Хит әндердің авторы: "Елбасы кілт сыйлағаннан кейін жолым ашылды"

0
5 356

«Мен сізге аранжировкасын да өзім жасатып берейін» дегенде де айтпай қойған әншілер бар.


Хит әндердің авторы:

Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.

«Осыдан 3 жылдай бұрын түс көрдім. Түсімде анам ескі сандықтан бір уыс кілттерді алып, маған ұстатып: "Мына жаңа сандықты аш" деп жоғарырақ тұрған жаңа сандықты ашуымды меңзеді. Мен «мыналар ескі кілттер ғой, ашпайды» десем, «ашылады» деп қарап тұр. Бір кезде сол кілттердің арасынан кішкентай ғана кілтпен жаңағы сандықты аштым. Сол кезде оянып кеттім, бірақ түсімді ешкімге айтпадым, аса мән де бермедім. Екінші күні тағы түс көрдім, ол кезде Алматының көшелерінде келе жатыр екенмін. Бір уақытта қара көліктен Елбасымыз түсіп, маған тағы да бірнеше кілтті ұстатып, басын изеді де кетіп қалды. Ол кілттердің де арасынан анам берген кішкентай кілтті анық көрдім. Сол күні оянғаннан өзіме симай, шабыт қысты. Күні бойы жүріп, таңғы сағат төртте «Қарындасқа тілек» әнін жазып бітірдім».




Дәл сол ән оның өмірдегі екінші бір тынысын ашқандай. Өмірі өзі күтпеген мүлде басқа арнаға бұрылып аға бастады. Бұған дейін тағдыр оны түрліше сынап, қилы-қилы жолдармен жүргізген еді. Менің бүгінгі кейіпкерім - қилы тағдыры бар, сырлы әндері бар Сара Жүнісбек.


Қарашаш Есенбай: Сара ханым, өзіңізді әлеуметтік желіден көріп, оқып жүремін. Осыдан екі күн бұрын инстаграмға өтірік өлең жаздыңыз, ол жерде «мені ұрлап кетті» деген мағынадағы сөздер бар-тын. Кеше өзіңізді болмаса да, әмияныңызды ұрлап кетіпті. Бұл бір кездейсоқтық та болар, десе де ауыздан шыққан сөздің күші бар екеніне сенесіз бе?


Сара Жүнісбек: Сөз құдіреті бар екеніне сенемін және ырымшыл адаммын. Оның үстіне біздің ата-бабаларымыз шамандар болған, мұсылмандық бізге енбей тұрып отқа, тәңірге сыйынған ғой. Сол себепті сөзге сенемін, үйде қызым бір нәрсені қате айтып қалса, «дұрыс сөйле» деп ескертіп отырамын. «Қалжыңда тұрған не бар?» дейміз ғой, десе де байқау керек. Өткенде «Әкесіз баланың зары» деген өлең жазып, оқырмандарымды жылатып алдым, содан олардың көңілін бір көтеріп қояйын деп «Өтірік өлең» жазған едім. Ол шығармама жақсы пікірлер жазылып жатты, бірақ мен аузымды жауып үлгермей, таңертеңгісін автобуста әмиянымды ұрлаттым. Өлеңде де 4-5 жігіт деп жазып едім ғой, бұл жерде де автобусқа 5 жігіт болып кірді. Мұндай жағдай менде төртінші рет болып отыр екен. Бұрын қомақты ақша, алтындарға дейін ұрлықшыларға алдырып алғанмын. Қаржыны ойламасаң да өзіңнің куәлік, жеке заттарыңның көшеде шашылып жататынына ішің қынжылады.


Қарашаш Есенбай: Бір емес, бірнеше рет ұрлата берудің себебі неде болуы мүмкін? Мысалы, мен ешқашан бір зат ұрлатып, не жоғалтып көрмеппін. Тіпті жоғалған заттарым да қайта айналып келіп жатады. Өзіңіздегі оқиғаны бір тылсым деп ойламайсыз ба, осы оқиғаның қайталана беруінің себеп-салдарын іздеп көрдіңіз бе?


