«Омартасы рухтың – Отырарым» атты ақындар айтысы өтті.
«Өнерлі өлке» фестивалі аясында айтыскерлер жаңарған түркістанды жырлады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістанда ашық аспан астында «Омартасы рухтың – Отырарым» атты ақындар айтысы өтті. Жыр додасында айтыстың ақтаңгері Бекарыс Шойбеков бастаған, Анар Жаппарқұлова мен Дәурен Ақсақалов сынды жүйріктер қостаған отырарлық айтыскерлер түлеген Түркістанды жырға қосты.
Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай өтіп жатқан «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында ұйымдастырылған аламанның ашылуында Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов ұлттық өнерді ұлықтап жүрген ақындарға сәттілік тіледі.
Үш сағат бойы елдің ынтымақ-бірлігін жырлаған ақындар айтысы көпшілік көңілінен шыға білді. Тауып айтқан әдемі қалжыңы езуге күлкі сыйласа, салмақты сөздері көпке ой салды.
Шара соңында Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы мен аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлы бес жұпқа бөлінген Бекарыс Шойбеков, Анар Жаппарқұлов, Дәурен Ақсақалов, Дәурен Полатбаев, Мейіржан Жарылқап, Сұлтан Сәуірхан, Даниял Болысбек, Мұхит Бабақұл, Ахметрасул Баянбай, Бекжан Базарбек сынды он ақынға құрмет көрсетіп, аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың алғыс хаты мен қаржылай сый-сияпатын табыстады.