Дәстүрлі ән – өлмейтін өнер.
Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды
Дәстүрлі ән – ұлтымыздың рухани қазынасы, оны саф күйінде сақтап, дәріптеп жүрген жандардың еңбегі өлшеусіз. Біздіңше дәстүрлі әннің шынайы жанашыры болу – екінің біріне бұйыра бермейтін қасиет. Бұл өнерге адал жан қазақтың әр мақамын, әр иірімін жүрекпен сезініп, бабалар аманатын келер ұрпаққа бұзбай жеткізуді мақсат етеді.
Сахнада ғана емес, өмірде де ұлттық болмысты ұлықтаушы, ән мен сөздің қадірін білетін тұлға, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші - Арайлым Рахымқызымен аз-кем сырласқан едік.
- Сіздің дәстүрлі әнші екеніңізді бәріміз білеміз. Сондай-ақ қоржыныңызда көпшілік бара бермейтін ауыр, ауқымды шығармалар бар. Мысалы, «Қабанбай» дастанын ерекше атауға болады. Өзіңіз ән репертуар таңдағанда неге мән бересіз әлде, бір себеп болатын белгілер бола ма?
- Қайырлы күн! Иә, мен «Дәстүрлі ән» мамандығы бойынша білім алдым, бірақ қазіргі уақытта өнердің әртүрлі бағыттарын қамтуға тырысып жүрмін. Өнер жолында тек дәстүрлі әнмен шектелмей, үлкен оркестрмен, эстрадада да, үрмелі және симфониялық оркестрлермен де ән саламын. Еліміздегі ең үлкен Мемлекеттік академиялық филармонияда қызмет ететіндіктен, онда 13 бөлім мен бірнеше ансамбльдер бар. Осылайша, репертуарым да сан қырлы болып қалыптасты.
Әр әншінің өзіндік репертуары болуы керек деп есептеймін. Сондықтан мен дәстүрлі өнерді дәріптеу жолында өзімнің репертуарымды өзгелерден ерекшелеуге тырысамын. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мырзахмет Мұхаманов ағамыздан дәріс алдым, сондай-ақ Жетісу жерінде Дәнеш Рақышовтың мектебін ұстанған Нұржан Жанпейісовтен үйрендім. Қазіргі таңда репертуарыма Дәнеш Рақышовтың әндерін көбірек қосуға тырысамын, өйткені оның мақамы, иірімі ерекше, әрі Жетісу мектебіне тән. Өзім де осы өңірден болғандықтан, домбырамен айтатын әндерім осы мектепке сай келеді.
Оркестрмен орындалатын әндер мен ансамбльмен айтылатын әндердің табиғаты әртүрлі. Мысалы, «Қорқыт» этно-ансамблімен термеге жақын әндерді орындаймын, ал «Сарыарқа» фольклорлық ансамблімен халық әндері мен халық композиторларының шығармаларын орындауға тырысамын.
Ән таңдау барысында ұстаздарымыз үйреткен ең басты қағиданы ұстанамын. Ол – әннің сөзіне ерекше мән беру. Әннің мәтіні мен авторын жаттау – мен үшін міндетті нәрсе. Оған қоса жолдасым журналист болғандықтан, сөздің дұрыстығына, қате айтылмауына ерекше көңіл бөлемін.
- Сіз тек өнердің өкілі емес өнердің дамуы үшін қызмет етіп жүрген зерттеушісіз, қайраткерсіз. Әуелде осының бәріне не себеп болған еді, өнер жолына келуіңізге ықпал еткен не?
- Өнерге келуіме ең бірінші ықпал еткен адам - анам. Өкінішке қарай, анам өмірден ерте өтті, ал әкем мен екі жасымда қайтыс болған. Анам тоғыз баламен жалғыз қалды, мен соның кенжесімін. Анам суырып салма ақын еді, қара өлеңмен тойларда, ауылдың басқосуында жыр айтып жүретін. Елдің көркі, думанның сәні еді. Ол кісі 56 жасында өмірден кетті. Оған дейін мені өнерге баулып, «өзім шыға алмаған биікке сен шығасың» деп үнемі жігерлендіріп отыратын. Әкемнің есімі – Рахым, мен бала күнімнен ауылда жүріп, осы есімді елге танытуды армандайтынмын.
Кейін Сарқан қаласына барып, музыка мектебінде оқыдым. Одан соң музыкалық факультетте білім алып, кейін магистратураны тәмамдадым. Өнер жолындағы талпынысым – анамның арманы, сондықтан осы арманмен өмір сүріп келемін.
- Әлі де болсын, «дәстүрлі әншілер өзінің бағасын ала алмады» дегенді жиі естиміз бұл туралы ойыңыз қандай. Сондай-ақ қазір халық әндерін жаңашалап, тіпті күйге сөз жазып орындап жүрген жастар бар. Оларға деген көзқарасыңыз қандай?
- Өзім қазақы дәстүрді берік ұстанатын адаммын. Үйде де, сахнада да сол дәстүрден аттамай жүремін. Біздің мәдени мұрамыз – ең үлкен байлығымыз. Мен 90-жылдары жоғары оқу орнында оқығанда, бізді «дәстүрлі ән мектептері» деп арнайы бөлмейтін, бәрін бірге оқытатын. Жыр-терме, халық әндері, халық композиторларының шығармалары – барлығы тұтас өнер ретінде қарастырылатын еді.