Сара Жүнісбек: Жоқ, іздеп көрмедім. Оның үстіне мен мұндайды тез ұмытып кетеді екенмін. Иә, бұрын жылайтынмын, 1000 теңгеміз жоғалса да «таксиге төлер едім ғой» деп пенделікке салынып жатамыз ғой, ал мен қомақты дүниелерді де ұрлатқанмын. Бірақ мен ақшамен оңай қоштасамын. Он жылдың ішінде 4 рет әмиян ұрлатқаным «қалыпты» деп санаймын. Одан кейін бұл дүниеде ештеңе себепсіз болмайды ғой.

Осы жолы ұрыларға түсіп қалуыма өлеңімнің «өтірігі» көп болғандықтан шығар деп ойладым. Алла соның ақысын ұзаққа бармай-ақ қайтарған сияқты. Бір жағынан ол жай өлең ғой деп өзімді ақтап аламын. «Өтірік өлең» - біздің әдебиетімізде бар дүние.Үнемі бір қалыпты дүние жаза бермей, жаңашылдыққа да ұмтылған жақсы ғой. Өмірде ар-ұяттан аттамай барлық нәрсеге өзгеріс енгізген дұрыс деп есептеймін.


Қарашаш Есенбай: Жақсы, қайырлысы болсын! Енді өзіңіз туралы әңгімеге көшсек, соңғы жылдары сіздің дауысыңызды, өзгелердің орындауындағы әндеріңізді тыңдай бастадық. Бірақ өзіңіз туралы жақсы біле бермейміз, сондықтан оқырмандарға жақынырақ таныстыра кетсек.


Сара Жүнісбек: Мен Түркістан облысының Бәйдібек ауданынанмын. Өте қарапайым отбасында дүниеге келдім, әкем - механизатор, ал шешем - жұмыс істеген емес, тек аумалы-төкпелі заман туғанда бірнеше жыл ауруханада аспаздың көмекшісі болып жұмыс істеді. Әкем ақкөңіл кісі еді, жасыратыны жоқ сол бір Кеңес Үкіметінде өскендердің көбі ащы суға жақындау болады ғой, біздің әкеміз де солай еді. Соның зардабын тартып өскен жастармыз.

Он бірінші сыныпты бітіргеннен кейін нағашыларым «Қолында бір жапырақ қағазы болсын» деп есепші мамандығына оқуға түсірді. Бірақ менің арманым - әнші болу еді, кішкентайымнан өнерге жақын болдым. Арасында өлеңдер жазып, газеттерге де шығып тұратынмын. Бала кезімде «Әнші боламын, болмаса журналист боламын» десем, әкем: «Әншілердің бәрі бұзылып кетеді» деп отыратын. Қазір бойында таланты бола тұра, тасада қалған адамдардың көбінен осы сарындағы әңгімені көп естимін. «Әнші қыздар бұзылған» деген түсінік бұрын бәрінде болған сияқты, менің де әкем солай ойлайтын. Осы себептен менің арман-қиялдарым өзімнен алыстап кетті...


Қарашаш Есенбай: Музыка, сөз мұның бәрі бір қасиеттің ықпалынан туатын дүние ғой. Өзіңіздің бойыңыздағы осы қасиетті қай кезде байқап, қолға ала бастадыңыз?


Сара Жүнісбек: Мектепте түртіп қоятыным бар еді. Кейін отбасылы болғанда тағы шыға бастады ғой (күліп). 21 жасымда тұрмыс құрдым, жолдасым күзетші болып қызмет ететін. Сол кісі жұмысқа кеткенде, қызымды жұбатып отырсам ойыма түрлі өлеңдер келетін болды, сосын «мынадай ән шығарса болар еді» деп ойлап қоятынмын. Бірақ сол күйі ескермей, дамытпай жүре бердім. Оның үстіне күйеуім орыс тілді азамат еді. Сонымен жүріп мен де қазақ тілімді ақсаңдатып алған кездерім бар.


Қарашаш Есенбай: Күйеуіңіз туралы айта кетіңізші, қазір «болған еді...» деп өткен шақта сөйлеп отырсыз...


