Аталған жоба аясында демеушілер есебінен мұқтаж отбасыларға тұрғын үйлер сыйға тарту шаралары тағы да ұйымдастырылады.
«Ел үлесі – пәтерге» жобасының 238-үйі иесіне тапсырылды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Бәйдібек ауданы әкімдігі мен Нақыпбекұлы Әуен аудандық орталық мешіттің ұйымдастыруымен ҚМДБ-ның 30 жылдығына орай «Зекет» корпоративтік қоры арқылы «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында Бәйдібек ауданы, Ақтас елді мекенінің молдасы Нәби Кәтековке тұрғын үй сыйға берілді.
Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев пен ауданның бас имамы Ұлықбек Алиакбарұлы арнайы қатысып, ауыл молдасы Нәби Кәтековке тұрғын үй кілті мен «Ел үлесі – пәтерге» жобасы бойынша Қазақстан бойынша 238-баспанасының сертификатын табыс етіп, екі кілем тарту етілді. Ауыл молдасының қуанышына ортақтасуға округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы мен төбе биі және бірқатар елді мекендерінің молдалары келіп, құтты болсын айтып, тілектерін білдірді.
Тап айтсақ, Нәби Кәтековке сыйға берілген 4 бөлмелі тұрғын үй орталықта орналасқан. Балалар сабаққа баратын мектеп пен өзі жұмыс істейтін мешітке де жақын екенін қуанышпен айтып, көмек қолын созған жандарға және ұйымдастырушыларға және құтты болсын айтып келген әріптестері мен ауыл қарияларына алғысын білдірді.
Көп жылғы арманы орындалған ауыл молдасы Нәби Кәтековтің бұған дейін өзінің жеке үйі болмаған. Жолдасы және 4 баласымен інісінің үйінде тұрып келген. Бес жылдан бері Ақтас ауылының молдасы болып келеді.
Айта кетерлік жайт, «Ел үлесі-пәтерге» жобасы Бәйдібек ауданында алдағы уақытта да жалғасын тауып, демеушілер есебінен мұқтаж отбасыларға тұрғын үйлер сыйға тарту шаралары ұйымдастырылатын болады.