БАЛАНЫ ТАСТАП ҚЫДЫРУ: Өзіңді кінәлаудан арылтатын 5 қадам

0
215

Сағынып жылайтындай, жағдайы болмайтындай, баласыз рақаттанып жүруге құқығы жоқтай көреді


БАЛАНЫ ТАСТАП ҚЫДЫРУ: Өзіңді кінәлаудан арылтатын 5 қадам

Сурет: ЖИ

Күнделікті өмір ағымы ата-аналар үшін нағыз стресс пен шиеленіске толы. Оларға бір мезетте жұмыс, үй шаруасы, бала тәрбиесі, тұлғалық даму, ағайынмен араласу сынды бірнеше бағытты қатар алып жүруге тура келеді. Осындай қарбаласта санаулы күн болса да оңаша, тыныштықта өткізетін, тек өзіңе арнайтын демалысқа уақыт тапқың келеді.


Ата-анаға оңаша уақыт ауадай қажет

Ерлі-зайыптылардың оңаша уақыты – тынығып, күш жинау мүмкіндігі ғана емес, арадағы байланысты бекемдеудің жолы. Жеке уақыт іште жиналған уайым мен шаршауды ұмытуға көмектеседі. Стресстен арылтып, қайта түлетеді. Күнделікті тұрмысқа сергек, күш-қуатқа толы болып оралады. Бұл отбасылық атмосфераға оң әсер етеді.

Оңаша уақыт жұбайлар арасындағы ұшқынды қайта жағуға көмектеседі. Ересектер өздерінің ата-ана ғана емес, романтика мен өзара тілдесуді қажет ететін ерлі-зайыпты екенін ұмытпауы тиіс. Баласыз бірге қыдыру сезімдерді жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Балалар ата-анасының оңаша демалыс пен дамуға уақыт бөлетінін көргенде, өздері де солай өмір сүруді үйренеді. Осылайша, олардың бойында салауатты өмір салты мен өмірге деген дұрыс көзқарас қалыптасады.


Енді оңаша демалысқа мүмкіндік туғанда, ата-ананың аяғын «Балалар ше?» деген сұрақ байлайды.

Қарай тұратын адам да табылар. Ең қиыны – сол баланы қиып кету ғой.

Көптеген ата-аналар балаларын үйде қалдырып, өздері ғана саяхатқа, демалысқа шыққанда іштей өзін кінәлі сезінеді. Баласы сағынып жылайтындай, өздерінсіз жағдайы болмайтындай, баласыз рақаттанып жүруге құқығы жоқтай көреді. Бұл сезімге бой алдырмаудың амалы бар ма?

Амалы – бар. Бірнеше қадамнан тұрады.


1-қадам: Алдамау, ашық сөйлесу

Балалармен алдағы сапар туралы ашық сөйлесіңіз. Қайда және не үшін бара жатқаныңызды түсіндіріңіз. Бұл сапар сіздердің күш жинауларыңыз үшін маңызды екенін, содан кейін оларға бұдан да жақсы ата-ана бола алатындарыңызды айтыңыз.

«Біз әкең екеуміз кішкене демалып, күш жинап қайту үшін демалысқа бара жатырмыз. Бұл қайтып келгенде сендерге жақсырақ қамқорлық жасауымызға көмектеседі. Сендерді сағынамыз, бірақ сенімді қолда екендеріңді және уақытты көңілді өткізетіндеріңді білеміз».


2-қадам: Қауіпсіздікке сендіру, сезіндіру

Сіздер жоқта олардың қауіпсіз болатынын, жағдайлары жақсы болатынын баса айтыңыз. Кімнің қарауында қалатынын түсіндіріңіз (әжесі мен атасы, бала күтуші немесе басқа сенімді туыстар).

«Біз жоқта сендер аталарың мен әжелеріңнің қасында боласыңдар. Олар сендерді өте жақсы көреді және әрқашан қамқорлық жасайды. Бірге жақсы уақыт өткізетіндеріңе сенімдіміз».


3-қадам: Бос уақытты жоспарлау

Балалар іші пыспай, уақыттарын қызықты өткізуіне, пайдалы іспен айналысуына мүкіндік жасаңыздар. Бұл үшін олардың күн тәртібін алдын ала құрыңыз. Мұражайларға бару, дамытушы үйірмелер, достарымен ойын секілді қызықты шаралар тізімін құрыңыз.

«Біз сендер үшін көптеген қызықты істер дайындадық. Әжелеріңмен мұражайға барасыңдар, спортпен айналысып, достарыңмен ойнайсыңдар. Әр күндерің жаңа әрі қызықты өтеді».


4-қадам: Байланыс тәртібін бекіту

Екі жақта болған уақытта байланысқа шығу жолдарын келісіп алыңыз. Тұрақты бейнеқоңыраулар уақытын белгілеңіз. Сонда балалар ата-анасының жырақта екенін сезінбейді, күнделікті өз әсерлерімен бөлісе алады. Қашықтыққа қарамастан, әрдайым жанында екендіктеріңізді сезінеді.

