Осы уақытқа дейін бұл лауазымды Рашид Аюпов атқарып келген еді.
Түркістан қаласының әкімі болып Нұрбол Тұрашбеков тағайындалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өкімімен, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі және Түркістан қаласының мәслихат депутаттарының келісімімен Түркістан қаласы әкімі қызметіне Нұрбол Тұрашбеков тағайындалды. Жаңа әкімді қала активіне Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев таныстырып, алдағы мақсат-міндеттерін айқындап берді. Түркістан қаласының жаңа әкіміне үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын айтып, абыройлы еңбек ететініне сенім білдірді.
Айта кетейік, Нұрбол Әбдісаттарұлы Тұрашбеков 1980 жылы туылған. Ұлты қазақ, білімі жоғары, мамандығы - инженер-экономист, инженер-жерге орналастырушы.
Еңбек жолын 2001 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданында «Оңтүстік Қазақстанжер Ғылыми өңдірістік орталығы» еншілес мемлекеттік кәсіпорынының Ордабасы жер-кадастрлық бюросында жерге орналастырушы ретінде бастаған.
2002 жылы Ордабасы аудандық жер-кадастрлық бюросының меңгерушісі, 2009 жылы Сайрам жер-кадастрлық бюросының директоры, 2010 жылы «ОңтүстікҚазақстанжер Ғылыми өңдірістік орталығы» еншілес мемлекеттік кәсіпорынының директоры, 2012 жылы (Астана қаласы) «Жер Ғылыми өңдірістік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Бас директорының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған.
2016 жылдың сәуір айынан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» дирекциясы директорының орынбасары, «Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру» дирекциясы Мемлекеттік жер кадастры басқармасының басшысы лауазымын атқарған. 2017-2020 жылдар аралығында Түлкібас ауданының, ал 2020 жылдың басынан қазіргі уақытқа дейін Ордабасы ауданының әкімі қызметін атқарып келген.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін Түркістан қаласының әкімі лауазымын Рашид Аюпов атқарған еді.