Күйеуінің бәле-жаладан аман болғанын тілейтін келін СӘЛЕМ САЛАДЫ

0
11 336

Келін сәлемді не үшін салады? Неге тек келін сәлем салуы керек?


Күйеуінің бәле-жаладан аман болғанын тілейтін келін СӘЛЕМ САЛАДЫ

фото: toibastar.com.kz

Сәлем салуға келгенде айтылатын пікір көп. Басқаны қайдам, бірақ менің құлағым сәлем салуға байланысты тек жағымды пікірді естіпті.

Сәлем салғанды өзім де жақсы көрем. Ол үшін арланбаймын, қайта іштей мақтанатын секілдімін бе, қалай өзі?! Жұмыста, көшеде болсын, түскен жерімнің, елімнің үлкеніне сәлем сала жүремін. Босаға аттағаныма 15 жылдан асса да иіліп сәлем салуды үзген жан емес екенмін. Бұған ертеңгі бір-бір үйдің келіні болатын қыздарым да үйреніп қалған. «Анашым қазір бір сәлемді жібереді дейсің?!» деп әзілдеп әрі күтіп отырады.

Содан соң сәлем салуға байланысты сұрақтар кетеді қарша борап... «Сәлемді не үшін салады? Сәлемді кімге салу керек? Сәлем салмаса не болады?» Мұндай сұрақтары таусылмайды. Қыз бала емес пе, құрбыларының арасында да кейде бір әңгіме арқауы болып қалса керек, «пәленшенің жеңгесі мүлде сәлем салмайды екен» деген сияқты пікірлерін де байқаймын.

Мұндайда не істеймін? Ата салтымыз, баба дәстүріміз екенін түсіндіре келіп, білгенімді айтамын. Олар да ертең бір-бір шаңырақтың босағасын аттайды, келін атанады, бір-бір азаматтың жары атанады, сәби сүйеді. Сол кезде «білмеген едім» деп отырмасын деп айтып, көзқарастарын байқап, құлақтарына сіңіре отырамын.

Ал сәлем салу туралы білгенім мен түйгенім мынау...



Күйеуіңнің амандығын тілесең, сәлем сал!

Келін сәлемді не үшін салады? Неге тек келін сәлем салуы керек?

Шаңырақтың берекесін күзетіп, түтінін түзу шығарып отырған әйелге ең алдымен ерінің амандығы маңызды. Үлкендердің айтуынша, келін босаға аттаған соң ерінің амандығын тілеу мақсатында сәлем салады. Елдің алғысы мен ықыласына бөленеді. Тілеушісі көбейеді. Өзінің тілеуіне қоса көптің тілегі қосылса, оның орындалатыны анық. Алла сұрағанға береді.

Пірінің амандығын тілеген әйелге одан артық не керек?

Осыдан барып, «ері қайтқан әйел сәлем салмайды» дегеннің қайдан шыққанын түсінуге болады.


Сәлем салған келін жұрттың мейірімін оятады

Сәлемін үзбейтін келіндер байқауы тиіс, қанша жерден ортаның «көңіл-күйі» болмай тұрса да, бір келін келіп иіліп сәлем салып кетсе, қытымырланып тұрған «ауа райы» жібіп сала береді. «Көп жаса, айналайын», «ұл тап, қарағым», «Алла тілеуіңді берсін» деген сөздер айтылғанда, аурасы біртүрлі боп отырған үлкендердің қабағындағы кірбің сейілгендей болады.

Сол жерде «осы келін тәуір өзі», «кімнің келіні бұл?» деген сұрақтардың айналасында көңілсіз әңгіме ауаны да өзгеріп сала береді.

Ендеше, сәлемнің де, оны салған жанның да көптің көңіліне шуақ себетінін білген дұрыс.


«Сәлем салғаннан бел үзіліп кетпейді»

Мұны көбіне сәлем салмай қойған келін туралы естігенде айтып жатады. «Қиын ба екен? Белі үзіліп қалатындай...» деген сынды наразы пікірді болдырмай-ақ қоюға болады. Үлкеннің батасының қадірін білетін келін ондай пікірді қалыптасмаса керек.

Рас, сәлем салғанның қиындығы жоқ. Бір секунд қана уақыт кетеді. Одан денсаулық зиян шекпейді, қайта пайдасы болмаса... Есесіне қаншама ниет, ықылас, ақ тілекке ие боласың.


«Сәлем салмай-ақ қой» десе – сынағаны

«Рахмет, бұдан кейін сәлем салмай-ақ қой!» дегенді сынағысы келгендер немесе өзін сыйламайтындар айтады (жеке пікірім).

Алдыңғысына тоқталсақ, «осы қайтер екен, жақсы болды деп сәлем салмай-ақ салтты ұмыта салар ма екен әлде...» дегендер айтуы мүмкін. Бірақ, ата салтты ұмытуға ешкімнің қақысы жоқ. Солай айтқан жанға екінші мәрте сәлем салсаң, разы боп қалғанын байқайсың.

Ал екіншісіне келер болсақ, өзінің ата-бабасының дәстүрін ұмытқан, салтын сыйламайтын, сәлем салған келінді де, өзін де сыйламайтын жандар айтады деп ойлаймын. Иіліп құрмет көрсетіп жатса, жақсы емес пе? Оны несі ерсі, несі жаман?! Қайта сыйының артқаны емес пе?!


Сәлем салу – «ширк» емес

«Сәлем салуға болмайды, ол ширк» деген сыңайдағы пікір-көзқарастар көбейіп кетпеп пе еді? Бірақ ешбір хадисте «сәлем салу - харам» деген айтылмаған екен. Келіннің иіліп сәлем салуы турасында ешбір қарсы айтылған пәтуа жоқ.

Бұл – біздің дәстүр, біздің салт. Сәлем салуда адамның иманын әлсірететін немесе Жаратушыны ұмытып, басқаға табынып кететін ештеңе жоқ. Керісінше, мейірім, ақ тілек, бата, туыстық қатынасты үзіп алмаудың тағы бір жолы деп түсінген жөн.

Тәрбиенің бір ғана сабағы ретінде өзім үшін түйгендерім осы. Әрине, мұны түсіндіру үшін әлі балиғат жасына толмаған қыздарыма арналған арнайы "тілім" бар.

Әмина Уалиханқызы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз: «Жаман ЕНЕ» мен «кесір КЕЛІНді» болдырмайтын 4-ақ құпия бар

ГЕНИЙ баланың ата-анасы болғыңыз келсе, 5 қорқынышыңызды жеңуге тиіссіз