«Жағдайларыңды білу үшін біз күн сайын бейнебайланыс арқылы хабарласып тұрамыз. Сендер бізге болған оқиғаның бәрін айта аласыңдар, біз де өз жаңалықтарымызбен бөлісеміз».


5-қадам: Позитивті көзқарас қалыптастыру

Балаларды жақсылыққа бағыттаңыз. Қысқа мерзімді айрылысу – олар үшін де, сіздер үшін де жаңа шытырман оқиғалар мен әсерлердің уақыты екенін айтыңыз. Оралғаннан кейін естеліктермен қалай бөлісетіндеріңізді жеткізіңіз.

«Біз ерекше сыйлықтар әкелеміз. Келген соң қандай қызықтар болғанын айтып береміз. Сенде де біз жоқта не үйренгендеріңді, қандай қызықтар болғанын айтасыңдар»


Ғылым не дейді? Психологиялық фактілер

Ата-ананың баласыз демалуы – еріккендік емес, ғылыми тұрғыдан дәлелденген қажеттілік. Кінәлілік сезімін сейілтуге көмектесетін бірнеше маңызды зерттеулерге назар аударайық.

  • «Ата-ананың эмоционалдық қажылуы» (Parental Burnout): Бельгияның Лувен католиктік университеті ғалымдарының зерттеуі бойынша, созылмалы шаршауға бой алдырған ата-ананың балаға деген агрессиясы мен немқұрайлылығы 3 есе артады. Сондықтан оңаша демалыс баладан қашу емес, оған деген сабыр мен махаббатты қайта қалпына келтіру әдісі.
  • «Ұшақтағы оттегі маскасы» ережесі: Психологтар отбасылық өмірді ұшақтағы қауіпсіздік ережесімен салыстырады. Апат кезінде оттегі маскасын алдымен өзіңізге, содан кейін балаға кигізесіз. Өйткені сіз күш-қуатсыз қалсаңыз, балаңызға да көмектесе алмайсыз.
  • Баланың дербестігін арттыру: Гарвард университетінің Бала дамуы орталығының зерттеулері көрсеткендей, ата-анасынан қысқа уақытқа бөлініп, басқа жақын туыстарымен қалған балалардың әлеуметтік бейімделуі мен стресске төзімділігі жоғары болады.
  • Ерлі-зайыптылар бақыты — отбасының іргетасы: АҚШ-тың Вирджиния университеті жанындағы «Ұлттық неке жобасы» зерттеуінде жылына ең кемі бір рет баласыз оңаша саяхатқа шығу, ерлі-зайыптылардың бірге өткізетін сапалы уақыты некенің тұрақтылығына оң әсер етіп, ажырасу қаупін төмендететіні айтылады.


Балалар үшін баламалы демалыс ұйымдастыру

Балалардың да уақытын қызықты, мағыналы әрі қауіпсіз өткізуін қамтамасыз ету өте маңызды. Ол үшін бірнеше тиімді нұсқаны қарастыруға болады.

Ең алдымен, балаларды ең сенімді деген адаммен қалдыру. Бұл балаға шексіз мейірім мен үй жайлылығын сыйлайтын орта болуға тиіс. Олардың уақытын қызықты ету үшін саябақтарға, хайуанаттар бағына баруды немесе табиғат аясына серуендеуді алдын ала жоспарлап қойсаңыз болады.

Екінші нұсқа – жазғы лагерьлер немесе арнайы балалар бағдарламалары. Бұл баланың жаңа ортаға бейімделуіне, жаңа достар тауып, дербестікті үйренуіне таптырмас мүмкіндік. Мұндай жерлерде олар таза ауада жүріп, спорттық ойындар мен шығармашылық шеберлік сыныптарына белсенді қатыса алады.

Егер жоғарыдағы нұсқалар сәйкес келмесе, демалысты баланың өз үйінде де қызықты етіп ұйымдастыруға болады. Ол үшін арнайы бала күтуші жалдап немесе жақын туыстарды көмекке шақыру керек. Үйде қалған баланың ішін пыстырмау үшін түрлі квесттер, танымдық ойындар мен арнайы үй киносеанстарын ұйымдастырып, олардың да күндерін қызықты оқиғаға айналдыру қиын емес.

Баласыз демалу, уақытты өзіңе ғана арнау – эгоистік әрекет емес. Бұл – отбасындағы үйлесімділікті сақтаудың бір жолы. Жұбайлар арасында, ата-ана мен бала арасында салауатты әрі бақытты қарым-қатынас орнатуға ықпал ететін қадам.

Ханбибі ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ChatGPT сырлас ДОС пен ақылшы АНАның орнын баса ма?