ДАРХАН САТЫБАЛДЫ: «Армрестлинг спорты түркістан облысы мен шардараның брендіне айналды»
Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды әлем чемпиондарын қабылдап, құрмет көрсетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жуырда Алматы қаласында қол күресінен 44-ші әлем чемпионаты өтті. Әлемдік сайыс жеткіншектер, жасөспірімдер, жастар мен ересектер және ерекше қажеттілігі бар спортшылар арасында ұйымдастырылды. Білекті де жүректі спортшылар жиналған армрестлинг додасына 50-ден аса мемлекеттен 1000-ға жуық спортшы қатысып, өзара мықтыларын анықтады. Әлемдік додада Қазақстан ұлттық құрамасы жоғары нәтижеге қол жеткізді. Жалпы еліміздің саңлақтары 39 алтын медаль қанжығаласа, оның ішінде 21 алтын және 4 күміс медальді Түркістан облысы, Шардара ауданының өрендері иеленді. Атап айтсақ, жеткіншектер арасында 3 алтын, жасөспірімдер арасында 9 алтын, жастар арасында 3 алтын, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында 1 алтын, ересектер арасында 5 алтын және 4 күміс жүлдені жеңіп алды.
Бүгін Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды әлем чемпиондарын қабылдап, құрмет көрсетті.
«Әлем чемпионатындағы жеңістеріңізбен Сіздерді және барша жанкүйерлерді шын жүректен құттықтаймын! Армрестлинг спорт түрінің облысымызда орны ерекше. Бүгінде бұл спорт Түркістан облысы мен Шардараның брендіне айналды десек болады. Еліміздің құрама командасының негізін Шардара ауданының спортшылары құрайды. Ауызбіршіліктеріңізге ризамын. Осы спорт түрін Шардарада, елімізде дамыта білген даңқты бапкер Арман Қарсыбаевтың еңбегін атап өтуіміз керек. Мұндай жетістікке жан-жүрегімен жұмыс істеген, өз мамандығын шексіз жақсы көретін бапкер ғана жете алады. Сіздердің жеңістеріңізге үнемі мақтанып жүреміз. Еліміздің бірде-бір өңірінде спортта мұндай табыс жоқ. Жүзден аса әлем чемпионын шығару – тамаша жетістік. Жігіттермен бірге батыр қыздарымыз да әлем чемпионы атанып, Әнұранымызды шырқатты. Ерекше қажеттілігі бар спортшыларымыз да сенімді ақтады. Бұл спорт түрін өзге аудан, қалаларда дамытуды қолға алу керек. Спорт дамыса, жастар зиянды әдеттерден аулақ болады. Қолдау көрсетуге дайынбыз. Бүгінгі жеңістеріңіз еліміздің спорттық тарихына алтын әріппен жазылады», – деген Дархан Сатыбалды өңірде спорт нысандары салынып жатқанын, спорт саласына әрдайым қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Облыс әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов спортшылардың жетістіктеріне тоқталды. Сондай-ақ қол күресінен әлемнің бірнеше дүркін чемпионы әрі жаттықтырушы Қыдырғали Оңғарбаев өңір басшысына алғыс білдіре отырып, жеңімпаз кубогын табыстады. Бұл ірі жеңісті Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына арнайтындарын жеткізді. Спортшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, естелік суретке түсті.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамыту мәселесіне ерекше назар аударуда. Осы орайда облыста 45 спорт нысаны бой көтерді. Оның ішінде көпфункционалды «Olympic Center» спорт кешені ашылды, «Түркістан-Арена» стадионы, «Теннис орталығы» пайдалануға берілді. Конституция күні қарсаңында «Мұз сарайы» ашылды. Қазіргі таңда облыста Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені мен ескек есу каналының құрылысы жүргізілуде.
Айта кетейік, шардаралық спортшылар бүгінгі күні Әлем чемпионаттары мен кубоктарында 149 алтын, 84 күміс және 19 қола, Азия чемпионаттары мен кубоктарында 328 алтын, 146 күміс және 98 қола медальға қол жеткізіп отыр. Оның ішінде 107 әлем чемпионы даярланды. Алматыдағы додада Назира Зиядулла, Зейнеп Тазабек және Аружан Абдулла мен ерекше қажеттілігі бар спортшы, армрестлингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның 10 дүркін, Азияның 7 дүркін жеңімпазы Ұлықбек Құралбаев және өзге де сайыпқырандар бар.