"Түркістанда таныс іздейтіндер бар екен": Оқушылар сарайының басшысымен эксклюзивті сұқбат

0
7 698


Ол құрылысшы мамандығын бітірген. Әр істің алғашқы тасынан бастап қалануына дейін, тіпті қабырғадағы суреттеріне дейін өзі жіті ден қояды.

Мысалы, Түркістандағы Оқушылар сарайына барған адам ол жердің құрылысына тамсанбай қайтпайды. Ал ол жерде оның тынымсыз еңбегі, тоқтаусыз ізденісі жатыр.

Менің бүгінгі кейіпкерім — Түркістан облысындағы Оқушылар сарайының басшысы Индира Сарқытқызы.


Қарашаш Есенбай: Индира ханым, бүгін өзіңізбен сұқбаттасудың мүмкіндігі туғанына қуаныштымын. Ең бірінші өзіңізбен жақын танысқымыз келеді...


Индира Сарқытқызы: Мен де қуаныштымын. Өзім туралы айтар болсам, Талдықорған қаласының тумасымын. Яғни Алакөл жақтанмын. Отбасылымын, Аллаға шүкір, жолдасым мен екі қызым бар. 2007 жылы Астанаға тұрмысқа шықтым.

2019 жылы Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайы жөнінде ұсыныс түскеннен бастап өз концепциямды жазып, дайындадым. Оны облыс әкімі мақұлдағаннан кейін іске кірістік, қазір міне 8 айдан бері осы өңірге келіп, қызмет етіп жатырмын. Осыған дейін Нұрсұлтан қаласында Оқушылар сарайында жұмыс істегенмін, ол жерде 7 жылдық тәжірибем бар.


Қарашаш Есенбай: Өзіңіздің алғашқы мамандығыңыз биолог екен, кейін экономист, сосын құрылыс саласының маманы болыпсыз. Бұл мамандықтар сіздің шығармашылық ортада, балалармен жұмыс істеуіңізге қиындық тудырмады ма?


Индира Сарқытқызы: Жоқ, мүлде қиындық болмады, мен өте балажан адаммын. Балалар жүрген жерде адамның жүрегі ешуақытта қартаймайды ғой... Балалар – өмірдің гүлі, қуанышы. Балалармен жұмыс істеу шабыт береді.




Қарашаш Есенбай: Өзіңіз Жетісуда туып, Солтүстік өңірге келін болған екенсіз. Ал Түркістанға үйрендіңіз бе, мұндағы менталитет қалай дегенде де басқаша ғой...


Индира Сарқытқызы: Өзім Солтүстікке күйеуге шыққаныммен, жылы жақты жақсы көретін адаммын. Оның үстіне бір Қазақстанның іші болғандықтан, суын ішіп, нанын жегендіктен қиындық тудырған жоқ.

3 жыл бұрын келіп Түркістанның қасиетті жерлерін аралап кеткенмін, сонда осындағылардың қонақжайлығы, қарапайымдылығы мені бірден баурап алды.


Қарашаш Есенбай: Осы ғимараттың іргетасын өзіңіз қалап, әр қабырғаның қалануына дейін ат салысыпсыз. Адам барлығын өзі бастаған дүниенің мінсіз болғанын қалайды ғой. Енді оған ат салысатын маман да бар. Қызметкерлерді таңдауда неге жіті мән бересіз, талабыңыз қандай?


Индира Сарқытқызы: Адамдардан біліктілікті талап етемін. Осы уақытқа дейін тек сапаға жұмыс істеп үйреніп қалған адаммын. Сол үшін жұмысшылардың санынан бұрын сапасы маңызды. «Түркістанға осы болады» деген сөзді қабылдамаймын. Бұл жер рухани астана болғандықтан, жұмыстың бәрі жоғары деңгейде болуы керек. Жұмыс сұрап келген адамның қолын бос қалдырмауға тырысамын, бірақ талабымды да бірден айтамын.


Қарашаш Есенбай: Шынын айту керек, мұнда жұмысқа тұру үшін таныс-тамыр керек, не сыйақысын беру керек деп ойлайтындар бар. Жасырын болмаса айтыңызшы, өзіңізге солай ұсыныс айтқандар болды ма?


