«Қоянбаевтың киносына түсем деп алданып қалғам»: әзілкеш-актер Саттар Ерубаевпен сыр-сұхбат

0
6 409

«Амал жоқ, өзімді мәжбүрлеп күлемін»


«Қоянбаевтың киносына түсем деп алданып қалғам»: әзілкеш-актер Саттар Ерубаевпен сыр-сұхбат

Танымал әзілкеш, «Тамаша», «Бауыржан шоу» театрының әртісі болған актер Саттар Ерубаев «Менің өмірім» бағдарламасына сұхбат беріп, жеке өмірі, шығармашалығы жайлы айтты.


- Сізді соңғы кезде тек кинодан ғана көретін болдық...

- Ер-азамат үшін жар таңдау мен мамандық таңдаудың маңызы зор ғой, сол арманмен Алматыға келіп, оқуға түсіп, дұрыс таңдау жасадық деп ойлаймын. Енді мамандығымыз сондай болған соң тек кинодан көрінуіміз де заңды шығар. Бірақ қазір киноға көп түспей кеттім, сондай бір уақыт шығар, бәлкім. Алдағы уақытта режиссерлер шақырып жатса біріне тас-түйін дайын боп отырмыз. Өзім де алдағы уақытта бір кино түсірсем бе деп ойлап қоям.


- Туған жеріңіз, отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз.

- Қазіргі Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Асықата кентінде дүниеге келгем. Әкем құрылысшы болған, анам дүкен ұстады. Азық-түлік дүкенінде істеді. Қарапайым отбасында өстік. Үш ағайындымыз. 2003-жылдан бері өзім Алматыдамын, Жүргенов атындағы Өнер академиясына келіп, бірден оқуға түсіп, содан бері осы жақта тұрақтап қалдық. Құдайға шүкір, театрда да ойнадық, киноға да түстік. Бұйырғанын көріп келеміз. Негізі менің анам 9 құрсақ көтерген, оның тоғызы да ұл болған, содан қалғанымыз үш баламыз. Оның өзі айтсаң бір тарих енді.


- Атыңызды жазушы Саттар Ерубаевқа ұқсатып қойған екен. Ол туралы не айтасыз?

- Біздің алдымызда балалар қайта-қайта шетіней берген соң менің атымды атасы қойсын деп, әкемнің ағасына қолқа салған екен. Сол кісі фамилиямыз Ерубаев болған соң ырымдап, жазушы атамыздай атақты болсын деп Саттар қойыпты. Аллаға шүкір, жақсыға ниеттенсең бәріне жетесің. Атамның ырымдап қойған аты мені де танымал етті. Жазушы боп кетпесем де елдің алдында азды-көпті танымалмын.


- Өнер адамының жары болу әйеліңізге де оңай емес шығар. Жұбайыңыз жайлы айтып беріңізші.

- Аты – Феруза, киелі Қазығұрттың қызы. Өзімше жігіттердің ортасында «Таудың қызын құлатып, сындырып алғам» деп әзілдеп қоям. Академияны бітірген соң біраз уақыт асабалық қызмет жасап жүрдік. «Әзіл әлеміндегі» Ерболат – Шімән апа, Талғат Жорабаев досым бар, солар мені бір тойға асаба етіп жіберді. Талғат досым «Мынау тойға басқа асабаларды жіберуге қорқып тұрмын, сен барсаң әзілдеп, дұрыстап жүргізесің» деді.

Барсам үлкен академик, тарихшы Мәлік-Айдар Хантемірұлы деген 80 жастағы кісінің екінші әйелінен кішкентай қыз туылған екен. Соның тұсаукесерін жүргіздім. Сол тойдың соңғы жағында «ендігі сөз немерелеріне беріледі» деп аттарын атап шақырдым. Соның ішінде Феруза да бар екен. Жаңағы академик атамыз менің енемнің ағасы боп тұр ғой, жиен боп сөз сөйлеуге шығыпты. Әдемі қыз екен, тамада боп қырындап, әзілдеп тұр ем, қолымнан микрофонды жұлып алды. Өзім мінезді қыздарды жақсы көруші едім, оның мына қылығы бірден жүрекке тиді. «Қарындас...» деп ақырындап танысып, тойдан қайттық.

Біраз күннен кейін тойдың кассетасын апарып бердім. Есікті қақсам, Феруза ашып тұр. Атамыз демалып жатқан екен, Феруза қабылдап алды. Манты істеп қойған екен, тамаққа шақырды. Солай танысып, араласып, үйлендік. Ферузаның қолын сұрауға жалғыз өзім барғанмын. Әке-шешемді апармадым. Алматыдан ұшып барып, Ферузаның ауылына қарай жүретін таксистермен сөйлесіп, әке-шешесіне тіке тарттым. Ол кісілер басында түсінбей, әсіресе атам сәл көңілі түсіп қалып еді. Кейін сөйлесіп, түсінісіп, ақ баталарын алып, құда боп келетін күнді белгілеп, тойханамен келісіп қайттым. Сол Феруза қазір 5 баламның анасы боп отыр.


- Қазір «Алатау» дәстүрлі өнер театрында қызмет етіп отырсыз. Бірақ сізді ел «Беташармен жағдайын жасап алған» деп айтады. Шынымен де беташармен байып кеттіңіз бе?

