда мерекелерде құттықтап тұрамыз. Тек ән шығарып, клип түсірдік. Болды. Жалпы, олардың менталитеті басқаша ғой, ештеңеден қысылмайды, ұялмайды. Ойына келгенін істей береді. Клип түсіруге келген күннің ертеңінде жатқан қонақүйінде жалаңаш суретке түсіп, оны «Инстаграмға» салып қойыпты. Ананы көргенде айтарға сөз таппай қалдым. «О, әкеңнің...» дедім.


- Наташа Королеваның күйеуі Тарзан ғой, ол өзінің парақшасына «Тарзанға қарағанда Бүркітке бүйрегім бұрып тұрады» деп жазыпты. Араларыңызда ештеңе болмады ма?

- Қой, олай деуі мүмкін емес. Мен оқымаппын ондайды. Құдай сақтасын, мен өзімнің жұбайыма адалмын. Мен үшін Аишаға жететін адам жоқ.


- Естіген құлақта жазық жоқ, Болат Назарбаев сіздің әйеліңіз Аишаны алып кетті деген әңгіме айтылды. Осы рас па?

- Осы өсектің шыққанына қанша жыл болды. Жиырма, жүз әннің ішінде бір әннің хит боп таралып кететіні сияқты, өсектердің ішіндегі хиты осы болды ғой. Адамдар сеніп кетті. Психикам дұрыс адам болмасам, тіпті мен де сеніп қалар едім.

Былай болды ғой, ол кісі бізді тойларға шақырады. Біз барып, әнімізді айтамыз. Дастарханына отырғызып, қонағы болдық. Ешқашан ол кісіден ондай сөз, не бір әрекет көрмедім. «Солай бопты, кейін Бүркіт Путинге дейін байланысқа шығып, артынан барып атысып, зорға дегенде екі-үш күннен кейін қайтарып алыпты» деген әңгімеге жалғасты ғой. Егер ондай болатын болса, осы уаққа дейін жанымызда жүрген Мақпал әпкеміз, басқа да әншілер, ұйымдастырушылар бар, естіп, көріп айтатын еді ғой. Ол кісінің ондайы жоқ, сабырлы. «Қалай балам, жақсы ма бәрі?» дейді. Талай тойларына бардық қой. Ақшасын береді, төлейді. Негізінде осы өсек үшін Болат мырзадан мен ұялып жүрмін. Естіген де шығар бұл өсекті. Бұл енді өсектің өсегі болды. Бәрі өтірік!


- Онда мұндай өсек қайдан шықты, «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деуші еді...

- Мұндай өсек көп бізде. «Аиша Испанияда туылған екен, Қазақстанға келіп, Бүркітке тиіп алыпты» дегенді де естідік. Мұның бәрі көреалмаушылық па, білмеймін. Әйтеуір біз туралы өсек толастар емес. Осындай өсек таратқан адамдарды Құдай кешірсін деп жүрміз Аиша екеуміз.

Бір күні киноның премьерасына барғанбыз. Сол жерде Қайрат Боранбаев аға көріп қалып, «Аишаны ұрлап кеткені шын ба?» деп сұрап тұр. «Аға, сіз де соған сеніп қалдыңыз ба? Қоя салыңызшы, ол өсек қой» деп айттым. Көрдің бе, үлкен кісілерге дейін сеніп қалған ғой. Жалпы, Аишаға ғашық болған жігіттер көп еді. Үйленгенге дейін хабарласатын жігіттердің бәріне «Аяғыңды сындырам» деп қорқытатынмын.


- Бүгінде Болат Назарбаев ауыр халде жатыр. Халін сұрап бардыңыз ба?

- Жоқ, бармадым. Халін сұрап тұратындай қарым-қатынаста емеспіз. Етене жақын емеспіз.


- Жаңа Қайрат Боранбаев жайлы айтып қалдыңыз. Ол кісі де істі болды, түрмеде. Жылы киімін апарып беріп, жағдайын сұрау ойда бар ма?

- Алты жылға сотталыпты ғой, қиын жағдай енді. Мен ол кісімен қатты араласпасам да баратын ойым бар. Ондай нәрсе ұмытылмайтын дүние екен. Кезінде көрші жігіт Жаңаөзендегі жағдайға байланысты 8 жылға сотталып кетті. Сол кезде мен көршім болған соң азық-түліктерін алып, бір рет барған едім. Бүркіт келді деп бәрі шулады. Ол да қатты қуанды. Демек бұл ешқашан ұмытылмайтын жақсылық. Негізі кіріп шықсам ба деген екі-үш адамым бар...


Сұхбатты ықшамдап дайындаған - С. ИКРАМҚЫЗЫ.

ERNUR.KZ