Сара Жүнісбек: Шымкентте оқып жүрген кезімде оқуымды аяқтамай, Алматыға келіп, нағашы ағамның қасында болып, дүкенде жұмыс істедім. Ал ол жігіт дүкенге жиі келіп тұратын. Сосын өзінің көңілін ұсынды, ағам: «Бұл жігіт сені өлтірмейді. Жақсы азамат...» дегеннен кейін соның қолынан ұстап кете бардым. Бірақ сүйдім, махаббат болды деп айта алмаймын...

Күйеуге шығуыма да сол материалдық жағдайдың төмен болуы әсер етті. Ол кісі Алматының жергілікті жігіті, үйінде алты әпкесі бар, жалғыз ұл болды. Қазақша бір ауыз білмейді, ал мен орысша білмеймін, бірақ бір-бірімізді түсініп кеттік. Әр істің бір қайыры бар дегендей, соның арқасында орыс тілін жетік үйреніп алдым. Қызды болдық, бірақ көп ұзамай жолдасым қайтыс болды. Ол кезде мен бар болғаны 25 жаста едім, енемнің батасын алып, қызыммен бірге басқа өмір бастауға кеттім...

Баламен пәтер жалдап жүріп, түрлі жұмыстар істедім. Солай арада бірнеше жыл өткенде ағам: «Бұлай жүре берме! Курс оқып ал, мен сені жұмысқа кіргізейін», - деді. Сонымен құрылыс компаниясына табельші болып жұмысқа орналастым. Бұл Құдайдың ісінің шеберлігі - орыс тілді күйеуге шығарып, жұмыста орыс тілінен қинамады ғой (күліп). Әйтпесе, Алматыға алғашқы келген жылдары тіл білмей қиналушы едім.


Қарашаш Есенбай: Қазірде құрылыс саласында жұмыс істеп жүрсіз иә, қаталеспесем?


Сара Жүнісбек: Иә, әлі де сол саладамын, осы кезге дейін бірнеше компанияларда қызмет еттім. Алғашқы кезде табельші болып өте атақты фирмаға кірген едім, біраз уақыттан кейін ол жабылып қалды. Сол кезде басшым болған Марияна Владимирқызы екі жылдан кейін мені өзі істейтін компанияға шақырды. Түрлі қызметтер атқардым, дегенмен қазір бір бөлімнің басшысы болып отыруыма ол кісінің сіңірген еңбегі мол. Менің екінші анам деп айтсам да болады, бойымдағы құлшынысты байқап, қолдау көрсетті.


Қарашаш Есенбай: Осылай бір жұмыстан бір жұмысқа орналасып, бір сынақтан екіншіге өтіп жүргенде сағыңызды сындырып алмай, өнерге жетелеген қандай күш?


Сара Жүнісбек: Менің ән жаздыруыма да жұмыстан шығуым себеп болған (күліп). 2016 жылы біздің кәсіпорынның Алматы филиалын жабатын болды. Сол кезде заң бойынша олар бізге басқа жұмыс ұсынады немесе екі айлық көлеміндегі еңбек ақымызды береді. Сол кезде миллионға шамалас ақша алған болатынмын. Ол ақшаны бүгін бар, ертең жоқ дүниелік заттарға емес өзімнің арманымды орындауға салғым келді. Сосын «Қалқам-ай», «Қарындасқа тілек», «Мен отызға толмадым» деген әндерімді жаздырдым. Сол кезде қызым мені инстаграм желісіне тіркеп, шығармаларымды жариялап отыруға үйретті. Тыңдап, оқығандар жақсы пікірлерін айтып жатты. Менің сахнам инстаграм болған сияқты, оқырмандарыма ұнаса одан сайын шабыт алатынмын. 2018 жылы тағы бір жұмыс ауыстыратын болып, жұмыс орным 1-2айлықты қосып берген кезде «Өмір өтіп барады» деген әнімді жаздырдым. Қарап отырсам, мен жұмыс ауыстырған сайын ән жаздырады екенмін ғой (күліп).


Қарашаш Есенбай: Ал шоу-бизнестегі әншілермен қалай байланыс орнаттыңыз?


