Макияж арқылы көлемді етіп көрсетуге болады
Сурет: ЖИ
Ерніңізді қазіргі сұлулық стандартына сай ету үшін міндетті түрде екпе салдырудың қажеті жоқ. Дұрыс жасалған макияждың өзі әдемі әрі толықтау етіп көрсетуге көмектеседі.
Өнер адамдарының бетін әрлейтін визажистер бір ғана ерінді бояудың өзіне қаншама құрал пайдаланатынын білесіз бе? Бір мезетте бірнеше әдісті, бірнеше қарындаш, бірнеше түсті далап, т.б. қатар қолданады. Мұның бәрі ерінді табиғи қалпында қоя салмай, қандай да бір эффект берудің амалы. Қазір ең көп жасалатын эффект – ерін көлемін үлкейту. Біз біртұтас «ерін» деп қана көретін аймақты олар бірнеше ұсақ детальдарға бөледі, әрқайсына өзінше техника қолдану арқылы бояйды. Бұл тәсілдерді үйде де қайталауға болады. Қымбат косметика немесе айна алдында ұзақ жаттығудың қажеті жоқ.
1. Макияж алдында ерінді дайындаңыз
Құрғақ ерінге қарындаш пен далап біркелкі жағылмайды. Далап кей жерге жиналып, контур да анық әрі тегіс көрінбеуі мүмкін. Сондықтан макияжды бірден далап жағудан емес, ерінді дайындаудан бастаған дұрыс.
Далап жағудан бірнеше минут бұрын ерінге бальзам жағыңыз. Макияжды бастар алдында майлықпен ақырын сүртіп, артығын алыңыз. Осылайша ерінде жеңіл ылғалданған қабат қалады.
Егер ерін қабыршақтанып тұрса, дымқыл, жұмсақ сүлгімен ақырын сүртуге немесе ерінге арналған нәзік пилинг қолдануға болады. Қантпен, қатты щеткамен немесе майлықпен қызарғанша ысқыламаған дұрыс. Бұл теріні сезімтал етіп, далаптың біркелкі жағылмауына әкелуі мүмкін.
Лайфхак! Макияждан 5 минут бұрын мұз текшесін майлыққа орап, ерінге 30–40 секунд басып тұрыңыз. Төмен температура жиырылу мен кейіннен кан тамырларының кеңеюін тудырады, бұл еріннің пішінін уақытша тығыздап, толтыра түседі.
2. Далаптан бір реңк қоюлау қарындаш таңдаңыз
Тым ашық қарындаш ерінде байқалмай қалуы мүмкін, ал өте қою контур далаппен үйлеспей қалады.
Ерінді көлемдірек көрсету үшін далаптың түсінен шамамен бір реңк қоюлау қарындаш таңдаңыз. Мысалы:
- нюд түсті далапқа – қызғылт-қоңыр қарындаш;
- таңқурай түсті далапқа – жидек реңкі;
- ашық қызыл далапқа – жылы қызыл-қоңыр реңк жарасады.
Алдымен қаламмен еріннің бұрыштарын және төменгі еріннің ортасын ақырын белгілеңіз. Содан кейін белгілердің арасын біріктіріңіз. Контурды табиғи сызықтан қатты шығарудың қажеті жоқ. Көлем жетіспейтін жерлерде 1 миллиметрдей ғана сыртқа шығу жеткілікті.
Қарындашпен ерін бұрыштарының ішкі жағын сәл бояп қойыңыз. Бұл контурдан далапқа өтуді жұмсартып, ерінді табиғи түрде көлемдірек көрсетеді.
Лайфхак! Макияж бастамас бұрын ерінге кішкене тоналды крем немесе консилер жағып, сіңіріңіз. Бұл еріннің табиғи контурын сәл жасырып, жаңа пішін сызуға таптырмас негіз болады.
3. Ерін бұрыштарын тым жоғары көтермеңіз
Көп адам еріннің бүкіл пішінін жаңадан сызып шығуға тырысады. Әсіресе бұрыштарына көлем қосу макияждың тым жасанды, дөрекі көрінуіне себеп болады.
Егер бұрыштарды қатты жоғары көтерсеңіз, бет әлпеті таңғалған немесе көңілсіз болып көрінуі мүмкін. Сондықтан табиғи пішінін барынша сақтаңыз. Оның орнына жоғарғы еріннің ортасына аздап көлем қосып, төменгі ерінді сәл кеңейтіп, сызықтарды жұмсақ біріктіріңіз.