Индира Сарқытқызы: Өтірік айтпай-ақ қояйын, болды! Бірақ маған абыройым маңызды. Әке-шешемнің жүзін жерге қаратқым келмейді. Сондықтан Алланың берген тағы шығар менің алдыма жұмыс сұрап келген адамды жұмыссыз жібермеуге тырысамын. Кеше ғана үш баланың әкесі келіп, жұмыс сұрады. Қиын жағдайда екен, балаларын бағу керек, ал мұнда көбі таныссыз қабылдамайды деді.

Тағы бірде қонаққа шақырған еді, сонда осындай әңгіме басталып жатқанда «Егер тек осы туралы сөйлесу керек болса, тұрып кете берейін» дедім. «Мінезіңіз тік екен» деп таңырқап қалады. Мен өмірдің бумеранг екеніне сенемін! Әр ісі адамның өзіне қайта келеді. Ұжымдастарыма да менің атымды жамылып, осындай әрекетке бармауларын, тек адал әрі сапалы жұмыс жасауымыз керектігін айтқанмын.




Қарашаш Есенбай: Осындай қадамда «таныс керек» деген ұғымды жоюға ықпал ететін шығар деген үміттемін.

Ал, енді орталықтағы курстар туралы да айта отырсақ. Бас кезінде осында Сатыбалды Нарымбектов, Айгүл Иманбаева сынды өз ісінің мамандарымен келіссөз жүргіліп жатыр деген ақпарат оқыған едім. Осы іс жүзеге асты ма?


Индира Сарқытқызы: Иә, жүзеге асты. Айгүл Иманбаева өзінің А.И академиясымен осында. Біздің орталық ертең, яғни 1 ақпаннан бастап оқушыларды қабылдап, ресми жұмысын бастайды.

Балаларға сабақ беретін ең білікті, ең мықты мамандарды тартуға тырыстық. Анимация мамандарын, олардың аппатарының бәрін арнайы алдырдық. Осының бәрі біздің балалардың жан-жақты болуы мен дамуы жолындағы жұмыстар.


Қарашаш Есенбай: Осы жерге ашық есік күні келіп, ата-аналардың балаларын ертіп келіп жатқанын көріп қуандым. Қазіргі ата-аналардың балаларын бейімдеуге деген көзқарастары қандай екен?


Индира Сарқытқызы: Қазір ата-ананың көзқарасы өзгерген. Пандемияға дейін көзқарас басқа болған еді. Бұл жағдай халықтың көзқарасын жақсы жағына бұрған деп білемін. Балалардың біліміне көп көңіл бөліне бастаған. Түркістан өңірінде көпбалалы аналар, отбасы жағдайы төмен отбасылар бар, соларды ескере отырып біздегі 60 үйірменің, 10-ы тегін еттік. Ал негізі үйірмелер бағасы - 5000 теңгеден басталады.


Қарашаш Есенбай: Балалардың көпшілігі қай курстарға жазылып жатыр?


Индира Сарқытқызы: Балалардың техникаға, өнерге деген қызығушылықтары өте мол. Тіпті балалардың ата-аналарына дейін үйірмелерге қатысқысы келіп тұрады. Алдағы уақытта осы жайттарды ескере отырып, ата-аналарға арналған да үйірмелер қосатын ойымыз бар.


Қарашаш Есенбай: Сөз соңында Оқушылар сарайының алдағы жоспарларымен бөліссеңіз?


Индира Сарқытқызы: Біздегі нақты жоспар балаларды Назарбаев зияткерлік мектебі және дарынды балаларға арналған арнайы мектептерге даярлау.

Одан кейін «Ералаш» секілді қысқа метражды кинолар түсіруді қолға алғымыз келеді. Жалпы алғанда Түркістандағы дарынды, білдімді балаларды өсіруге, танытуға жұмыс істейміз. Ондай ерекше балалар бұл аймақта өте көп.

Тағы бір нақты мақсатым - Шәмші Қалдаяқов атамыздың орталығын ашу. Осында келгендер оның шығармашылығымен, өмірімен тереңірек танысса деген ниетім бар.


Қарашаш Есенбай: Ақ ниеттеріңіздің орындала беруіне тілектеспін!