Атқарып жатқан жұмыстарының барысымен және алдағы жоспарларымен бөлісті.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жергілікті кәсіпкерлермен еркін форматта кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Өңірдің кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайының дамуына өз әсерін тигізетін жаңа жобалармен таныстыру мақсатында өткен басқосуда жас кәсіпкерлер облыс аумағында атқарып жатқан жұмыстарының барысымен және алдағы жоспарларымен бөлісті.
Жас кәсіпкерлер құрылыс, логистика, фармацевтика салаларына инвестиция салуға ниетті. Сондай-ақ Түркістан қаласындағы өндірістік паркте орналасқан жиһаз шығаратын кәсіпорын бағытын кеңейтуді жоспарлауда. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы кәсіпкерлердің инвестициялық жобаларын толық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша және мемлекет тарапынан қажетті қолдау жұмыстары атқарылатынын жеткізді.
«Қазіргі уақытта кәсіппен айналысуға мүмкіндіктер өте көп. Біз кәсіпкерлердің бизнес идеялары мен старт-ап жобаларын іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Ол үшін барлық мүмкіндіктер бар. Өңірдің өзіндік кірістерін көтеруге жұмыла еңбек етуіміз керек. Жаңа жұмыс орындарын ашу өте маңызды. Соңғы жылдары елімізден шетелге жұмыс істеу үшін барғандар саны артуда. Сондықтан бізге экономиканы дамыту бағыттарын өзгертіп, жұмысты күшейту маңызды. Жастарымыз өте еңбекқор. Оларға өз өңірімізде ашылған зауыт - фабрикаларда еңбек етуіне жағдай жасағанымыз дұрыс. Мақсатымыз – Түркістан облысының жалпы өңірлік өнім көлемін екі есе арттыру. Экономиканы диверсификациялап, жұмыс орындарын ашу, өзіндік кіріс көздерін ұлғайтуға күш саламыз», – деді Дархан Сатыбалды.
2023 жылы облыс әкімінің бастамасымен Түркістан облысындағы кәсіпкерлерді Қытай Халық республикасына тәжірибие алмасу, жаңа технологияларды облысқа тарту мақсатында бірнеше рет іссапарлар ұйымдастырылды. Нәтижесінде облыс аумағында жаңадан фабрикалар салынып, шағын зауыттар саны артуда.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жас кәсіпкерлермен осындай кездесулердің алдағы уақытта жиі ұйымдастырылатынын және мемлекет тарапынан қолдау жұмыстарының көрсетілетін жеткізді.