Егер еріннің бір бұрышы екіншісінен сәл жоғары болса, оны мінсіз симметрияға келтіруге тырыспаңыз. Аздаған асимметрия – табиғи нәрсе.
4. Орта тұсына «жарық» қосыңыз
Төменгі еріннің ортасына ашығырақ реңк жағу көлемін үлкейтіп көрсетеді. Ол үшін ақ түсті айқын дақ жасаудың қажеті жоқ. Негізгі далаптан бір реңк ашығырақ далап, кремді қарындаш немесе жылы реңкті аз мөлшердегі консилер жеткілікті. Өнімді төменгі еріннің ортасына жағып, саусақпен немесе жұмсақ қылқаламмен жақсылап таратыңыз. Содан кейін жоғарғы еріннің ортасына да аздап ашық реңк қосуға болады. Екі түстің шекарасы анық байқалмауы керек.
Бұл тәсілді күңгір және сатинді далаптарға қолдануға болады. Бірақ тым құрғақ консилерден сақ болған жөн, ол еріндегі ұсақ қыртысты сызықтарды айқындап жіберуі мүмкін.
5. Жоғарғы еріндегі «құстұмсық» пішінді айқындаңыз
Жоғарғы еріннің ортасындағы кішкентай иілім еріннің пішініне әсер етеді. Оны қарындашпен ұқыпты түрде айқындасаңыз, ерін жинақы әрі анық көрінеді.
Қарындашпен осы иілімнің екі шетіне кішкентай белгі қойып, оларды ерін бұрыштарымен жұқа сызық арқылы жалғаңыз. Содан кейін ерінді далаппен толтырыңыз.
Егер аздап жарқырау қосқыңыз келсе, осы иілімнің үстіне кремді хайлайтерді өте аз мөлшерде жағып, жақсылап таратыңыз.
Ірі жылтыр бөлшектері бар өнімдерді қолданбаған дұрыс. Олар жақыннан қарағанда ерін үстіндегі ұсақ түктер мен тері құрылымын айқындап көрсетуі мүмкін.
6. Жабыспайтын жеңіл жылтыр қолданыңыз
Еріннің ортасына жағылған мөлдір жылтыр жарықты шағылыстырып, ерінді бірден көлемдірек көрсетеді. Жылтырды бүкіл ерінге жағудың қажеті жоқ. Кейде төменгі еріннің ортасына бір тамшы және жоғарғы еріннің ортасына аздап жағу жеткілікті. Мөлдір жылтыр, ерінге арналған май немесе жеңіл жылтыры бар бальзам қолдануға болады. Егер жылтыр макияжды ұнатпасаңыз, сатинді далапты байқап көріңіз. Ол өте қатты жылтыр бермейді.
7. Көз макияжын тым ауырлатпаңыз
Көлемді ерін макияжында көзге тым қатты акцент жасаудың қажеті жоқ. «Қою қара түтінді» макияж, қанық түсті көз бояулары немесе өте көлемді жасанды кірпіктер назарды еріннен басқа жаққа бұруы мүмкін.
Күндізгі макияжға тушь, қабақ қатпарына жағылған жеңіл бояу және ұқыпты таралған қас жеткілікті. Кешкі макияжда көздің сыртқы бұрышына жіңішке бағыттауыш сызық (стрелка) немесе қабақтың жылжымалы бөлігіне аздап жылтыр қосуға болады.
Егер ерінге қанық түс таңдасаңыз, көз макияжын қоңыр, сұр немесе қара өрік реңктерінде ұстаған дұрыс. Сонда негізгі назар ерінде қалады.
Лайфхак! Үйден шығар алдында макияжды телефон камерасынан бір қарап алыңыз. Камера контурдың тым қою болып кеткенін немесе еріндегі жылтырдың байқалмай қалғанын бірден көрсетеді.
Ең бастысы – табиғилық
Ерінді көлемдірек етіп көрсету үшін макияжды тым қалың жағудың қажеті жоқ. Жақсы дайындалған ерін, табиғи контур, ортасына түскен жеңіл жарық және аз ғана жылтыр – әдемі әрі табиғи көрінетін нәтиженің негізгі құпиясы.
Дайындаған: Х. ОРАЛ,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