Сара Жүнісбек: Оған да инстаграм көмегін тигізді. 2017 жылдары «Жігіттер» квартетінің продюсері Ерғали ағамыздың инстаграм парақшасын оқып, пікір жазсам, жауапсыз қалдырмайды. Сосын телефонын алып, оған әндерімді жіберіп «Жігіттерге» ұнай ма екен?» деп сұрадым. Бірақ ол кісінің шаруасы көп қой ұмытып кеткен болуы керек хабарласпады, мен де қайта мазаламадым. Сосын бір күні ағамыз инстаграмға: «Жігіттермен жаңа жоспарларды ақылдасып жатырмыз. Қандай ойларыңыз бар?» деп жазған екен, сол сәтті пайдаланайын деп бірден ол кісінің нөміріне әндерімді қайта жібердім. Аға әнімнің Айдарға ұнағанын, өзі хабарласатынын айтты. Айдарға «Қызға тілек» деген әнім ұнапты, оны «Қарындасқа тілек» деп өзгертсек және бір аптада дауыс жазамыз деген ойларын айтты. Әні де, сөзі де менікі болатын, өзгертуге қарсы болған жоқпын. Әнді жарыққа шығарғасын халыққа бірден ұнады. «Әрі қарай бірге жұмыс істейік» деген ұсыныстан кейін «Үйлену» деген әніне сөз жаздым. Одан әрі «Ақмаралым», «Талпынамын», «Ата-анаға алғыс» деген сияқты дүниелермен жалғасып келе жатыр. Шыны керек, алғашында әнге сөз жазу қиын болды. Бірақ халықтың көңілінен шыққаннан кейін, шабыт аласың.


Қарашаш Есенбай: Әндеріңізден менің байқағаным, бір проблеманы жеңіл әзілдермен жеткізетін сияқтысыз. Мысалы, «Мен отызға толмадым», «Көздерің қара-қара» дегендей... Бұл сіздегі бір ерекшелік пе? Кейде осындай жеңіл сөздерге сын көп айтылып жатады, оны қалай қабылдайсыз?


Сара Жүнісбек: Бұл - заманның талабы, ағынға сай жүзуің керек. Жоғарыда айтып кеттім, адамгершілік пен арды сақтай отырып, барлық дүниеге өзгеріс енгізе беруге болады. Мысалы, «Мен отызға толмадым» деген әнде дәл қазіргі жайттарды қозғауға тырыстым. Ол жерде «Тұрмыс құр деп ұрсады үйдегінің бәрі, Оң жақта отырған қыз болдың ғой кәрі. Кінәм жоқ қой, қыздардың көп болса енді саны, Үйленетін жігіттердің қайда кеткен бәрі?» деп бойжеткені бар үйдегі жағдайды айттым. Ол жерде «Ей, тоқта, жігітім, мен отызға толмадым, Фигурамыз, огого, гүлмін әлі, солмадым» деген сөздер бар. Жігіттердің мүсінге қарайтыны өтірік емес қой?! Оның үстіне әннің фишкасы сол болып тұр. Қазір хит жазуың керек, ал хитке сондай бір фишка табуға тырысасың. Фишканың сондай «құйтырқы» сөз болуы заңды.

Әрине, мұның салдарынан біз қара өлеңді әлсіретіп алатынымыз рас шығар?! Бірақ заман талабы.

Мен шығармаларымда елдің айтып жүрген сөздерін қолдануға тырысамын. Айталық, «Қарындасқа тілек» деген әнімде «Тербетіп ауылыңның даласын, Құда ғып екі үйдің арасын, Ойпырмай, әне-міне дегенше, Қалқатай, ұзатылып барасың» дегендей сөздермен тойда, ауылда айтатын жағдайды көркемдеп жеткізіп беріп жүрмін.




Қарашаш Есенбай: Өзіңіз тапсырыспен жазасыз ба, әлде шабыт күтесіз бе?


Сара Жүнісбек: Мен шабытпен жазғанды ұнатамын. Ондай әннің өз тарихы болғандықтан, сен үшін бағасы жоғары болады. Ол әнді сүйікті әншіңе тегінге де бересің, өйткені әннен халық ләззат алса дейсің.

Менде қазір «Атақты әншілерге ән берейінші» деген ой жоқ. Кезінде болды, бірақ қазір басылдым... Себебі ішінде ренжіткендері бар. Сөзіңді құлаққа ілгісі келмегендер, «Мен сізге аранжировкасын да өзім жасатып берейін» дегенде де айтпай қойған әншілер бар. Олардың атын айтпай-ақ қояйын... Сол үшін қазір қарапайым, енді жарыққа шығып келе жатқан әншілермен жұмыс істегім келеді. Өзімнің үлкен сахнаға шығамын деген арманым жоқ, тек қаржылық мәселе шешілсе бейнебаян түсіргім келеді.


