Нұрбол Айтулов: " Менің жүргізушім - келіншегім"

0
6 339

Қыздар ойнайтын рөлді, әрине қыз ойнағаны дұрыс қой. Бірақ жұлып жеп тұрған қызды өзім әлі көрген жоқпын. Мысалы, «Алдараспандағы» Жұлдызайдай қыздар болса неге алмасқа? Маған да, Абайға да әр концертің кезінде бір-бір қатынның рөлін алып шығу оңай емес. Бір жағынан ұнаған соң, оның үстіне қолымнан келген соң ойнаймын!


Нұрбол Айтулов:

Нұрбол Айтулов, актер.

- Кеше парақшаңызға «Бізді сағынсаңыздар, біліп жүріңіздер біз де сіздерді қатты сағынып жүрміз...» деп жазыпсыз. Сағынышты қашан басасыздар?

- Қазір өзіңіз байқағандай осы айдан бастап қызу дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұйыртса, көктемнің алғашқы күндерінен бастап аудан, қалаларға гастрольге шығамыз. Содан кейін мамыр айында Республика сарайында есеп беру кешімізді өткізсек деп отырмыз. Біршама жобаға да келіп қалдық, халық көргесін, бағасын береді ғой.

- Өткен жылы «Нысананың» 10 жылдығы тойланбай қалды. Оны басшыларыңыз денсаулығына байланысты болғанын айтты. Дегенмен сіздердің тараптарыңыздан мерейтойды өткізу туралы ұсыныс болмады ма?

- Ұсыныс болғанда, кез келген жерде басшылықтың айтқаны болады. Бірақ он жылдықты басқа театрларды қонаққа шақырып, ауқымды көлемде өткізу жоспарда бар. Қазір басшымыздың денсаулығы да сыр беріп, мазасы болмай жүр. Оның үстіне барлығымыз киноға түсіп жүрміз. Сондықтан аздап шегініс болды, бірақ алда мақсат көп. Жақсылықтың ерте кеші жоқ қой...

- Құрамдарыңызда қандай жаңалық бар, жаңарту туралы ойларыңыз жоқ па?

- Құрамды жаңарту да керек шығар, бірақ оны біз шешпейміз, бастықтың құзырындағы нәрсе. Қыздар ойнайтын рөлді, әрине қыз ойнағаны дұрыс қой. Бірақ жұлып жеп тұрған қызды өзім әлі көрген жоқпын. Мысалы, «Алдараспандағы» Жұлдызайдай қыздар болса неге алмасқа? Маған да, Абайға да әр концертің кезінде бір-бір қатынның рөлін алып шығу оңай емес. Бір жағынан ұнаған соң, оның үстіне қолымнан келген соң ойнаймын! Көбісі әлеуметтік желіге салсам «Не ол? Еркек емессің бе?» деген пікірлер жазып жатады, бірақ оны өнер деп түсіну керек! Өзіңді актермін деп есептесең, кез келген рөлді сомдай алуың керек. Мысалы халықтың мақтанышы болған Құдайберген ағамыз да әйелдің рөлін ойнады, Уәлибек ағамыз да ойнайды. Сонда олар да еркек емес пе? Тапсырма берілді ме, актер ретінде соны орындаймыз. Ол бұзық әйел ме, ақылды әйел ме бәрі-бір, тапсырма болғасын ойнау керек деп түсінемін. «Онда неге қыздар жігіттердің рөлін ойнамайды?» деген де пікір бар. Демек, қыздар жігіттердің рөлін ойнай алмайды! Қолдан келгесін ойнаймыз, ал фейсбук пен инстаграмға жазып жатқан ақылдылар ақылды болып жүре берсін. Біз-ақ ақымақ болайық! Оларға ештеңе айтқым келмейді! Әйелдің рөлін ойнауға тапсырма берсе актер ретінде қартайғанша ойнаймын!

- Бірақ неге қыздардың жағымсыз кейпін көп бересіздер? Әлде қыздардың тек жағымсыз жағын көресіздер ме?

- Енді жақсы, хиджапта жүрген әйелдің рөлін беретін болсақ оған ешкім күлмейді, бекерге күлкі болып қаласыз. Ал арқасы бар әйелдердің рөлін күлкілі болғасын ойнаймыз. Мен өз басым қонаққа барсам әйелдердің бір қылықтарын жаттап жүремін. Образды қайдан аласыздар деп жиі сұрайды, әрине осы қоғамнан аламыз. Айдаладан алып келіп ойнасақ, халыққа қызық болмайды ғой.