- Бет ашып байып кеткен түгім жоқ. Мен шынымды айтайын, домбыра тарта алмаған соң келіннің бетін домбырамен ашпаймын. Біздің оңтүстік өңірде көбіне «Ямахамен» ашатын. Алматыға келген соң «Бет ашып бересің бе?» деп сұрайды. «Аша алам, бірақ домбырамен емес, эстрадный қылып ашып берем» дейтінмін. Соған қызығып біраз адам шақырды. Бұрын беташардың табағына қанша түседі, соны алып кетуші едік. Кейін табақты той иесі қызғанып, «ставкаң» қанша» деп сұрайтын болды.

Негізі беташардың ең қызығы, рахаты сол ғой, бет ашып болған соң түскен ақшаны орамалға түйіп алып, қанша түсті екен деп үйге жеткенше ойланып, әйеліңнің көзінше масаттанып санағанның рахаты бөлек болатын. Қазір беташардың қызығы кетті.


- Әңгімеміз тойға қарай ойысты ғой. Құпия болмаса асабалық гонорарыңыз қанша?

- Бағаны айтсаң, Бақыт Беделхан ағамыздың «Күректі айтсам, жер жылайды, жерді айтсам күрек жылайды, көңілді айтсам, жүрек жылайды» деген өлеңі еске түседі. Бір миллион, мың доллар деп айтпай-ақ қояйын. Халықтың қалтасына қарай көсілемін. «Мың доллар» десем, «Так, ол теңгемен қанша, 470 мың ба, одан түспейсің бе» деп те сұрайтындар бар. Сол мың доллар төңірегінде боп тұр ғой қазір.


- Қазіргі сатира сахнасы арзан күлкі мен әлсіз әзілдерге толып кетті деп ойламайсыз ба?

- Ол рас енді. «Тамашада», Бауыржан Ибрагимовтың жанында жүрдім, ол кездегі әзілдердің орны бөлек болатын. Сол кездегі Құдайберген аға бастаған кісілерге де «мыналарың арзан әзіл» деп сын айтқандар болды. Ондай әңгіме айтыла береді де. Бірақ, соған қарамастан әр өңірде жақсы-жақсы театрлар бар, концерттерін қойып, күлкімен көмкеріп жүр. Бұл жерде әңгіме қазіргі КВН әзілдеріне қатысты шығар. Қазір солардың дәуірі жүріп тұр. Әзілдері қысқа болғасын, бәрін соған айтып сыйғызу керек. Ал бұрынғы әзілдердің басы, ортасы, аяғы бар еді. Мәні, айтатын ойы, астары болатын.

Енді менің бір арманым бар, Алматы қаласында театр көп қой. Бірақ мемлекеттік сатира театры жоқ. Ұстазым Құдайберген Сұлтанбаевтың атымен бір сатира театрының ашылуына себепкер болсам деймін. Бұл нәрсені жүзеге асыру үшін жасы үлкен әртістердің басын қосып айттым, Ғани Құлжанов ағамызға да айттым. Енді соның концепциясын жасап, жоғарыға ұсыну керек. Сол сатира театрында Данагүл, Гүлбаушан апайларымыз, Қадірбек ағаларымыз ойнаса, жылына төрт рет концерт берсе, кейін олардың ізін жалғап академияның түлектері жұмысқа келсе, ғанибет емес пе? Біз осы игі істі жалғастырмасақ, қазақтың әзілі вайн-майн, тикток-сиктокпен тоқтап қалады. Арамызда көзі тірі жүрген майталман актерлерімізді бағалайық, сатираның саңлақтарын бір театрға тоғыстырайық.


- «Бизнес по казахский» жобасына кастингтен өтіп тұрып түспей қалыпсыз. Нұрлан Қоянбаевқа ренжігеніңізді білеміз. Сол жағдай не болып еді?

- Кастингтен өттім. Әнші-режиссер Жеңісхан деген бауырым «Болды, сіз түсесіз» деп айтып қойған. Америкаға баратын боп, ең бірінші түсіріліміне әбден дайындалдық. Ал мына жақта «Тамашаның» үлкен концерті болайын деп тұр. Екеуі қатар келіп қалды. Содан мен «Тамашаның» директоры Әлия Лұқпанқызына барып, жағдайды айттым. Ол жақта 7-8 номерге қатысуым керек болған. Бәрінен бас тартып, киноға түсем деп отырғанда Нұрлан Қоянбаев орныма Рамазан Амантайды ала салды. Көңілім алып-ұшып, «Америкаға барам» деп дайындалып тұрғанда біртүрлі боп қалдым.

Рамазан бұл рөлді кішкентайлығымен алды-ау деп ойладым. Бірақ маған «сені мынау үшін алмадым» деп ешқайсысы айтқан жоқ. Кейін өкпемді осылай айтқанда Нұрлан «Неге қозғайсың, не керегі бар» деп ренішін білдірді. Дегенмен де Рамазан Амантай Еркоштың рөліне алынған күнде де басқа бос орындар бар еді ғой. Сол жағы маған түсініксіздеу боп қалды.


- Сіздіңше қазір адамдар шынайы күліп жүр ме? Шынайы күлкі деген қандай болады өзі?

- Шынайы күлкі деген жоқ. Өтірік күліп жүрміз деген дұрыс емес шығар, бізде қазір мәжбүрлі күлкі бар. Мысалы, мен өзіме қарап айтайыншы, біреу анекдот айтып жатса, мына жақта не айтатынын біліп отырған соң амалсыз көңіліне қарап күле саламын. Анекдотты да біреуден естіп алсаң да өзің ойлап шығарғандай етіп, арасына дәмдеуішін қосып тұрып айтсаң, онда шынайы күлуге болады.


- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет. Шығармашылық табыс тілейміз.

Сұхбатты "Ютуб" арнасынан ықшамдап жазған - С. Икрамқызы.