Қарашаш Есенбай: Бірде «Ол кезде өмірге өкініш пен өкпем көп, жалғанның содыр да соқпақ жолын қабылдай алмай, қараңғы түссе жастығымды құшақтап жасқа малына беретін бір бейшара жан едім...» депсіз. Жаңа сұқбатымыздың алдындағы әңгімеде де «Енді ғана өзімді табайын деп жүргендей сезімдемін» дедіңіз. «Таптым» демегеніңізге қарап, өмірге өкініш, өкпеңіз әлі де бар ма деп сұрағым келеді?


Сара Жүнісбек: (көзіне жас алып) Өкініш бар... көп, өте көп. Қазір басты мұратым, өмірге бала алып келдім, оның тағдыры менің тәрбием мен көмегіме байланысты. Ертең қиындық туа қалса, «Шешем мені асырай алмаса, өмірдің ащы жерін түсіндіре алмаса, неге дүниеге алып келді?» деген ойда болмаса екен деймін. Сол үшін де барымды саламын. Алланың алдында мен оған жауаптымын!

Осы жағынан келгенде ата-анама көп ренішім болғанын жасырмаймын. Мен 19 жасымда әкем өмірден қайтты. Жыламай тамақ ішпеген күндер еске түскенде, олар кедей болсын, бірақ бізге басқаша өнеге болғанда ғой деп ойланасың. Кейде осы кезге дейін басқа біреудің өмірін сүріп келгендей боламын. Ол - мен емес едім! Сондай-сондай әттеген-айлар бар... Десе де қазір жеңіл сияқты, себебі жараларымды шығармаларыммен емдеп жүрмін. Одан кейін қызымның жұбаныш сөздері де үлкен үміт сыйлайды.


Қарашаш Есенбай: «Баланың тағдырына жауаптымын» дедіңіз ғой, қазір бізде жалғызбасты ана көп, одан қалса баласын тастап кеткен аналар да аз емес. Осы жағдайлар неден туды? Кім әлсіз болды деп ойлайсыз?


Сара Жүнісбек: Екі жақтан да кінә болады ғой. Бірақ көбінде еркектер қауымынан әлсіздік болғандай. Байқасам әйелдер мықты болып кетті. Өзім құрылыс компаниясында істегендіктен білемін, тепсе темір үзетін жігіттер тиынға жұмыс істеп жүр, ал әйелдер істің көзін тауып, табысын арттыруда. Бізде көбінде еркектердің сауда жасауына намысы жібермейді. Осы жерде баланс бұзылды.


Қарашаш Есенбай: Тағы бірде «Күнделікті күйбелең тіршілік пен күнкөрістің қамы, сенің арманыңнан ажыратып әкеткенде қолыңды бір сілтеп қоя саласың. Бірақ ішің қанжылап тұрады, «Менің болашағым мұндай болуға тиіс емес еді ғой?» деген сан сұрақтарға жауап таппай, өзенде ыршыған шортандай шапылдайсың кеп» деп жазған екенсіз. Сөз соңында өзіңіздің ішіңіздегі бүлдіршін Сараның арман-мақсатын бөліскіміз келеді.


Сара Жүнісбек: Ол қыз осы өмірден кеткенше құнды, адамға ой салатын дүниелер қалдырғысы келеді. Бұрынғы Сара мен қазіргі Сараның арманы екі бөлек. Бұрын көгілдір экранның алдында жүруді армандаса, қазір сапалы дүниені жазғысы келеді. Қалғаны Алланың әмірінде. Бұрын өмірім осылай өзгереді деп ойламаған едім. Бұл да өмірдің бір ғажайыбы болар?!


Қарашаш Есенбай: Әңгімеңізге рақмет! Бүлдіршін Сара мен қазіргі Сараның армандары бір-бірімен қабысуын тілейміз!


Автор: Karashash_esenbay

Фото: Жеке мұрағаттан

ERNUR.KZ