Сұлулық салонында «ТЕГІН» деген процедуралардан САҚТАНЫҢЫЗ!

0
373

Ақша орнына денсаулығыңызды тәуекелге тігесіз


Сұлулық салонында «ТЕГІН» деген процедуралардан САҚТАНЫҢЫЗ!

Сурет: ЖИ

Көптеген сұлулық салондары қызмет сапасын көрсетіп, жаңа клиенттер тарту үшін промоакциялар ұйымдастырады. Ал кейбіреулері мұны қалтаңызға түсіп, ақшаңызды қағу үшін жасайды.

Ақы төлемей-ақ өзін күткісі келетіндердің есебінен ақша табу үшін олардың қандай қулықтарға баратынын қарастырайық.


Диагностика жүргізеді

Тегін процедураның алдында салон қызметкерлері қарсы көрсетілімдерді анықтау немесе тиісті құралды таңдау үшін клиентке диагностикадан өтуді ұсынады. Мысалы, бетке маска жағар алдында терінің сезімталдығын зерттейді немесе шашты ламинацияламас бұрын трихологқа жібереді.

Барлық қызмет көрсетілгеннен кейін клиенттен чек бойынша төлем жасауды сұрайды. Себебі промоакцияға тек процедураның өзі ғана кіреді, ал диагностика бөлек төленеді.


Қалай алданбауға болады? Салонда ұсынылатын барлық қосымша қызметтердің бағасын алдын ала біліңіз. Кейде чекке тіпті әкімшілер беретін бір стақан су немесе бахиланың да құнын қосып жібереді.



Құжаттарға қол қойдырады

Тегін процедураға шақырғанда, салон әкімшісі «күзеттен өту үшін керек» деген сылтаумен төлқұжатты ала келуді өтінеді. Шын мәнінде, бұл құжат тек ол үшін ғана қажет емес.

Салондағы алаяқтар процедураға берілген келісім ретінде клиентке кредит шартын толтыруды ұсынады. Ал ондағы түсініксіз цифрларды «тегін» алып жатқан қызметтің стандартты бағасы деп түсіндіреді.


Сан соғып қалмау үшін... Қол қоюға ұсынылған құжаттарды мұқият оқыңыз. Егер сізді асықтырса, әңгімеге айналдырып алаңдатса және келісімшарттың әр тармағын түсіндіруден бас тартса, қызметтен мүлдем бас тартқан жөн.



Бір жылдық косметика жиынтығын сатып алуды ұсынады

Маман процедура кезінде клиенттің сырт келбетіндегі кемшіліктерге баса назар аударады. «Бетіңізді ұсақ әжім басыпты, теріңіз тозып кетіпті, егер қазірден бастап шара қолданбасаңыз, сұлулық пен жастықты қайтара алмайсыз» деп қорқытады. Бірақ оның шешімі де бар екенін айтып, өзінен бір жылдық косметика жиынтығын немесе қымбат процедуралар курсын сатып алуды ұсынады.

Сатып алуды тура сол сәтте рәсімдеуге итермелейді. «Бұл жеңілдік тек бүгін ғана жарамды, ертең мұндай баға болмайды», «Мұндай қызметке сұраныс жоғары, материалын әкелген бойда тез таусылып ктееді, үлгермей қалуыңыз мүмкін» деп «шұғылдық иллюзиясы» тәсілімен қысым жасайды. Бағаларды салыстыруға немесе косметика туралы пікірлерді оқуға мүмкіндік бермес үшін, маман бұл ұсынысты дәл процедура үстінде (мысалы, бетке маска жағып жатқанда немесе қолға массаж жасап жатқанда) өткізуге тырысады.


Алданбаудың амалы. Асығыс шешім қабылдамаңыз. Егер салонда косметиканың толық жиынтығын жедел төлеуді немесе процедуралар курсын дәл қазір сатып алуды талап етсе, сізді алдап жатқаны анық. Кем дегенде бағасын шарықтатып жібереді. Одан да жаманы – уақытша ашылған салон клиенттерден болашақ қызметтер мен алдын-ала тапсырыс үшін ақша жинап алып, із-түзсіз жоғалып кетуі ықтимал.