- Осы кезде біз арзан күлкіге ауысып кетпейміз бе? «Күлкі үшін» деп жағымсыз қасиеттерді жарнамалап жүрген жоқпыз ба?

- Қалай айтсам болады екен, күлкі үшін ғой енді. Қазір мысалы «Өнер қырандары» салиқалы қойылымдар қойып жүр, біз тура солар сияқты ойнай аламыз деп айта алмаймын. Қолымыздан келсе де ойнай алмаймыз, әр театрдың өз көрермені, өз стилі бар. Бұл біздің КВН-нен қалыптасқан форматымыз. Бірақ қатты анайы кетпейміз.

- Сөзіңіз аузыңызда, көбінде көрермендер сіздердің әзілдеріңізді анайы деп сынап жатады. Осы тұрғыда не айтасыз?

- Біздің көрермен өзімізбен бірге өсіп келе жатқан адамдар. Статистика бойынша менің инстаграм парақшама жазылғандардың көбі 25-35 жас аралығындағылар екен. Яғни біздің көрерменіміз де осы жаста. Басшымыздың «Егер саған он адамның алтауы дауыс беріп, төртеуі қолдамаса онда сенің еңбегіңнің кішкене де болса бағаланғаны» деген сөзі бар еді, яғни сені қолдаушылар басымырақ болуы керек. Мен барлық жерде тек актер екенімді айтып жүремін. Сатирик, не режиссер емеспін. Актер ретінде берілген тапсырманы орындаймын, айт дегендерін айтамын. Артық айтып қойсам бізде де редактура бар, бәрін қадағалап отырады.

- Сонда әзілдеріңізді кім жазады?

- Өзіміздің жігіттер жазады. Өздеріңіз білетіндей, Дәнекер Оразбаев ағамыз бұрыннан келе жатқан қоюшы-режиссеріміз, сол кісі және Абай мен Әбунасыр ағамыз да жазады. Мен жаңа айтқанымдай тек актермін. Кейде КВН жарыстарға әділ-қазы болуға шақырып жатады. Көбінде бастардамын, себебі біреуді сынаған, мінеген, ақыл айтқан ұнамайды. Қонақ болып ойынды көргенді тамашалағанды жөн көремін.

- Шыны керек, әділ-қазыларға қалыңдау көрпеше төсейді ғой. Мұндай құрметтен бас тартуыңыз сіздің кертартпалығыңыз ба, әлде қарапайымдылығыңыз ба?

- Мүмкін сіз айтып отырғандай кертартпалыққа жататын шығар?! Қарапайымдылық дей алмаймын, өйткені қазылықта отыратындар да қарапайым адамдар. Өнерге қосқаны бар, бағалай алатын жандар отырады деп ойлаймын. Уақытысында бір-екі рет қазы болғанымда, соңында дау туып кететін. Қазақта өзі «Турасын айтып туғаныңа жақпайсың» ғой. Содан кейін ешкімнің көңілін қалдырмауға тырысамын. Кейде тойға бағаңды түсіріп шақыратындар болады, сондай кезде «Мынау да үйінде жатып алып, не болады келе салса?!» деп айта ма, бір жерде көріп қалсам ұят бола ма деп барып жатамын. Ол да бір ақкөңілділіктің зардабы шығар?! Айтуға да ұят екен.

- Сол ақкөңілділіктен сан соққан кездер көп болды ма?

- Көп емес, ауыр да дүние емес. Кейде өзі солай екі ортада қалып кететін жағдайлар болады. «Екі түйенің ортасында шыбын өледі» дейді, өлмесек те қыстырылып қалатын уақыттар болады. Пенде болғасын сіз де, біз де біреуге қыстырылып, біреуді қысып жүрген адамдармыз ғой (күліп).

- Бір әзіліңізде «Дәнекер екеуміз кездескелі күндес болып келе жатырмыз» деген сөзіңіз бар. Ал өмірде үнемі қалай бірге жүресіздер?

