​Тұрмыстық зорлық-зомбылық: танысыңызға қалай көмектесе аласыз?

0
3 318

Осындай жағдайды байқасаңыз, құрбан боп жүрген жанның көзін ашыңыз.


​Тұрмыстық зорлық-зомбылық: танысыңызға қалай көмектесе аласыз?

Туысыңыз не танысыңыздың күйеуінен таяқ жейтінін, қысым көретінін, соның дегенімен жүріп-тұратынын көрсеңіз, білсеңіз, не істейсіз?

  • «Ерлі-зайыптының ортасына есі кеткен түседі» деп кіріспейсіз бе?
  • «Неге көніп жүрсің? Ол ұрса, сен өйт, бүйт» деп әйелді оқытасыз ба?
  • Әлде тікелей күйеумен сөйлесіп, ақылға шақырып, әділдікті өзіңіз орнатуға тырысасыз ба?

Әйелден қысым көретін ерлер де барын жасырмаймыз. Бірақ, салыстырмалы түрде алғанда, олар аз. Оның үстіне, кез келген уақытта есін жиып, дүр сілкінген ер-азамат ең болмағанда физикалық жағынан әйелдің соққысынан өзін қорғай алады. Сондықтан бүгінгі әңгіме тек таяқ жеп жүрген әйелдер жайында.

Көп жағдайда әйелдер отбасы тыныштығын, ер-азаматының абыройын ойлап, басқа да себептермен күйеуінен таяқ жегенін, кемсітушілікке, қысымға ұшырап жүргенін жасырады. Шын мәнінде солай екенін мынадай белгілерден аңғаруға болады.


Ол туыстарынан, достарынан, сүйікті ісінен, қызығушылығынан алшақтап кетеді

Ешкіммен араласпау, ешқайда бармау, дос-туыстардан алшақтап кету, өз сүйікті ісімен айналыспау, қызығушылықтарын сызып тастау – өз қалауын орындай алмаудың ең бірінші белгілері. Егер бұл жағдай отбасын құрған алғашқы жылдарда ғана орын алса, оны түсінуге болады. Жаңа өмірді, жаңа арақатынасты жолға қойып алу керек, балалы болу, оның күтімі деген сияқтылар көп уақыт пен күшті талап етеді. Алайда, ұзаққа созылып, әйел өзін-өзі жоғалтып алғандай, адамша өмір сүруден қалса, оның ешкімге айта алмай жүрген шері бары анық.


Денесінде жарақат орны, соққы іздері пайда болады

Әрине, әйелді үнемі ұрып-соғатын еркек сырт көзге түспеу үшін соққыны қайда жұмсау керегін, қалай соққанда із қалмайтынын жақсы біледі. Сондықтан оның әйелі көк ала қойдай болып, ұрған-соққаны бір қарағанда менмұндалап тұрмайды. Сөйтсе де, физикалық күш көрсетудің соңында мүлде із қалмауы мүмкін емес. Сондықтан, танысыңыз не туысыңыз соңғы кездері «құлап қалдым, соғып алдым, жырып кетті» дегендей сөздерді көп айтып кетсе, бірдеңе жасырып жүр деген сөз.


Эмоционалдық немесе қаржылық «таусылу»

Тұрмыстық зорлық-зомбылық тек ұрып-соғумен шектелмейді. Біреулер кемсітіп сөйлеу, ар-намысына тию, қажеттіліктерімен қамтамасыз етпеу, қаржыдан қысу, қолында барып алып қойып, өзін босқол қалдыру сияқты әрекеттерге ұшырайды. Сондықтан, үнемі шаршап қабағы ашылмайтын, ештеңеге зауқы жоқ, күйіп-пісіп, таусылып жүретін немесе өзі жұмыс істеп, табыс таба тұрып, өзіне жұмсай алмайтын, қаражаттан қысылып, қарыз сұрай беретін туыс-танысыңыз болса, оның да отбасында жағдай мәз еместігін ұғыңыз.


Қалай көмектесе аласыз?


