"Ем іздеп келіп, кәсіп аштым": Стамбулдағы қазақ мейрамханасының иесімен сұқбат

0
3 313

Адам өмірінде күтпеген, жоспарламаған жайттар көп болады ғой. Солай күтпеген жерден Стамбулда тұру мүмкіндігі туды. Ол сұлулық пен кұштарлыққа түнған қала, онда әртүрлі ұлт, әр түрлі адам, әр түрлі тағдыр ғұмыр кешуде. Барған күннен-ақ, көшелерін қызықтап, теңіз бойын жаңалап кеттік. Қаланың көшелерінен қазақтарды көптеп кездестіруге болады, олар бірге жиналып, кейде түрлі акциялар ұйымдастырып тұрады.


Әрине өзге ұлттың жерінде жүріп, елден сағынатын бірінші нәрсе - ұлттық тағамдарымыз. Біз де солай жылқының етімен, қазысын сағынып қазақша мейрамханаларды іздеген едік, желіден бірінші тапқанымыз "Алма ханым" мейрамханасы болды. Аралдардан келген бойда, кешкі ас ішуге сонда бардық. Барсақ Алма ханым дәл сол күні қызметкерін демалысқа жіберіп, мейрамханасында өзі жүр екен, өзі тапсырыс қабылдап, бәрін түсіндіріп жүрді. Ашық жарқын ханыммен біз де сөйлесуге құмартып таныса кеттік.


- Алма ханым, ең бірінші өзіңіз туралы жақынырақ білсек?

- Мен өзім Жамбыл облысындағы Қордайда туып-өстім, сонда мектеп бітірдім. Мектеп бітірген соң арманым болған Медицина саласын таңдап, Қырғызстанда медициналық училищені бітірдім. Кейін Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Медициналық университетке түстім. 20 жыл сол жерде жұмыс істедім, Аллаға шүкір, сол жердің адалынан нанын жедік.

Балаларым мен немерелерім қазір сол қалада, ал өзімнің осы жерге келуіме денсаулығым себеп болды. Өзім дәрігер болғандықтан, жаман ауруға шалдыққанымды сездім... Солай Стамбулға жолым түскен еді.

- Құпия болмаса, неліктен бұл елде емделуді таңдадыңыз? Өз әріптестеріңізге күдік болды ма?

- Менің ұйқы безім ауырып, бір күн жақсы жүрсем, екі-үш күн мазам кетіп жүретін болдым. Ауыра берген соң қаралып едім, елдегі дәрігерлер "ұйқы безді алып тастауға болады, бірақ 100 пайыз қант диабетіне шалдығасыз» деп ашық айтты. Тіпті "отаны көтере алмай қалуыңыз да мүмкін" деген соң тәуекел жасай алмадым.

Шетелге қаралып көрейін деп, мүмкіндіктер қарастыра бастадым. Сол кезде ең үнемдісі Түркия болды. Мұнда келіп, елде жасалған барлық анализдерді қайта тапсырып, тексерілдім. Негізі Қазақстандағылар жаман аурудың диагнозын қойып тастаған ғой, яғни, «рак поджелудочной железы» деді. Бірақ Түркияда мұндай ауру жоқ, соның алдындағы белгілер бар екені анықталды. «Қорқынышты ештеңе жоқ, ота жасаймыз, сәулелік терапия аласыз, 100 % жақсы болып кетесіз» деді. Содан отаны жасаттым. Аллаға шүкір, жағдайым жақсы.

Көбісі мұнда қаралуға келгенде қиналып келеді ғой. Ортадағы делдалдарға бір төлеп, дәрігерге тағы төлейді. Негізі тікелей өздері клиникаға келіп, қарала алады. Мұндағы барлық медицина саласында екі баға бар - мемлекеттік және жекеменшік. Жекеменшік бағаны өсіріп, біздің қазақтарды емдеп жатыр. Соған жүрегім ауырады. Қазір кез келген ауру емделеді. Тек соңғы деңгейде болмаса болды. Кейде өз оқиғам осыған қатысты болғандықтан осы туралы көбірек айтқым келеді.




- Емделуге келіп, осы қалада кәсіпкер болуға не түрткі болды?

- (күліп) Мұнда келіп 6 ай ребалитация алдым, бақылауда болдым. Сол кезде Стамбулды қатты ұнатып, қалуға шешім қабылдадым. Медицина саласы бойынша жұмыс іздегенмін, оған мүмкіндік болмады. Ол үшін азаматтық алу керек екен. Содан кейін киім сату, сауда жағын зерттедім. Нөлден бастаған бизнесім, адамдардың біріне-бірі айтуының арқасында жақсы дамып кетті. Негізі Қазақстанға ғана сатамын деп ойлағанмын. Кейін Ресей, Украина, Молдавия, Натвия, Литва, Ирак, Иран, Сауд Арабиясы, Сирия секілді елдер де тауарға тапсырыс бере бастады. Ойламаған жерден Африка қосылды. Қазір Америкаға дейін тапсырыс береді.

- Ол кезде әлеуметтік желі қазіргідей емес еді ғой, қалай іске асырдыңыз?