- Бұл сахнадағы образымыз, ол кісі менің театрдағы «любимый» серіктесім. Сахнада екі актер бір-бірін түсініспесе дұрыс дүние шықпайды. Уәлибек ағамыз: «Сахнада көрерменді күлдірудің бір жолы - бір-біріңнің үстіңнен күлу» деп айтады. Бір-біріңді кекетіп, әзілдескенде күлкі шығады. Сахнада тұрып алып «Сенің түрің жылтыр екен» деп мақтануға, не болмаса көрерменнің үстінен күліп тұруға болмайды ғой. Халық нені қалайды, қайсысына күледі дегендерді таңдап ойнауға тырысамыз ғой. Өмірде ол менен 3 жас үлкен болған соң аға дейміз, ал сахнада серіктес, кинода сыныптасым болып ойнайды. Дәкең екеумізде үйлесім бар, ол кісі ұзын арық, мен кішкентай толықпын. Екеуміздің арамызда халыққа ұнайтын микс бар сияқты. Екеуміз бір-бірімізді мақтап тұрсақ халық күлмейді, ол табиғаттың заңына қайшы шығар?! Адамды мақтағанда жанындағылар күлмейді, керісінше қызғанышпен қарайды ғой.

- Өнер сахнасында жүргендеріңізге он бес жылдай болды. Осы уақытта кәсіби білім алу туралы ойларыңыз болмады ма?

- Біздің мамандығымыз актерлікке жақындау. Өмірдің өзі мектеп деп жатады, жасымыз отыздан асқанда актерлікті оқимыз деп айта алмаймыз. Басшымыз Әбекеңнің арқасында, оның алдындағы ұстаздарымыздың арқасында актер үйренгеннің 100 пайызын болмаса да, жартысынан көбін игердік. Өздеріңіз білетіндей Әбекең 4 жыл актерлікті оқып, 15 жылдай «Бауыржан шоуда» жұмыс істеді. Кәсіби маман болғасын, сол кісінің он жылдан бері сабағын алып келе жатырмыз. Қу тіршілікте адамдарға күлкімен күш бергіміз келеді.

- Сахнада көп уақыт жүрсеңіздер де имиджбен жұмыс істемейсіздер. Сіздер туралы ақпарат жоқтың қасы. Біздің жұлдыздар тойшыл және элита қауымы болып бөлініп жатады. Осы орайда тойдың айналасында қалып кеттім деп ойламайсыз ба?

- Барлығы айналып келгенде күнкөрістің қамы. Егер өнерден, біз шығатын арналардан ақша түсіп жатса той іздемес едік! Мен өз басым тек сахнада ойнағым келеді, тойға шыққым келмейді. Өкіметтен актерлер тойға шықпасын, өнерге қызмет етсін деп қаржы бөлсе, мен тек сахнада 24 сағат қызмет етер едім. Егер одан бала-шағамды асырай алсам? Мен концертпен, гастрольмен балаларымды баға алмаймын. Қазір біздегі аудандағы мәдениет үйлері қомақты ақша сұрайды, мысалы мына тұрған Түркістандағы Мәдениет сарайы 500 000 мың сұрап жатыр. Өйткені ол мемлекеттікі емес, университеттікі екен. Сіз енді оған билетке, жарнама жасатуға, оны жабыстыруға кеткен ақшаларды қосыңыз. Бізге өкіметтен ешқандай пайда болып жатқан жоқ. Тіпті әншілерге берілетін «Дарын», «Құрмет» деген атақтар әзіл-ысқақ саласындағы актерлерге берілмейді. Мысалы Уәлибек Әбдірайымовтың бірде бір атағы, медалі жоқ. Бірақ ол 20 жыл бойы сатираны сүйреп келе жатқан адам. Жүсіп ағамызда да жоқ, бірақ одан кейін шыққан әншілерге беріліп жатыр. Көре алмай жатқаным жоқ, неге еленбейтініне таң қаламын. Осы мәселені ағаларыма да айтқанымда қағазы мен темірі керегі жоқ, халықтың берген атағы жетеді деген. Менде солай 18 миллион халықтың 1 миллионы өнерім үшін арқамнан қақса, маған сол «Мәдениет қайраткері», «Дарын» сыйлығы. Өкімет ол медалді беріп, халық құрметтемесе не керек?

- Бізде медаль алып, халық құрметтемейтін адамдар бар ма?

