Кентауда кен байыту зауыты салынады

0
658

Өнімді шетелге де экспортауды жоспарлап отыр.


Кентауда кен байыту зауыты салынады

Кентау қаласындағы «Аңсай» кен орнында барит өндіретін зауыт салынады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


GRK Metallinvest LLP компаниясы Кентау қаласындағы «Аңсай» кен орнында барит өндіретін зауыт салмақ. Кен байыту кешенін қайта жандандыруды көздеген компания басшыларымен кездескен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды инвестициялық жобаның қыр-сырымен танысты. Жауапты басшыларға жобаны зерделеуді тапсырды. Кен байыту зауытын салу жобасының бұл саланы дамытуға мүмкіндік беретінің айтқан облыс басшысы кеншілер қаласындағы кәсіби мамандардың тұрақты жұмыспен қамтылуына ден қоюды атап өтті.


Бір кездері Кентау кен өндірумен аты әлемге танылған еді. Кейіннен тұралап қалған кәсіпорындарға отандық және шетелдік инвесторлар қаржы бөліп, түрлі жобаларды жүзеге асырып келеді. Компания Кентаудың Байылдыр ауылындағы «Аңсай» кен орнында кен байыту кешенін салып, ашық тәсілмен барит өндірмек. Осылайша мұнай-газ, химия, лак-бояу, шыны, құрылыс және басқа да салаларға арналған жоғары сапалы барит концентратын өндіруді қолға алмақ. Бұл импортты алмастыруға және жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуға сеп болмақ. Алда өнімді шетелге де экспортауды жоспарлап отыр.


Барит - суда ерімейтін, сульфаттар класының минералы. Инвесторлар 12 млрд теңге көлемінде қаржы салуды жоспарлап отыр. Кәсіпорында жылына 250 мың тонна табиғи барий сульфатын алу көзделген. Өндіріс орнында 350-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Жобаны жүзеге асыру үшін жарық, газ бен теміржол торабымен қамтылуы керек.


Елімізде барит өнімінің негізгі тұтынушылары мұнай газ саласындағы ұлттық компаниялар. Өнім нарықта сұранысқа ие. Бұрынғы кеншілер тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Инфрақұрылым дайын болған жағдйад, өндіріс орны 2024 жылы өз жұмысын бастай алады.


Бұл баритті өңдеу бойынша кеншілер қаласында жүзеге асатын екінші жоба болмақ.