Фархад Молдағали, режиссер: "Театрда цензура бар!"

0
1 356

Фархад Молдағали - белгілі режиссер.


Фархад Молдағали, режиссер:

- Талантты суреткер, режиссер Болат Атабаевтың бақилық болар алдында батасын алған, ризашылығына бөленген бірден бір режиссер өзіңіз. Үлкен таланттан үлкен баға алу бақ болар?

- Иә, Болат Атабаев өмірден өтер шағында менің қос қойылымымды көріп кетті. Шынын айтсам, Болат аға өмірінің соңында өзінің сүйікті ордасы театрларды аралап, бой жазып жүргенін өз басым сезген жоқ едім.

Ә.Нұршайықовтың повесіне негізделген «Махаббат, қызық мол жылдар» атты спектаклімнің алты күн қатарынан премьерасы жүріп жатқан кезі еді. Театр маусымының аяқталуына аз уақыт қалған. Болат Атабаевтан «Құлагерді» көрсем деген ұсыныс түсті. Спектакльді көрерменсіз ұйымдастыруды жөн санадық. Сөйтіп 2021 жылдың маусымның 30-ы күні түскі сағат 12-00 ге жоспарланған еді. Бірақ уақыты екі сағатқа шегерілді. Көрерменсіз арнайы Болат Атабаевқа қойылған спектакльді актерлер, театр тақырыбында жазып жүрген журналистер ғана көрді. Басты рөлдерді сомдаған Мақсат пен Гүлбаһрам киноның түсірілімінде жүрген еді. Спектакль үшін, Болат аға үшін ештеңеге қарамай, сұранып келді. Сол үшін актерлік труппаға алғыс білдіремін.

Спектакль біткен соң Болат аға басын түсіріп, үнсіз ұзақ отырып қалды. Қандай баға берер екен деп іштей толқығаным рас. «Махаббат, қызық мол жылдарға» елу пайыз риза болды. Ал «Құлагерді» ерекше көрді, толқыды, көзіне жас алды.

Бірінші айтқан сөзі есімде қалды: «Жүйріктер екен ғой, Құлагер деген жүйріктер туралы екен ғой, мен махаббат туралы, муза туралы деп жүрген едім» деді. «Бір кезде қойылған Жанат Хаджиевтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуынан» кейін керемет әсер алған сәтім осы болды. Құлагер өлді. Сорлы Ақан. Біздің Құлагердей жүйріктеріміз өліп жатыр. Жанды дауыстың өз ғажап эффектісі бар, музыканттарға рақмет. Режиссер оның тұлпарынан айрылғандағы ішкі трагедиясын шығара түссе. Соңғы жағы шұбалаңқы. Динамиканы жоғалтпау керек. Сығымдау қажет. Тұтас труппаға рақмет. Балалар жанып тұр. «Құлагерді» көріп бір жасап қалдым» - деген еді. Бұл мен үшін үлкен баға.

Қатарынан қос қойылымымды көріп, оған Болат Атабаевтың баға бергені мен үшін бақ дер едім. Сол күні біраз дүниелер талқыланды. Болашақ туралы, жас режиссерлерді тәрбиелеу туралы, оған бағыт пен бағдарды айқындап көрсету туралы біраз ойымызды айттық, ішіміздегіні бүкпей сыртқа шығара білдік. Азамат Сатыбалды екеуміз ағаға қолқа салып «Қазақстанға оралған соң, бізге яғни Ғ.Мүсірепов театрына келіп спектакль қойыңыз» дедік. Болат аға бетке тіке айтатын кісі ғой, «жастармен жағаласып, жеккөрінішті болмайын, жастар қойып жатыр ғой» деді. Керісінше, сол сәтте Болат Атабаев «Құлагер» деген атаумен жас режиссерлар ұстаханасын ашуды ұсынды.

Сол жылдардағы театр директоры Азамат Сатыбалды осы бағытта жұмыстар қолға алынатынын және Атабаевтың соған ат салысуын сұрады. Ол кісі жас режиссерлерді дайындауға, олармен тәжірибе бөлісуге болатынын, уақыты мен денсаулығының жететінін айтты. Бәріміз іштей Болат Атабаевтың шеберханасынан тәлім алатынымызға қуандық, бірақ қуанышымыз көпке ұзамады. Ағамыз өмірден өтіп кетті.