Қазір дәстүрлі ән өнерін үйренемін деген жанға барлық мүмкіндік бар, жеңілдік көп. Көптеген кітаптар жарық көрді, ең бастысы – түпнұсқа шығармаларды нотамен үйрену керек. Өнертанушылар қаншама еңбек жазды, зерттеді. Сондықтан үйренетін адамға бөгет жоқ. Дәстүрлі ән – өлмейтін өнер. Біз оны «жастарға жеткізе алып жатырмыз» деп ойлаймын. Дегенмен қазір жастар арасында «ковер» жасау кең тарады. Меніңше, Әсет Бейсеуов, Нұрғиса Тілендиев сияқты композиторлардың әндерін каверге айналдыру – қателік, ол әндер каверге келмейді. Жақында бір жас әнші маған хабарласып: «Шәмшінің әнін кавер жасағым келеді» деп кеңес сұрады. Мен «Шәмшінің әні каверге келмейді» деп жауап бердім. Себебі, оның әрбір әні өз табиғатымен ерекше.
Біз өзіміз үйренген өнерді келер буынға бұзбай жеткізуіміз керек. Домбыра, сырнай – өз үніміз. Осындай ұлттық аспаптарымыздың үні бар кезде ғана өнеріміз бағаланады. Қазіргі таңда халық та ұлттық аспаптармен орындалатын жанды дауыстағы әндерді жиі сұрайтын болды, бұл – өнерімізге деген құрметтің артып келе жатқанының белгісі.
- Сіз үшін өнер мен мәдениеттің қоғамдағы рөлі қандай және ол адамның рухани дамуына қаншалықты әсер етеді.
- Қазір «Бабалар аманаты» деген тарихи-мәдени қоғамдық қорды басқарамын. Қоғаммен жұмыс істейміз, бұл жерде де бала тәрбиесін мәдениет, салт-дәстүрмен ұштастырып тәрбиелеуге ат салысып жүрген қаншама ақ кимешекті әжелеріміз бар. Ол кісілер қаншама балабақша, мектеп, тіпті әскердегі балаларымызбен де тығыз жұмыс істеуде. Негізінен аналармен тығыз жұмыс істеуді қолға алудамыз. Өйткені рухани дамуымызға өнеріміздің әсері ерек деп білемін. Қазақ деген ұлтымызға, жерімізге осы мақсатта еңбек етуге дайынмын.
- Қазіргі таңда мәдениет саласындағы ең өзекті мәселелер қандай және оларды шешу үшін қандай қадамдар жасау керек деп ойлайсыз?
Соңғы кезде фонограммаға тоқтау салу туралы заңның талқыланып жатқаны үлкен мәселе деп білемін. Негізі фонограмма деген «ақша табу» деген сөз деп есептеймін.
Әрине, оны толығымен алып тастау мүмкін емес. Өткені кейбір жерде сахнада жанды дауыста ән салу мүмкін емес. Мысалы Наурыз мерекесінде Астанамызда күн өте суық болды, ол кезде сыртта ән салу тіпті мүмкін емес. Сондай қолайсыз жерлерде фонограмма қолданылуы қалыпты.
Ал Мемлекеттік академиялық филармония сегіз жылдан бері жанды дауыста кеш беріп келе жатыр. Бізде 13 бөлім бар екенін жоғарыда айттым, олардың бағыттары әр түрлі бірақ барлығы жанды дауыста ән айтып жүр.
- Қазақ мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттау үшін қандай бастамалар қажет деп ойлайсыз?
- Біз өзгелерді ұлттық мәдениетімізбен, дәстүрімізбен ғана тәнті ете аламыз деп ойлаймын. Қазірде тәнті етіп те жүрміз. Мысалы, Димашты алайық, оның тілі, домбыраның үні әлемді баурады деп айтуға болады. Дүние жүзіне қазақтың әнін салдырған әншіміздің амандығын тілеймін. Соңғы кезде әлеуметтік желіден домбыра үйреніп жүрген шетелдіктерді көп көруге болады, бұл да Димаштың еңбегі. «Өнерде шекара жоқ» екенінің дәлелі.
Халықаралық деңгейде өзімізді ұлттық әніміз, тіліміз, киімімізбен дәріптеуіміз керек деп санаймын. Түркітілдес халықтардың қайбір арнасын қоссаңыз да өздерінің ән-биін көрсетіп жатады. Мысалы, Өзбекстанның арнасын қоссаңыз, өзбекше ән мен ұлттық билерін көресіз. Бізге де сондай қадам керек деп ойлаймын.
- Болашақта қандай шығармашылық немесе мәдени жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап жүрсіз?
- Маңызды жобалар өте көп. Бәрін паш етіп айта бергім келмейді. Ең бірінше алдағы концерттерімнің бәрін жанды дауыста өткізгім келеді, қазір соған дайындық болып жатыр. Одан бөлек қоғамдық бірлестігімізде тек халық әндерін айтатын әжелеріміз бар, соларды жоғары деңгейге көтергім келеді. Өз жеке шығармашылығымнан бөлек, қоғамдық жұмыстарым да үнемі алдыңғы орында тұрады.
- Біздің сұрақтарымызға жауап беріп, уақыт бөлгеніңіз үшін көп рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан: Қ.Есенбай,