«Тегін» процедураның денсаулыққа қаупі

Сұлулық салонындағы алаяқтық тек қаржылық шығындармен шектелмейді. «Тегін» қызметтің артында денсаулығыңызға орны толмас зиян келтіруі мүмкін салмақты медициналық тәуекелдер тұр. Сұлулық іздеймін деп жүріп, мынадай қауіптерге тап болуыңыз мүмкін.

  • Арзан немесе мерзімі өткен препараттар. Өзін-өзі ақтамайтын тегін немесе тым арзан акцияларда көбінесе жарамдылық мерзімі өтуге жақындаған, лицензиясы жоқ немесе сертификатталмаған өнімдер қолданылады. Бұл заттардың құрамында ауыр металдар, агрессивті химикаттар немесе күшті аллергендер болуы ықтимал.
  • Аллергиялық реакциялар мен инфекциялық қауіп. Кәсіби емес ортада процедура алдында терінің аллергиялық сынамасы ешқашан жасалмайды. Тіпті қарапайым бет маскасының өзі терінің қатты ісінуіне, химиялық күйікке немесе дерматитке әкелуі мүмкін. Ал құрал-жабдықтар тиісті деңгейде дезинфекцияланбаса, тері аурулары мен бактериялық инфекцияларды жұқтыру қаупі жоғары.
  • Кәсіби медициналық білімі жоқ «мамандар». Аппараттық косметология, пилинг, теріні терең тазарту сияқты процедуралар арнайы дерматолог немесе дерматокосметолог дипломдарын талап етеді. Алаяқ салондарда мұндай қызметтерді бірнеше күндік курсты аяқтаған адамдар жүргізе береді. Анатомияны білмеудің салдарынан терінің терең қабаттары зақымданып, бетте тыртықтар мен дақтар мәңгілікке қалып қоюы мүмкін.

Тазалық пен қауіпсіздік талаптары сақталмаған жерде көрсетілген кез келген қызметтің соңы кейін ұзақ әрі қымбат емделуді талап ететінін ұмытпаңыз.


Алаяқтарды қалай әшкерелеуге болады?

«Сұлулық салоны», «мэйк-ап шебері», «косметолог», т.б. атын жамылған алаяқтарды алдын ала анықтауға болады. Төмендегі белгілер сізді сақтандыруы тиіс.

  • Төлқұжат алып келуді сұрайды. Алаяқтарға атыңызға кредит рәсімдеу үшін құжаттарыңыз қажет. Карыз қақпанына түспеу үшін мұндай салонға барудан бас тартқан жөн.
  • Күтімге кететін шығындарыңыз туралы сұрақтар қояды. Көптеген алаяқтар ірі сауда жасауды ұсынбас бұрын клиенттің төлем қабілетін тексереді. Мысалы, айына косметикаға қанша ақша кететінін сұрайды.
  • Сырт келбетіңізге негативті баға беріп, көмек ретінде белгілі бір марканың косметикасын мақтайды. Шын көмектескісі келіп, кеңес беріп жатқандай көрінсе де, бағаны басқа жерлермен салыстырып, өзге маманнан кеңес алмайынша, ақша төлемеңіз.
  • Маманның біліктілігін растайтын құжаттары жоқ. Сұлулық салонында әрдайым кәсіби мамандар жұмыс істей бермейді. Шебердің біліктілігін растайтын құжаттарды талап етіңіз. Егер ол құжаттар болмаса, денсаулығыңызды тәуекелге тігесіз.

Дайындаған: Х. ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ЕРІНді ботокс пен филлерсіз де ҮЛКЕЙТЕ аласыз

ТӘН ЖАҚЫНДЫҒЫнан кейін айтуға ТЫЙЫМ салынатын тақырыптар

Астанада ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ түсірген ФИЛЬМДЕР фестивалі өтті