Болат Атабаевтың маған айтып кеткен тағы бір өсиеті – "Құлагерді» брендке айналдыру". Сол өсиетін орындауға тырысамын. Биыл Болат Атабаевтың жетпіс жылдығы, соған орай деректі фильм әзірлегім келеді.


- Болат Атабаев «Құлагердің» репертуарда жоқ екенін біліп, келесі маусымда да көруге болатынын айтыпты. Бірақ іштей режиссердің өмірден озып кететінін сезгендей, актерлерді жинап қойыпсыздар. Айтыңызшы, көрерменсіз тек Болат Атабаевқа арнап «Құлагерді» сахналау идеясы кімнен туындады?

- Шынын айтсам, мен ештеңе сезбедім. Азамат Сатыбалды "Осы маусымды аяқтамай тұрып, ұйымдастырып жіберейік" деді. Меніңше, Азамат аға сезген секілді...


- Өкініш жоқ қой?

- Жоқ, өкінішім жоқ. Керісінше, үлгеріп қалғаныма, ұлыдан ұлы пікір естігеніме бақыттымын. Бұрын ол кісінің атын айтса қорқушы едім, бірақ "тілдессем" деген арманым болған.


- Бір сұқбатыңызда «Театр аймақтық немесе академиялық емес, театр тірі не өлі деп бөлінеді» депсіз. Десе де аймақтықтан шығып, өнер мен мәдениет ордасына айналған Алматы Фархадтың тынысын ашқан болар?

- Петропавлда да менің тынысым ашық болды, бірақ мен бір жерде жүріп актерлерге үйрене бастадым. Кері процесс кетіп қалмас үшін, ол жақтан кетіп қалдым. Алдымен Алматыға келіп «Құлагерді» қойып, сосын қайта кеттім. бірақ аймаққа барған соң, осы жақтың актерлерін сағына бастадым. Петропавлда жүрген кезде жоспарларымның көпшілігі орындалып, өзім сарқыла бастадым. Ойша Алматыдағы актерлерге рөл бөліп жүретін едім. Сосын аймақта жарты жыл жүрдім де, қайта Алматыға ауысып кеттім.


- Сіз сахналаған «Қарагөз» алғаш рет С.Мұқанов атындағы театрда сахналаныпты. Бірақ сіз сол аймақтан кеткен соң, қойылым репертуардан неге алынып тасталды?

- «Қарагөз» мен сол аймақтан кеткеннен кейін тоқтап қалды. Өйткені, басты рөлдегі актер мен актрисалар Алматыға қоныс аударды.. Ал Мүсірепов театрының сахнасына қайталап қоюды Азамат Сатыбалды жарты жыл айтып жүрді. Басында қойылған спектакльді қайталап қойғым келмей, қашқақтап жүрген едім, кейін қолға алдым. Аймақта қойылған «Қарагөзді» Алматы сахнасына еш өзгертусіз алып келдім, сол қалпын сақтадым.

Мен жалпы «Қарагөзді» бәрінен биік қоямын. Бәрі «Құлагер» дейді. Бірақ мен «Қарагөзді» «Құлагерден» биік қоямын. Себебі, «Құлагер» бұрын қойылған, ал «Қарагөзді» мен туған дүние деп есептеймін.


- «Баянсыз бақ» - Ғ.Мүсіреповтың театрының үлкен табысы десек те болады. «Құлагер» мен «Қарагөзден» соң тұрмыстық-әлеуметтік сипаттағы спектакльді қою қиындық тудырған жоқ па?

- «Баянсыз бақты» қоятын кезде көпшілік арасынан «Сен өзің қойып жатырсың ба? Әлде біреу тапсырма берді ме?» деп сұрады. Әлеуметтік драма ғой. Мен Лида апай, Гүлжамал апай, Сағызбай ағай, Сағат ағалармен «Құлагерде» жұмыс істедім де осы кісілермен жалғастырып жұмыс істеп «Баянсыз бақты» қоямын деп шештім. Процесс жақсы болды. Сөзі көп, іс әрекеті аз спектакль болса да сондай жылы. Халық үзілген жоқ, жақсы қабылдады. Өзіндік атмосферасы бар туынды шықты.

