​Баланы ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚтан қорғау үшін ата-ана нені білу тиіс?

0
5 546

Ең үлкен қылмыс - балалардың арманын тұншықтыру. Ең үлкен қате - балалардың көңілін қалдыру.


​Баланы ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚтан қорғау үшін ата-ана нені білу тиіс?

1 маусым - Балаларды қорғау күні. Әрине, әрбір ата-ана баласын қорғаштайды, оның өміріне, қауіпсіздігіне, болашағы мен бүгініне жауапты. Солай десек те, біз баламызды қалай қорғап жүрміз? Оны қорғап жүрміз деп тұмшалап тастаған жоқпыз ба? Еркіндігіне, балалық шағына қысым жасап жатқан жоқпыз ба? "Баламды тәрбиелеп жатырмын" деп шектен тыс қаталдық танытып та жатуымыз мүмкін, өзіміз байқамаған халде.


Перзентімізді өзге сыртқы күштерден ғана емес, кейде отбасы ішіндегі жағымсыз «ауа-райынан» да сақтауымыз керек.


Баланың жүрек қалауына құлақ аспау - есейген шағында мамандық таңдаудан да қателестіреді. Көптеген ата-аналар өзінің қателігін білмеуі мүмкін, «баланың қызығушылығы не?», «баланың қабілеті қай жағынан басымдау?», «қай қабілетін аша түсу керек?» деген сұрақтардың жауабын әрбір ата-ана іздеуі мүмкін. Бірақ, соңына дейін жеткізіп, баланың болмысын толықтай аша алмай жатады. Оған себеп күнделікті күйбең тіршілік пен уақыттың тапшылығына арта салу оңай әрине.

Бірақ, әрбір ата-ана білуі керек, балаңыздың болашағы жарқын болуы сіздің де қолыңызда. Сіздің ықпал етуіңізбен, сіздің қолдауыңызбен балаңыз биіктерді бағындыра алады.


Балаңыздың қызығушылығына БӨГЕТ болмаңыз!

Мысалы, мен бір ата-ананы білемін, өзінің бала кезіндегі орындалмаған арманын баласы арқылы орындағысы келеді. Бұл бір ғана мысал емес, осындай ата-аналардың табылып жататыны жасырын емес қой.




«Мен ұлымды футболға беремін. Достарымның балаларының көпшілігі футболға барып жүр. Менің де арманым, ұлым футболшы болса деймін, менің бала күнгі арманым осы болатын. Бірақ, ауылда ондай мүмкіндіктер болған жоқ, мен жете алмаған биікке ұлым шықса екен» дейді әкесі. Анасы да оны қостап «Мен де соны айтамын. Ұлдың өзі боксқа құмарлау, бірақ, мен боксшы болғанын қаламаймын, бәрібір ол соққы алады ғой. Ұлымның бұл спорт болса да таяқ жеп жатқанын көруге шыдай алмаймын» дейді.



Сол отбасының қызы да бар. Қызы сурет салуға қызығады. Салған суреттері менің көңілімнен шықты. Оған тек қана кәсіби маманнан дәріс алу керек, қабілетін ары қарай дамытып, кәсіби тұрғыда шыңдау керек. Ал оған ата-анасы рұқсат етпей отыр. Баланың шимай-шатпағы ғой деп аса мән бермейді.

Керісінше, «суретіңді жиыстыр, одан да пайдалы іспен айналыс» деп шектеу қояды.

Бұл бір ғана мысал. Баланы шектеу арқылы оның қызығушылығын жоясыз.




Баланы қатарластарының алдында ҰЯЛТПАҢЫЗ!

Бұл іс-тәжірибесін жаңадан бастаған мұғалімнің түйген ойы. осыған қарап, мұғалім баламен жұмыс істегенде қандай қателіктерге жол бермеу қажеттігін ескеру керек.

"Диплом алу үшін соңғы курсымызда іс-тәжірибеден өту үшін мектеп-лицейге жолдама алып, оқушылармен бірге жұмыс істеу бұйырды. Менің қарамағымда белгілі бір пән бойынша тереңдетілген сынып болды. Бұл сыныпта қыз балаларға қарағанда ұл балалар көбірек. Ылғи «ата-анасының ерке» балалары оқитын бұл сыныппен тіл табысуым оңай бола қояр ма екен деп уайымдадым. Өйткені, шулы сынып еді.

