Бұл қаражат жапа шеккен жанұя отағаларының жеке шотына аударылатын болады.
Ресейлік кәсіпкер Өзбекстандағы «Сардоба» су қоймасының бөгеті бұзылуы салдарынан жапа шеккен мақтааралдықтарға 5 млн доллар аударды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Ресейлік кәсіпкер Алишер Усманов Мақтаарал ауданында су басу салдарынан жапа шеккен және қауіпсіз жерге көшірілген 30420 тұрғынға арнап «Түркістан» әлеуметтік даму корпоративтік қорының шотына 5 млн 202 мың доллар аударды» делінген хабарламада.
Мәліметке сай, бұл қаражат жапа шеккен жанұялардың отағалары – 5202 адамның жеке шотына аударылатын болады.
Алишер Бурханұлы Усманов - Өзбек ұлтынан шыққан Ресейлік кәсіпкер, миллиардер, "USM Holdings" негізін қалаушы. Ресейдің ең бай кәсіпкерлері арасындағы рейтингтің көшбасында тұр. Америкалық БАҚ Алишер Усмановты әлемнің беделді адамдарының қатарына қосқан.