​Израильдік тәсілмен табысын арттырып отырған қожалық

0
1 244


​Израильдік тәсілмен табысын арттырып отырған қожалық

Шардара ауданы, Жаушықұм ауылдық округінде орналасқан «Тұрар» шаруа қожалығы құрылған күнінен бастап Израильдік тамшылатып суғару әдісін қолданып, көл-көсір табысқа кенеліп отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қожалық иелігіндегі 286,5 гектар жердің биыл 32 гектарына бақша өнімдерін ексе, 32 гектарына пияздың ерте пісетін «Бонус F1», орта пісетін «Камперо F1» және «Аргос F1», сондай-ақ, кеш пісетін «Каоба F1» сорттарын еккен.

Бұған дейін де милагро және оңтүстік Кореялық пияз сорттарына тәжірибе жасап, жерсіңдірген қожалық тамыздың ортасынан бастап қысқы пияз бен егілген бақша өнімдерінің орынына қырыққабат көшеттерін отырғызып, екінші өнімге әрекет жасайды. Өнімдерін Ресей, Белорусь елдерімен қатар Қазақстанның барлық өңірлеріне жөнелтіп отырған дихан тамшылатып суғару әдісін қолдану арқылы ағын суды үнемдеп, өнім көлемін екі есеге арттырған.

«Біз егістікті беткейлетіп суғаратын болсақ гектарынан 60 – 70 центнер ғана өнім аламыз. Ал, тамшылатып суғару әдісі арқылы бүгінде өнімділік екі есеге дейін артып отыр. Біз 286,5 гектардың жылда 140 гектарына дейін игеріп отырмыз, қалған жер келесі жылға дейін демалады. Келесі жылы 146 гектарға тұқым сепсек, биылғы егін егілген жер демалады» дейді «Тұрар» шаруа қожалығының іс басқарушысы Тастанбек Алимов.

Осылайша егістік алқапқа түгелдей тамшылатып суғару әдісін енгізген қожалық алғашқы пияздарының келісін 110 теңгеден сатса, қазір 90-100 теңгеден өткізуде. Жергілікті 25 азаматты тұрақты жұмыспен қамтыған. Жиын-терім науқанында 150-ге жуық тұрғын қожалықта еңбек етіп, қосымша нәпақы табады екен.

Айта кетейік, аталмыш қожалық пияз егуден бөлек картоп, сәбіз, қарбыз, қырыққабат, қызылша дақылдарын егіп, жергілікті және көршілес аудандардың базарларын қамтамасыз етіп отырады.