Көп жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер өздерін қорлық көріп жүрмін деп ойламайды. Ойласа да, тастап кете алмайды, себебі сол арақатынаста оны ұстап тұрған бір елес бар. Ондай жалған елесті, алдарқатуды қысым көрсетуші адам және оның жақтастары құрастырады, сендіреді. Мәселен, біреулер таяқ жегенінде «Өзімнен де бар, өзім соған жеткіздім» деп ойлайды. Енді біреулер «Оның кінәсі жоқ, солай жасауға итермелеген басқа себеп бар, мен оны сол себептен құтқарамын» деп «құтқарушы» рөліне кіреді. Тағы біреулер «Бала үшін» деп шыдайды, ажырасса, балалары бақытсыз болатындай көреді. Тіпті, осындай қысым көрсету, құрметсіздіктен кейін «Негізі сені жақсы көремін, сүйемін. Сен маған керексің. Сенсіз өмір сүре алмаймын» дегенге сенетіндер де бар. Ол аз болғандай, күйеуінің жақтауға келмейтін іс-әрекеттерін басқалардың алдында ақтап, олар үшін кешірім сұрап, түсіндіріп әлек болады. Егер осындай жағдайларды байқасаңыз, бірінші кезекте құрбан боп жүрген жанның көзін ашуға тырысыңыз.

  • Егер жақыныңыздан жоғарыда айтылған белгілердің бірнешеуін немесе бірін жиі байқасаңыз, оны сөзге тартыңыз. Сөйлесу көпшілік арасында, жұмыс арасында болмауға тиіс. Ешкім кедергі жасамайтын, тыныш әрі бетпе-бет отырып сұқбаттаса алатындай болсын.
  • Әңгімелесуге өзіңіздің де дайындалуыңыз маңызды. Көп сөйлемей, тыңдай біліңіз. Біреуді кінәлауға асықпай, түсінуге тырысыңыз. Сұрақтар мен пікіріңізді ойланып, ең негізгілерін әрі дұрыс формада жеткізіңіз. Ол үшін шешім қабылдамаңыз, әйтпесе, сіз де қысым жасаушылар қатарына еніп кетесіз. Тек дұрыс шешім қабылдауына ықпал жасаңыз, ой салыңыз, өз құндылығын сезінуіне, өзін бағалауына мүмкіндік тудырыңыз.
  • «Мен сені жақсы көремін, алаңдаймын. Саған тек жақсылық тілеймін, жақсы болғанын қалаймын. Мен әрқашан сенің жағыңдамын, қандай жағдай болса да сені қолдаймын, қателессең, түзетуге көмектесуге әзірмін» дегендей сөздермен оң ниетіңізді білдіріңіз.
  • «Сенде бәрі жақсы ма? Бірдеңе болды ма? Сені алаңдататын жағдай бар ма? Өзіңді қауіпсіз сезінесің бе? Бақыттысың ба? Соңғы кездері өзгеріп кеттің» деген сияқты сауалдарды қойыңыз. Қаласа, басындағы жағдайды өзі бірінші болып айтқаны абзал.
  • Егер ашылып ештеңе айтпай жатса, содан кейін барып «Мен осындай жағдайды байқап қалдым. Меніңше бұл дұрыс емес. Шынымен бәрі мен ойлағандай ма әлде қателесіп тұрмын ба?» дегендей сөздермен күдік-күмәніңізді жеткізуге болады.
  • Орын алған жағдайды ғана талқылаңыз, өзін не күйеуін, басқа бір қатысы бар адамдарды сынамаңыз, сөкпеңіз. Әйтпесе әңгімелеріңіз басталмай жатып аяқталады немесе мүлде басқа арнаға ауысып кетеді.
  • Басты қағидаларды есте сақтаңыз: ешкімді сөкпеу, кінәламау; түсіністік таныту, ашық әрі дұрыс сұрақтар қою.
  • Сұқбаттасушыңыз түрлі эмоция көрсетуі мүмкін. Біреулер бірден жасырып жүрген бар жайды жайып салады, біреулер жылап қалады. Енді біреулер ашуға бой алдырып, өзіңізге қарсы дүрсе қоюы мүмкін. Ия, кей жағдайда адамдар «Ең жақсы қорғаныс – шабуыл» деген позицияны ұстанады. Қандай эмоция көрсетсе де, қалыпты қабылдаңыз. Ашуға берілмей, өзіңізді сабырлы ұстаңыз, жағдайға саналы ересек адамның көзімен қараңыз, бәрін әділ саралаңыз.
  • Егер әйел өз күйеуінің абьюзер екенін мойындаса және өз құқығын қорғауға талпынса, әрі қарай өз беттеріңізше әрекет етуге шақырмаңыз. Оны құқық қорғаушы қызметкерлерге, көмек көрсетуші органдарға бағыттаңыз.
  • Қиындықтармен бетпе-бет келген жанды жалғыз қалдырмай, ары қарай да жағдайын білуді, қажет кезінде қолдау, көмек беруді жалғастырыңыз.
  • Дайындаған: А.Мейірханқызы,

    ERNUR.KZ