- Менің кәсібімнің дамуына желінің көмегі көп болды. Алғашында арнайы топқа тек қазақстандықтарды ғана қосып қоятын едім, кейін барлық елдерді қоса беретін болдым. Маған жеткізу қызметімен айналысатын адамдар көп көмектесті. Қазір 500 жеткізуші танысым бар. Оның арасында 50 аяқ киім, 150 шақты балалар киімі, қалғандары төсек-орындар, алтын, дәрі-дәрмек тауарлары бар. Бір күнде 26-27 адам тапсырыс беріп жатыр, өз командам бар.

- Медицинада саласында жүрген сізге кәсіпкерлікке ауысу қаншалықты қиын болды?

- Медицинаны бүгінгі күнге дейін бірінші орынға қоямын. Ол – менің бала күнгі арманым. Кәсіп бастау да менің арманым болатын. Қазақстанда "мұны жасаймын" деп бірнеше рет ұмтылдым, бірақ мені қолдайтын адам болмады. Адамдардың «Ойбай, ондай болмайды», «рұқсат етпейді» деген сияқты сөздерінен сескеніп, бизнеске кірісу үшін біреу қаржылай, біреуі ақыл айтып қолдауы керек деп ойлайтынмын. Бұл - сауатымыз болмағанының көрінісі. Мен ең алдымен сауатымды аштым, курстан курс қоймай оқып, барлық бизнесмендерді тыңдап көрдім. Қазақстандық, ресейлік бизнесмендердің кәсіп ашу тарихымен таныстым. Шетелдік миллионерлердің, миллиардерлердің позицияларын, талаптарын қарадым. «Оның жасаған дүниесін мен неге жасай алмаймын?» деп ойланып, «жасаймын» деп шешім шығардым. Мен барлығын нөлден бастадым, шүкір, қазір ресторан сатып алып отырмын.

- Иә, бізде сізді осы ресторан арқылы танып отырмыз. Өзге елде қазақ дәмханасын ашу қайдан ойға келді?

- Осындағы қазақтардың уатсаптағы чатында "ет жегіміз келді", "қазақша тамақ болса ғой" деген сөздерді жиі оқып қаламын, сосын өзіме «тек қана қазақша тамақ жасайтын ресторан ашамын» деп уәде еттім. Ойлағаныме екі күн өткенде осы жерді сатып алдым, 20 күннен соң ашылдық. Стамбулда қазақтардың тағамын жайындайтын бірнеше дәмхана бар, мен ол үшін қуанамын.

Бизнестің алғашқы жылдары болғандықтан статистикасын, жетістіктерін ауыз толтырып айта алмаймыз. Мұны кез келген бизнесмен біледі. Бірақ бір қуанатыны – тұрғындар тамағымызды ішу үшін арнайы іздеп келетін жағдайға жеттік, кейде тапсырыспен де алдырып жатады. Тек қазақтар емес ұйғыр, өзбек секілді халықтар да, сосын ресейліктер мен украиндықтар да жиі бас сұғып жүр. Түріктердің ішінде де сірне, мантыны жақсы көретіндер бар.

- Азық-түлікті елден алдырады деп естідім..?

- Жылқы етін ғана Қазақстаннан алдырамын, қалғанын осы жерден табамыз. Халал, адал сойылған жерден ет аламыз. Мысалы, қойдың еті 6 айлық қозыдан, ал сиыр еті 1 жастан аспаған болу керек деген талаптарым бар. Жеткізуші адамдарым мұның бәрін біледі. Келген қонақтарым «етіңіз ерекше дәмді» деп мақтап жатады. Себебі біз кез келген етті алмаймыз.

- Аспаздарды қалай таңдайсыз?

- Негізі тұрақты адам табу қиын, себебі мұнда көбіне демалуға, не аз уақытқа келіп кеткісі келеді. Кейбірі тұруға рұқсат ала алмай жүреді деген секілді... Сондықтан келіп кеткен адамдар өте көп, оған қоса бұл кішкентай ғана мейрамхана болғандықтан айлығы да көп емес. Қазір аспаздарым ұйғыр кісілер, сосын бір татар жігіті жұмыс істеп жатыр.

"Менің мейрамханам құтты” деп күліп қоямын себебі осында жұмысқа келген көп жастар айлығы жоғары жұмысқа орналасып, кейбірі Еуропа елдеріне де кетті.

- Байқасам өзге ұлт өкілдеріне жұмыс беріп отыр екенсіз, осында жүргелі мұнда жұмыссыз жүрген қазақтарды көп көрдім. Оларға жұмыс жоқ па, әлде жұмыс істегісі келмей ме?

- Біздің қазақтар түк істемей, көп ақша тапқысы келеді. Менталитет солай қалыптасқан. Жауапкершілік алып үйренбеген. Адам өзінің білімін дұрыс сата білуі керек, өкінішке орай көбінде ондай қабілет жоқ.

- Мейрамханаларыңызға танымал адамдармен бірге, осындағы қазақтарда жиі жиналып, бас қосып тұрады екен. Өзіңіз арнайы жобалар ұйымдастырады деп оқыдық, сол туралы айта кетсеңіз.

- Иә, тақырыптық кештер ұйымдастырып отырамын. Ондай кештің мақсаты - дос-орта табу. Осыған дейін екі кеш өткіздік. Ал алдағы наурыз мерекесіне орай тағы да үш күндік кеш өткізгіміз келіп отыр, міндетті түрде наурыз көже дайындап, айтыс өткіземіз деген жоспарымыз бар.

- Алма ханым, әңгімеңізге көп рақмет! Жоспарларыңыз іске аса берсін!


Автор: Қарашаш Есенбай