Режиссер болған соң, біз де адамбыз, жүрегіміз бар дегендей, тек фестивальге баратын спектакль емес, жылы спектакль қойғымыз келеді. Жалпы әр қойылымның өзіндік ерекше стилі бар. Қазір театрдың репертуары үлкен мәзір сияқты. Бала тақырыбы, үлкендер тақырыбы, жастар тақырыбы бәрі бар, бәрі қамтылып келеді. Бізде қазір үш зал жұмыс істейді. Бұл менің театр жетекшісі ретінде жеткен жетістігім деп есептеймін. Қазіргі уақытта, үш залды да толтыратын спектакль бар. Көрермен келмейтін қойылым жоқ. Ондай спектакльдерді репертуардан алып тастадық. Көрерменнің жылы қарым қатынасын сезген соң, бізде соған қарай жұмыс істегіміз келеді.


- Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» повесін пьеасаға айналдырдыңыз. Қашан көрсек те қойылым аншлаг. Көрерменнің көпшілігі жастар. Демек жаңа заманның жастары Ербол мен Меңтайдың арасындағы махаббатқа сенеді ғой?

- Шынайы махаббатты іздеп келеді. Біз жоқ нәрсені іздегенді жақсы көреміз ғой.Біз сол тазалықты, шынайы сүйіспеншілікті іздейміз. Меніңше, жастар соны іздеп, шөлдеп, махаббатты аңсап келеді.


- Пьеса таңдаудағы ерекшелігіңіз неде? Сіз алдымен актерді көздейтін сияқтысыз?

- Пьеса мен актер егіз сияқты. Бір актерге қарап «Мына спектакльді қойсам ғой» дейтін кездер болады. Бір спектакльдің процессі жүріп жатқанда, екінші спектакльге процесс автоматты түрде басталып жатады. Өйткені ол актердің тағы бір қырын көре бастайсың, сосын іштей «келер жолы осындай рөл берсем болады екен ғой» деген ой келеді. Кейде спектакль шығару үшін пьесадан ой туындаса, кейде актерден шабыт аламын. Алдағы маусымда «Әпкелі сіңлілі үшеу» спектаклі қойылмақ, оған дайындалып жүргеніме жарты жылдан асты. Бұл қойылымға актерлерді екі, үш жыл іздедім, дайындадым. Жалпы бұл қойылымның актерлері тура табылса деймін, үмітім ақталса деп отырмын.


- Ал актер таңдаудан шатасқан кездер болды ма?

- Әрине, ондай болады. Тіпті, үмітің ақталмай жатса, бағытым мен тапсырманы өзгертуге тырысамын. Ал егер мүлдем қателесіп, икемге келмей жатса, ауыстырамын. Ал басты рөлге бекітілген актерлерден шатасып көргенім жоқ.


- Қазақ театрына қандай өзгешелік керек? Біздің елдің режиссерлеріне яғни сіздің әріптестеріңізге не жетіспейді?

- Не жетіспейтінін айтсам, әріптестеріммен өзімді салыстырғандай болармын. Меніңше, тақырыпты дер кезінде спектакльге айналдырып жіберу жетіспейді. Мысалы, «Қаңтар оқиғасы». Тақырып ашық, талқылаусыз сол күйі қалды. Ешкім іліп әкеткен жоқ. Сол сияқты қоғамда сондай ашық қалған, режиссерлер елемей қалған тақырыптар көп. Заманауи пьесаларды қою, көрермендердің сұрақтарына уақытында жауап беру мәселесі күн тәртібінде тұр. Біз жаңа заманның театрын құруға асықпаймыз.


- Қазақ театры сахнасында цензура бар ма? Жалпы театрдың саясаттан қаншалықты алыс болғаны дұрыс?

- Жоқ деп айтсам өтірік болар. Үлкен цензура жоқ. Ал көзге көрсетпей жіберетіндей цензура бар. Ол шығармаға, тақырыпқа байланысты болуы да мүмкін. Арнайы шығармаларда бар, бірақ білдіртпей жасауға болады.


- Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылығыңыз табысты болсын!

Сұқбаттасқан: Қарашаш Есенбай,

ERNUR.KZ