- Бар! Оларды атап айта алмаймын. Дәл қазір есімнен шығып тұр, бірақ біршама байқауларға қатысып лауреат болсаңыз «Мәдинет қайраткері» деген атақ береді екен.

- Табысты тойдан табатыныңызды айтып қалдыңыз. Тойға жиі шығасыз ба және халық қаншаға шақыра алады?

- Шақырса жиі шыққың келеді ғой, әрине. Артық ақша кімге керек емес? «Мен» деген патшаларға жетпеген ақша, сіз бен бізге жетіп пе? Бірақ мен той басқармаймын, асаба болмаймын. Тек арасында 20 минутқа ойнауға шығамын. Жұрт сияқты доллар сұрамаймын, 100 000 теңге ғой.

- Қазір «Сахнада сыншы болмағандықтан әртістер көбейіп кетті» деген пікір бар. Көркемдік кеңес те жоқ. Сондықтан шектеу де жоқ болып тұр дегенмен келісесіз бе?

- Иә, шын мәніне келгенде еш жерде сыншы жоқ. Өнер адамдарының көбейіп кеткені бәлкім сол себептен шығар?! Отырып алып жұрттың айтқанын бөсе бергім келмейді. Бірақ сіздің сыншы жоқ дегеніңізге қосыламын!

- Егер көркемдік кеңес болса, «Нысана» ол кеңестен өте алар ма еді?

- Өзіміздің әзіл-ысқақ жанрында он адамнан тұратын кеңес болса, алтауынан өтетін шығармыз (күліп)?! Айналып келгенде көркемдік кеңес - халық. Халық қаласа, көркемдік кеңес шеше аламайтын сияқты. Бірақ кеңес болса ақшасы бар әнші, әртістер жойылар еді деп ойлаймын. Қазіргі ақпараттың дамыған заманында бәрі әнші, тіпті мен де (күліп).

-Әнші дегеннен шығады. «Әмина, айтшы не қылайын?» деп әндетесіз. Әмина деген кім және бәрін неге содан сұрайсыз?

- Сондай болды да енді (күліп). Бізде 1 жылдай Әмина деген қыз жұмыс істеді, бірақ қыз баласы болғасын өнер жолы қиын ғой. Оның үстіне оның сөз байласқан жігіті болды. Сол жігіт қызғанып, тұрмысқа шығып кетті. Бір жылдай кішігірім мәселе болған. Біз ел аралап концерт қоямыз, қыз баласы ондайға арналмаған. Қыз нәзік келеді, шаршайды, оған қоса бүкіл жігіттің ортасында жалғыз жүру оған қиын болды. Сол қыздың кезінде шыққан ән болатын.

-Сахнадағы әзілдеріңізде де, парақшағызда да «Түрім онша емес» деп көп жазасыз. Неге? Риза емессіз бе?

- Риза емеспін деп айтпаймын. Бала күнімнен менде бойым кешкентай екен деп комплекс болған емес. Шын айтамын, неге кішкентаймын деп арыз айтпаппын немесе ол үшін ұялған емеспін. Бірақ желіге өзімді салып «Қараңыздаршы, қандай красавчикпін» десем, халық «Жетісіп қалыпсың», «Қай жерің сүйкімді» деген сияқты әңгімелерді жазады. Ал егер өзімді-өзім жер қылып жазсам, онда халық керісінше болады. «Әжептеуір жігітсің ғой!» деп жаза бастайды, ал маған сол ұнайды (күліп).

Әйтпесе бойымнан ұялған тұсым жоқ, маған бойы ұзын қыздар ұнайтын. Мысалы келіншегімнің бойы менен 16 сантиметр ұзын.

- Енді сол отбасыңызға қарай әңгімені бұрсақ. Жазбаңызға қарасақ, бәрін супер-келіншегіңіз істейді екен. Сіз не істейсіз?

