Ішкі кедейліктен арылмасаңыз, ешқашан байымайсыз.
Ішкі кедейлік дегенде рухани жұтаңдықты меңзеп тұрған жоқпыз. Ол бала кезде отбасындағы жетіспеушілікті көріп өскеннен басталады. Ата-анасының ақша жеткізе алмай қиналғанын, қалағанын әпере алмағанын көруден қалыптасады. Ақыр соңында өзінің бойында үлкен блокқа айланып, есейгенде толыққанды бақытты өмір сүруге, өзінің қалауын орындауға тосқауыл болып тұрып алады.
Сіздің бойыңызда бұл әдет бар ма? Мына белгілер арқылы анықтай аласыз.
БАСЫ АРТЫҚ ЕШТЕҢЕ САТЫП АЛМАУ
Бойында ішкі кедейлік бар адамның ақша жұмсауы қиын. Ең қажет деген азық-түлік, киім-кешек сындылардың өзінен барынша үнемдеуге тырысады. Ал, бұдан бөлек шығындар пайда болса, тіпті күйзеліске де түсуі мүмкін. Қомақты сома тұратын затты сатып алу қажет болса, кейінге қалдыра береді не жеңілдікті күтеді.
ҚОЛЫНДАҒЫНЫ ҚЫСЫП ҰСТАУ
Адамның қимыл-әрекетіне қарап та оның балалық шағы қалай өткенін болжауға болады екен. Мәселен, молшылықта өскендер қандай затты болмасын бос ұстайды. Ал, отбасындағы тапшылықты көргендер заттарды сығымдап қысып, кейде тіпті қос қолдап ұстап алады дейді психологтар.
ҒАЖАЙЫПҚА СЕНУ
Ұзақ уақыт бойы қаржыдан қысылып көрмегендер құмар ойынға, лотереяға аса қызықпайды. Ал, ақша жетіспеушілігінен мезі болғандар осындай ойын алаңдарын айналшықтаумен болады. Күндердің бір күнінде ғайыптан тайып жеңімпаз болып, бірден байып кетуден іштей үмітті. Бұл жолда ұтқанынан ұтылғаны көп болса да, қайтуы қиын.
ЕШТЕҢЕНІ ТАСТАМАУ
Үйіңізде «бір керегі боп қалар» деп қойып қойған ағаш-сұғаш, темір-терсек, көйлек-көншек көп пе? Сіз солай ойлағанмен, жылдар бойы еш керекке жарамай жатыр ма? Қоқысқа лақтырам деп қопарып, әр жолы қимай қайта қалдырасыз ба? Ендеше, бұл – сіздегі ішкі кедейліктің белгісі.
АЗ ЕҢБЕКАҚЫНЫ МІСЕ ТҰТУ
Ішкі кедейліктен зардап шегетіндер өз еңбегін бағалай білмейді. Содан да жылдар бойы азғантай ақша үшін жалданып жұмыс істеп жүре береді. Бұл жұмыстан шығып қалса, отбасы аштан қырылатындай көреді.
КАССАДА ТҰРҒАНДА АБЫРЖУ
Алған заттарына ақшасы жететініне сенімді болса да, кассир соңғы сумманы айтпайынша абыржып тұратындар болады. Олар – ішкі кедейліктің құрсауындағылар. «Жетпей қала ма?» деген күдік адымын кең аштырмайды, ақшаны қалауынша шаштырмайды.
БӨЛІП ТӨЛЕУ ҚЫЗМЕТІН ПАЙДАЛАНУ
Қалтасында алған затына жететін ақшасы бола тұра бөліп төлеуге алу да ішкі кедейліктің бір белгісі. Бөліп төлеу былай тұрсын, несиеге алу да олар үшін қорқынышты емес. Тек қалтасындағы қаржымен қазір қоштаспаса болғаны.
АС-АУҚАТТЫ УАЙЫМДАУ
Тек ақшаға емес, азық-түлік, тамаққа да қатысты үнемі «жетпей қала ма?» деген уайыммен жүру – ішкі кедейліктің шарықтау шегі. Мұндай адамдар алдындағы астың дәмсіздеуінен бастап жеп, дәмдісін, ұнататынын соңына қалдырады. Бүгінгі астың жартысын ертеңге қалдырып қойғысы кеп тұрады. Бір дайындаған асы таусылмаса, төрт-бес күн қатарынан жей беруге бар. Бұзылып, ашып кетпесе болғаны.
Сізде осы белгілердің қаншауы бар? олардан арылуға асыққаныңыз дұрыс. Оның жолы оп-оңай. Керісінше қабылдап, кері көзқарас қалыптастырсаңыз болғаны.
- Өзіңізді жақсы көріңіз, анда-санда еркелетіп тұрыңыз, жаныңыз қалаған нәрсеге ақша жұмсаудан жасқанбаңыз.
- «Жетпей қалады» деген уайымнан арылыңыз. Шын жетпей қалса, жеткізу үшін әрқашан әрекет жасауға болатынын ұмытпаңыз. Сізде бәрі жеткілікті екеніне сеніңіз.
- Өз еңбегіңіз бен уақытыңызды бағалап, жасаған жұмысыңыз үшін лайықты ақы сұраудан арланбаңыз.
- Ғажайыпқа ғана емес, өз күшіңіз бен қабілеттеріңізге де сеніңіз.
- Ескі-құсқыны өміріңізде ұстамай, олармен оңай қоштасыңыз, жаңаға орын босатыңыз.
Осындай әдеттер мен әрекеттерді қалыптастыру арқылы ішкі кедейліктен арылыңыз. Сонда байлыққа да, берекеге де жол ашылады. Ең бастысы – қолда барды бағалай біліңіз.
Дайындаған: А.Мейірханқызы,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: