Ұмыт қалған дәстүрді еске түсіріп көрейік?
Қазақтың баласы құрсаққа біткеннен той болады емес пе? Оның ешбірі ырым-тыйымсыз, наным-cенімсіз өтпек емес. Дәстүрге салсақ бәрінің мәні, түбі бар. Әдемі дәстүрдің бірі - ұзатылатын қыздың сыңсу айтуы.
Әр тойда айдылар өлең-жырдың да өз атауы бар екенін бәріңіз білесіздер. "Қаз, қаз балам...", "Жар-жар", "Бесік жыры" секілді атауларды "Сыңсу" жалғайды. Бұл өз үйінен ұзатылып, өзге елге келін болар бойжеткеннің ел-жұртымен қоштасатын әні.
Оның мәтіненде еліне деген разылығы, алғысы және олардың берген тәрбиесі көрініс табуы керек. Бірақ қазір "Сыңсуды" өз айтатын қыздар сирек. Керісінше, танымал адамдардың ұзатуы белең алды. Осы тұста ұзату тойдағы ұлттық құндылық саналатын "Сыңсу" қайта трендке айналдырсақ қалай қарар едіңіз?
Жалпы, "Сыңсу" әнінің бірнеше үлгісі бар екен. Солардың бірі - аушадияр. Ол тәлім-тәрбиеге толы, мәні жоғары өлең. Байырғы дәстүр бойынша, ол ұзату тойдың үстінде және қыз ұзатылар тұста айтылған. Қазір ұмыт болған бұл жырдың да бірнеше түрі бар екен. Бір ерекшелігі, бұл жыр санамақ түрінде айтылады екен. Жырды орындаушы қабілетіне қарай бірден, жиырма, елу, кейде жүзге дейін санап әр санда бір тілек тоғыстырып отырған.
Бұл ән ұясынан ұшқалы тұрған қыздың алабұртқан көңілін сергітетін болуы керек. Сондай-ақ, барған жерінде үлгілі келін, жарының қабағын бағатын келіншек, аяулы ана болатынын түсіндіріп, ұғындыратын өлең болған.
Аужар - қоштасу мен қимастық сіңген жыр деп айтуға болады. Жат жұртқа аттану әрбір қызға оңай болмаса анық. Осыны түсінген халқымыз қыздың үздігіп жылауымен қатар, тәрбиеге толы "Аужарды" айтқызған деседі. Бұл әнге қосылған дос-жаранның ақ тілек ниеті айтыс түрінде де көрініс тапқан. Бір ерекшелігі, бұл жыр ойнақы айталады. Байырғы әдебиеттен жеткен "аужарларда" қазақ қыздарының тағдыры бейнеленген екен. Малға сатылған қыздардың өз өмірін әшкерелеуі де кездеседі.
Фото желіден алынды.