- Менің жұмысым ақша табу, Алланың аманаттарына қиянат жасамау. Бірінші Алланың арқасында көйлектері бүтін, тамақтары тоқ. Ер азығы мен бөрі азығы түзде деген, көбінде жолда боламыз. Ал балаларды тәрбелейтін, оқытатын, оларды мектепке, балабақшаға таситын, тіпті мені жұмысқа алып келіп тастайтын да келіншегім. Бірақ шүкір жаяу емес, астына көлік алып беріп қойдық. Мен өзім жаяу жүремін. Көлікке қызыққан емеспін, айдамағанмын да. «Бастық боламын» сериалындағы Жигулиді мен емес, менің киімімді киіп басқа адамдар айдаған. Көлікке бала кезде қызыққан жоқпын. Бір күні айдайын десем аяғым жетпеді, аяғым жетсе басым көрінбеді, сосын қойдым. Оңтүстіктегі әртістердің ішінде көлікті Заттыбек ағам, Жүсіп ағам, сосын мен айдамаймын. Менің жүргізушім - келіншегім. Өзі қыз күнінен көлік айдайтын, бірақ мәшинесімен алған жоқпын, олай ойлап қалмаңыздар, өзім алып бердім (күліп).

- Жарыңызбен қалай таныстыңыз?

- Жарым Алтынаймен университет қабырғасында оқып жүргенде танысқанмын. Қазір отбасын құрғаныма сегіз жылдай уақыт болды. Мен университет бітіргесін мұғалім болып, сонда арнайы үйірме жүргіздім. Бұл қыз менің сабағыма қатысып жүретін. Мүмкін менің күлдіріп өтетініме қызыға ма, міндетті болмаса да қатысушылар түгел келетін. Сосын ыңғайы болғанда барлығының нөмірін алып алдым. Осы қызбен хабарласып, араласып кеттік. Университет бітіргесін, дипломмен ауылға деген бағдарлама бойынша Ленгірдің арғы жағына ауылға алып кетіп қалдым ғой. Қазір шүкір үш ұл, бір қызымыз бар.

- Балаларыңызды қылығына, қабілетіне қарап кімге ұқсатасыз?

- Қазір енді кішкентай болғасын қабілеттері байқала қоймайды ғой. Бірақ үлкенім нағашыларына ұқсайды, ал қалғаны тура өзім. Кейде бір жек көретін мінезің болады ғой, дәл сол мінезіңді балаларыңнан көреді екенсің. Сол жағынан маған тартқан ба деймін?!

- Өзіңіздің жек көретін қасиеттеріңіз көп пе?

- Көп қой. Көп ашуланбаймын, бірақ кейде ойламаған жерден көтеріліп кетемін. Кейін тез басылып артынан кешірім сұрап жүремін. Тағы бір кемшілігім - жалқаумын. Кейбір адамдар үйге сыймай жүрсе, мен үйден шықпай жата беремін. «Бастық боламын» киносын 2 ай түсіріп келгесін, 1 ай үйде болдым. Кездесетіндер үйіме келіп жүрді. Ешқашан үйімді тыққан адам емеспін, менің қайда тұратынымды бәрі біледі, өйткені өзім жаяу көп жүремін. Біздің аялдама «Нұрболдың повороты» деп аталатын болған.

- Тағы бір күресіп жүргеніңіз темекі екен..?

- Иә, соны қоя алмай жүрмін. Ішімдікті қойдым, құдай ішкізбесін. Ішпедім деп айтсам, менімен ішкен адамдардан ұят шығар? Бір кісідей іштім, алқаш болып кетпесем де, іздеп ішкен кездер болды. Баратын тойдың бәрінде арақ тұрады, кейде ішпесең өкпе артып шығады. Бірақ қазір қойғаныма 2 жылдан асып қалды. Балаларым өсіп қалды, соларға көрсеткім келмеді, ертең олардың да мен сияқты жүргенін қаламаймын.

- Қалай қойдыңыз?

- Ешқандай укол салдырмадым, тәуіпке барған жоқпын. Қоюыма үлкен балам әсер етті. Ол кезде дайындық сыныбына баратын кезі ғой. Ішіп келген күннің ертеңіне үйдің артында ішіп тұрсам үлкен балам келіп: «Папа, не болды кеше ішіп, бүгін бас жазып жатырсыз ба?» дейді. Жүрегіме бізді тығып, шаншып алып алып шыққандай болды. Сонда ол қазірден осылай айтып тұрса, ертең не істемейді деп ойладым. Бір сөзі тәубеме келтірді! Сосын он күн өліп іштім, ойым сол нәрседен жиіркеніп кету керек болды. Артынан 5 күн ауырдым, қазір бетіне қарамаймын.

фото: инстаграм парақшасынан алынды