Жетісай ауданындағы өзекті мәселелер талқыланды
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев халықтың әл-ауқатын арттырудың басты тетігі – тұрақты жұмыспен қамту екенін басты назарда ұстауды міндеттеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Ауыл шаруашылығын, мал шаруашылығы мен үйіргелік жерге жылыжай салу жобасын дамыту арқылы мыңдаған адамды тұрақты жұмыспен қамтуға болады. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев халықтың әл-ауқатын арттырудың басты тетігі – тұрақты жұмыспен қамту екенін басты назарда ұстауды міндеттеді. Облыс басшысының төрағалығымен өткен есептік жиында Жетісай ауданының даму қарқыны, өзекті мәселелері ортаға салынды. Бір жылда атқарылған жұмыстар сараланып, өзекті мәселелердің шешу жолдары ұсынылды.
Облыс басшысы жыл қорытындысы бойынша көрсеткіштері нашар салаларды шешуге күш салуды тапсырды. Инфрақұрылымды дамытып, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуді, ағын су тапшылығының алдын алуға барынша назар аударуды және халықпен тығыз байланыста болуды қадап айтты. Халық тығыз орналасқан Жетісай ауданында тың жобалардың жоқтығын сынға алған өңір басшысы аудан әкіміне нақты тапсырмалар жүктеді. Биылғы қуаңшылықтан шығу үшін суды аз қажет ететін егін егуге бет бұруды тапсырды.
«Кабинетте отыра беруге болмайды. Әкімдер халықтың арасында жүру керек. Далаға шығыңдар, елдің мұң-мұқтажын тыңдаңдар. Жұмыссыз жүрген азаматтардың тізімін жасап, күніне бір адамды жұмысқа орналастыруға ықпал етуді алдарыңа мақсат етіп қойыңдар. Биылғы қуаңшылықтан шауаралар зардап шекпеу үшін осы бастан суды аз қажет ететін егін егуге көшуді, суды үнемдейтін технологияларды пайдалануды іске асыру керек», – деді Өмірзақ Шөкеев.
Ал, 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы есеп берген Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек алда тұрған міндеттерді де айтып өтті. Өткен жылы өңірлік өнім 131,1 млрд. теңгені құраған. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 8,2 млрд. теңгені, өңдеу өнеркәсiбiнде өнiм көлемi 5 млрд. теңгені құраған. Инвестиция көлемі 29 млрд. теңгеден асқан. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 15 мыңнан асып, жұмысшылар саны 21 мыңнан асты. Ауыл шаруашылығы саласында 92,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Коммуналдық меншіктегі 241,3 шақырымды құрайтын 121 дана су қашыртқыларын, республикалық меншіктегі 32 ағын су жүйесінің 92,4 шақырымы механикалық тазалаудан өткізілді.