Қазіргі таңда нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
фото: Түркістан облысының Өңірлік коммуникалар қызметі
ERNUR.KZ. Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағындағы маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, ондағы құрылыс және абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Аралау барысында М.Мақатаев көшесінде орналасқан жаңа спорт кешенінде болып, бірқатар тапсырмалар берді.
Спорт кешенінің жалпы құрылыс алаңы – 826 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстары шілде айында аяқталып, тамыз-қыркүйек айларында толық пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
«Қала тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Сондықтан спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы әрбір жоба – тек құрылыс нысаны ғана емес, болашақ ұрпақтың денсаулығына жасалған инвестиция деп қарауымыз керек», – деді қала басшысы.
Айта кетейік, қазіргі таңда қалада 5 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Оның екеуі шілде айында пайдалануға берілсе, қалған үшеуінің құрылысы жыл соңына дейін толық аяқталады деп жоспарлануда.