Текке уайымдаған екенмін, балалар өте тәртіпті емес, дегенмен, олармен көңілді. Мен олармен тез тіл табыса алдым. Мұғалім мәртебесінің жоғары болуы оқушылардың мінездемесін біле алу, сол бойынша әр баламен мінез-құлқына орай жұмыс жасау. Мұғалім психолог бола алуы да керек деген сөздің мәнісін мен сонда ұғындым.

Сабақ басталды, мен бақылаушымын, үйренушімін. Ұстаз жаңа тапсырманы түсіндіріп болды да оқушылардан үй тапсырмасын кезекпен сұрап жатыр. Мен де мұғалімге қызыға қарап, оның жылдар бойы жинақтаған тәжірибесіне қызыға қарап отырмын. Қашан мен де осындай өз кәсібін меңгерген ұстаз болар екенмін деп ойландым.

Сонда мұғалім соңғы қатарда отырған шикіл сары бір баланы тақтаға шығарды. Ол оқушы қисалаңдап орнынан тұрды. Іштей мұны қаламай тұр. Тақтаға шыққан сары бала үндемей төмен қарап тұра берді. Үй тапсырмасына дайындалмаған ғой. Әрине, әр сыныпта мұндай балалар кездесіп тұрады.

Ол мұғалімнен әлде менен, бәлкім сыныптастарынан қысылған шығар, сары шикіл жүзі қызарып кетті.



Оқушы ертеңіне сабаққа келмеді. Ата-анасы директорға жолығып, оны басқа мектепке ауыстыратыны жөнінде сөйлескен екен. Мен неге екенін білмеймін, сол оқушы үшін уайымдадым.

Ал, пән мұғалімінің іс-әрекетінен мен бір нәрсені ұқтым, ешқашан балаларды құрдастарының алдында, сыныптастарының көзінше тұқыртып, ызаландырмау қажеттігін көкейіме түйіп алдым".


Баланы АГРЕССИЯдан қорғау үшін ата-ана нені білу керек?

Балалар үлкендердің көзімен бір-біріне ұқсас көрінгенімен, олардың да жан-дүниесіне үңілсеңіз әртүрлі. Мысалы, ата-анасының мейіріміне қанып өскен балалар мен ата-анасының бірі жоқ немесе ажырасқан балалардың психологиясындағы ерекшеліктер байқалып тұрады.

Үлкенді тыңдамайтын, оның сөзіне алданбайтын бала болмайды. Тек тәрбие дұрыс беріліп жатыр ма, сол жағына баса назар аудару керек. Әрине, әрбір ата-ана баласына жаман тәрбие беріп жатырмын деп ойламайды. Алайда, шыны керек, отбасындағы агрессия- баланың болмысын өшпенділікке толы етіп қалыптастыратынын ұмытпауымыз керек.

Балаңызға мейірім мен жылуды көбірек беріңіз. Назар аударыңыз, баланы АГРЕССИЯдан қорғау үшін тек мейіріміңізге бөлеңіз. Өйткені, мейірім мен жылу жетіспейтін балалар кездейсоқ оқиғаларға тап болып жатады.

1. Балаңызға жалғыз жүрмеуді, әлеуметтік желіде, шынайы өмірде таныс емес адамдардан қауіпті сезінсе "ЖОҚ" деп айтуды үйретіңіз.

2. Егер балаңызға бөтен адам тап берсе немесе алдап-арбауға әрекеттенсе айналасынан көмек сұрап, қатты дауыспен айғайлап, басқалардың назарын аудару қажеттігін ескертіңіз.

Балаларды қорғау күні, Дүниежүзілік ата-аналар күні, 4 маусым - Агрессияның жазықсыз құрбандары болған балалардың халықаралық күні - барлық ата-аналарға бір сәтке тоқтап, сәбилерге назар аударту үшін, олардың келешегіне балта шабылмас үшін қандай қателіктерге жол бермеу керектігін еске салу үшін де ұйымдастырылған.

Осынау атаулы күндер қарсаңында тек осы күндері ғана емес, балаларымызды әрбір күнімізде, әрбір сәтімізде қоғамның теріс тәрбиесінен, зорлық-зомбылықтан, қоршаған ортаның теріс ықпалынан қорғауға міндеттіміз. Тіпті, өзіміздің... ата-аналардың қателіктерінен де...

Гүльвира ЖҰМАДІЛДАЕВА,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Жазғы демалысты балалар үшін КЕРЕМЕТ өткізудің үздік 3 тәсілі


Бөтен сөзбен БЫЛҒАНса, СӨЗ арасы...